Accessibility links

Тарифті өсіру қызмет сапасына наразылық тудырды


Ас бөлмедегі құбырдан су ағызып тұрған бала. Теміртау, 21 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ас бөлмедегі құбырдан су ағызып тұрған бала. Теміртау, 21 сәуір 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Теміртау тұрғындары жергілікті биліктен коммуналдық қызмет ақысын қымбаттатпауды сұрайды. Коммуналдық кәсіпорындар «шығын көп» деген уәж айтады. Теміртауда жұмыс орындары қысқарып, жалақыны кешіктіру жиілеп кеткеніне наразы жұрт енді тарифтер қымбаттайды деп алаңдаулы.

170 мыңнан аса тұрғыны бар өндірістік қала Теміртауда «жуырда коммуналдық қызметтің барлық түрі қымбаттайды екен» деген хабар жұрттың наразылығына түрткі болды.

Теміртауда тарифтің қымбаттауына қарсы мұндай жаппай әрі табанды наразылық бұрын-соңды болып көрмеген еді. Қалада тіпті тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық саласында тарифтерді негізсіз қымбаттатуға қарсы күресетін қоғамдастық құрылып үлгерді. Азаттық тілшісімен сөйлескен жергілікті белсенділер «жоқтан өзгені үнемдеуден де, жұмыс орындарының қысқарып, жалақыны кем әрі кешіктіріп төлеуден де шаршағандары» айтады.

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ӨМІРЛІК ТӘЖІРИБЕ

Қазіргі кезде Теміртауда жылу тарифінің мөлшері – бір шаршы метрге 75 теңге 39 тиынды құрайды. «Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорны жылу бағасын 101 теңге 18 тиынға дейін өсірмекші. Ал бір адамға суық су бағасы 339 теңгеден 930 теңгеге дейін, канализация – 87 теңгеден 380 теңгеге дейін, электр қуатының бір киловаты 9 теңге 87 тиыннан шамамен 11 теңгеге дейін қымбаттамақ.

Теміртаулық белсенділер тұрғындар жылу бағасы 217 пайызға, су – 196,7 пайызға, канализация – 249,2 пайызға, ал электр қуаты – 62,9 пайызға қымбаттайды деп күтіп отырғанын айтады.

– Тарифтерді бұлай шарықтатуды ешқандай себеп-сылтаумен ақтауға болмайтынына өз басым сенімдімін. Кез келген тауар немесе қызмет бағасының осылай бір сәтте күрт қымбаттап кетуі ел экономикасын соғыс немесе әлдекім қасақана күйретіп жатқанын білдіретінін экономист болмасам да, логикам мен өмірлік тәжірибеме сүйеніп сеземін, - дейді қала тұрғыны Владимир Пурыкин.

Сарапшы Игорь Хомутов (ортада) коммуналдық қызмет бағасын өсіруге арналған қоғамдық тыңдауда сөйлеп тұр. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

Сарапшы Игорь Хомутов (ортада) коммуналдық қызмет бағасын өсіруге арналған қоғамдық тыңдауда сөйлеп тұр. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

Жергілікті белсенділер егер тариф әлгіндей болып қымбаттаса, көп ұзамай ондай бағаны ешкім төлей алмай, жұрт жаппай борышкерге айналады деп есептейді. Олар баға сапаға сәйкес болуы тиіс деген талап айтады.

– Тұтыну нормасын ұлғайтты, ал жылуды азайтып жіберді. Жалпы, осы жылуға қатысты күдігіміз көп. Қалаға жылуды толық бермейді. Жауын суы ағатын канализациялар жұмыс істемейді. Жеке меншік сектордың кейбірінде канализация мүлде жоқ. Құбырдан тоттанған, құм аралас су ағады, - дейді сарапшы Игорь Хомутов.

«АЖАЛ ҚҰШТЫРАТЫН ИНЪЕКЦИЯ»

Теміртау тұрғыны, бұрынғы педагог Мария Костина Азаттық тілшісіне 35 мың теңге (шамамен 190 доллар) зейнетақы алатынын айтады. Телефон, желілік телевидение, газ сияқты өзге қызмет түрлерін қоспағанда, «Оқжетпес» кәсіпорны мен пәтер иелері кооперативіне ол зейнетақысының төрттен бір бөлігін төлейді екен. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты өзге қажетіме ақша жетпей қалады дейді зейнеткер.

Пәтердегі құбырдағы ыстық судың түсі осындай. 21 мамыр 2015 жыл.

Пәтердегі құбырдағы ыстық судың түсі осындай. 21 мамыр 2015 жыл.

– «Оқжетпес» суық судың айырмасын бүкіл үйге бөліп тастайды да, ақшаны артығымен төлеп отырмыз. Бұрын мұндай шаруаға қырсыздық жоқ еді. Германияда тұратын құрбым бірде «Жағдайың қалай?» деп сұрады. Мен «жаман, құбырдан зәр сияқты су ағады» деп жауап бердім. Ол «сонда, зәр сияқты жып-жылы ма, не?» деп сұрайды. Мен «жоқ, зәр сияқты сап-сары» деп едім, ол қатты таң қалды. Ал біздің қалада бұл қалыпты жайтқа айналған, - дейді Мария Костина.

Теміртаулық тағы бір тұрғын Людмила Драницына тарифтердің қымбаттауы шенеуніктерге шыбын шаққанмен, ал халықтың көп бөлігі, әсіресе зейнеткерлер үшін «ажал құштыратын иньекциямен» бірдей екенін айтады.

– Қалада жұрттың жалақысын әлі күнге дейін уақытында бермейді немесе кешіктіріп береді. Комбинат мердігерлерінің көбі төрт айдан бері жалақы алмаған. Антимонополиялық комитетті бағаны бұлай шарықтатудың заңдылығын тексеріп, халықтың көбіне ауыр тиетінін ескеруге шақырамын. Олар тарифті қымбаттату туралы шешімін тым-тырыс қабылдай салмай, теміртаулық тәжірибелі мамандармен кеңесіп барып қабылдасын, - дейді Людмила Драницына.

«ШЫҒЫНЫМЫЗ КӨП»

«Оқжетпес» басшылары «кәсіпорын шығынға батып отыр» дейді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша, өтініш беру сәтінде шығын көлемі бір миллион 705 мың теңге (шамамен 9200 доллар) болған. Коммуналдық кәсіпорын басшылары реттелетін қызмет түрлері бойынша бекітілген тарифтер кеткен шығынды жаппайтынын алға тартады. Кәсіпорын басшылығы жұртқа «ең көп шығын қайта сату үшін алатын энергияны сатып алуға жұмсалады» деген уәж айтады.

«Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорыны өкілдері мен Қарағанды облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті шенеуніктері тұрғындармен кездесуде отыр. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

«Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорыны өкілдері мен Қарағанды облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті шенеуніктері тұрғындармен кездесуде отыр. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

– Тарифтерді жобаланған деңгейде бекіту кәсіпорынның қаржы жағдайын жақсартуға, нормадан тыс шығындарды жоюға, нормативті-техникалық шығындарды азайтуға, сатылатын қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берер еді, - дейді «Оқжетпес» кәсіпорнының коммерциялық директоры Серік Ахметов.

Белсенділер мен Теміртаудың байырғы тұрғындары қаладағы негізгі коммуналдық кәсіпорыннан бар кінәні тұтынушыларға, ауа-райы мен құбырларға артуды доғарып, істі өз жауапкершілігін арттырудан бастауды талап етіп отыр. Халық өкілдері кәсіпорын көбінесе шаруаға қырсыздығынан шығынға батып отыр деп санайды.

– Жердің асты мен қала үстіндегі ауаны жылытпай, тұтынушыларға жылуды дұрыстап жеткізуді талап етеміз. Коммуналдық қызмет орындары тұңғыш президентіміздің қаласын жалбыр-жұлбыр құбырлар қаласына айналдырып жіберді, - дейді Людмила Драницына.

Қарапайым екі бөлмелі пәтерде тұратын үш адамдық отбасы коммуналдық қызмет үшін қазір айына 10 мың теңгеге жуық (шамамен 54 доллар) ақша төлейді. 47,5 шаршы метрлік пәтердің жылу ақысы – үш жарым мың теңгені құрайды. Жаңа тариф бекітілсе, бұдан екі есе көп төлеуге тура келеді.

БИЛІКТІҢ УӘДЕСІ

Қарағанды облыстық табиғи монополияны реттеу департаменті (ДРЕМ) директоры Асхат Жапсарбай тұрғындар көтерген мәселелерді «өзге аймақ тұрғындарынан көп естімеген» өзекті мәселелер деп атады.

– Тұтынушыға да, табиғи монополия субъектісіне де ұнайтын шешімді қайтсек те табамыз. Біздің мемлекеттік органның негізгі міндеті – балансты сақтау. Тұтқындардың әлеуметтік жағдайы мен табиғи монополия субъектісінің техникалық ахуалы мені қатты алаңдатады. Егер тарифті өсірсек, қызмет сапасы да жақсаруы тиіс. Сондықтан қызмет сапасына бірінші кезекте көңіл бөлеміз, - дейді департамент директоры Асхат Жапсарбай.

Коммуналдық қызмет бағасын өсіруге арналған қоғамдық тыңдауға қатысып отырған тұрғындар. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

Коммуналдық қызмет бағасын өсіруге арналған қоғамдық тыңдауға қатысып отырған тұрғындар. Теміртау, 19 мамыр 2015 жыл.

Шенеунік коммуналдық кәсіпорынның нормадан тыс шығындары тарифті өсіруге себеп бола алмайды деп санайды.

– Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес, нормадан тыс шығындар болмауы тиіс. Сондықтан оларды тарифке енгізбейміз. Ұрлық жасайтындарды қатаң жауапкершілікке тартып, дәндеп алғандарға үлкен айыппұлдар салу керек. Ал коммуналдық қызметін төлемеген борышкер проблемасын шешу үшін мемлекеттік орган ретінде сот орындаушыларын қолдауға әзірміз, - дейді Асхат Жапсарбай.

Билік тарапынан «Оқжетпес» коммуналдық кәсіпорын басшылығына проблемалардың қыр-сырын жақсы білетін әрі шешу жолдарын айта алатын теміртаулық мамандардың «әлеуетін пайдалану» туралы кеңес берілді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG