Accessibility links

«Жасыл ел» қатарына қалаған жастың бәрін ала бермейді


«Жасыл ел» тобында көше тазалау жұмыстарын істеп жүрген жастар. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.

«Жасыл ел» тобында көше тазалау жұмыстарын істеп жүрген жастар. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.

Мектеп оқушылары мен студенттерге «Жасыл ел» еңбек тобында көше тазалап ақша табуға мүмкіндік бар. Елде он жылдай бұрын енгізілген бағдарлама Теміртауда алғаш рет іске қосылды.

ЖАСТАРДЫҢ ЕҢБЕК МАУСЫМЫ

Теміртау қаласының тұрғыны 16 жастағы Никита Борисенко биыл маусым айында «Жасыл ел» жастар бағдарламасы бойынша жұмыс істеді. Осы бағдарламамен орналасқан өзге балалар сияқты ол да қаланы көріктендіру жұмыстарымен айналысты: көшені қоқыстан тазартты, шөп орды, ағаштардың түбін, бордюрлерді әктеді.

Жұмыс істеу оған ұнады, бұл оның алғашқы тәжірибесі еді. Тек жеке карточкасына жалақысының түгел аударылмағанына наразы.

– Ұлым күнделікті ұсақ-түйегіне жұмсайтын табыс тапқысы келген еді. Ол жарты ай жұмыс істеді. Соған алғаны – жұмыс беруші аударған тоғыз мыңдай теңге. Жалақының ендігі бөлігін республикалық бюджеттен аударулары тиіс болатын, бірақ ақша әлі түскен жоқ, неге созып жатқандары белгісіз. Ол тағы жұмыс істегісі келеді, бір рет жұмыс істеген адамды бірақ екінші қайтара алмайды, жаңадан жинақтайды екен, – дейді Азаттыққа Никитаның анасы.

«Жасыл ел» бағдарламасына қатысушы, колледж оқушысы Кристина Хохлова. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.

«Жасыл ел» бағдарламасына қатысушы, колледж оқушысы Кристина Хохлова. Теміртау, 21 шілде 2014 жыл.

18 жастағы Кристина Хохлова еңбек тобы қатарына жастарды жинап жатқанын естіп, құжаттарын жинап, өтінішін жазған. Бойжеткен түрлі жұмыстарды атқаратындығына қысылған жоқ. Есесіне бұл – оның келісімшарт жасасып, зейнет жарналары аударылатын алғашқы ресми жалақысы. Теміртау техникалық колледжінің студенті, «кең профильді токарь-станокшы» мамандығына оқып жатқан Кристина 13 мың теңге стипендия алады және 11 жасынан жұмыс істеп келеді. Табыс табуды газды су сатудан бастап, содан соң көлік жуушы, кафеде даяшы болды.

– Маған жұмыс шарттары мен жалақысы ұнайды. Кемшілігі – көшеде жұмыс жасайтының, ал бұл ай өте ыстық. Орақтар да өтпейді – шөпті ору қиын, жиі қайрауға тура келеді. Бізді тамақтандыруға уәде еткен еді, бірақ олай болмай шықты. Есесіне жұмыс орнына көлікпен алып келіп, алып қайтады, – дейді «Жасыл ел» жастар бағдарламасына қатысушы Кристина Хохлова Азаттыққа.

Теміртау техникалық колледжінің студенттері Абзал Жақсылықов пен Арман Жабаев жұмыс берушінің бұларды ауыр жұмысқа жегіп жатпағанын айтады. «30 мың теңге үшін (160 доллар шамасында) көше сыпырушы болып істеудің ұяттығы жоқ» дейді олар. Бозбалалар күнделікті қалта шығындарын таппақ болып шешкен екен. Орақ пен сыпырғыш ұстағандардың арасында ата-анасына қаражатпен көмек қылғысы келгендер де бар.

КӨШЕ ТАЗАЛАУҒА – 30 МЫҢ ТЕҢГЕ

«Жасыл ел» жастар еңбек отрядтары бағдарламасы елдің барлық облыстарында он жылға жуық уақыттан бері жұмыс істейді. Бұл бағдарлама студенттер мен мектеп оқушыларына жаз мезгілінде жұмысқа тұруға мүмкіндік жасайды. Ереже бойынша, кәмелетке толмағандар үшін жұмыс күні – алты сағат, тағы бір сағат түскі тамақ үшін беріледі.

– Бағдарлама 16 мен 29 жас аралығындағы жастарды, колледж студенттері мен жоғары сынып оқушыларын еңбекке тартуға бағытталған. Қазір көбінесе 17-19 жастағы колледж студенттері жұмыс істеп жатыр, – деді Азаттыққа «Теміртау қаласы жастарымен жұмыс жөніндегі орталық» мемлекеттік мекемесінің директоры Айнагүл Әбдірахманова.

«Жасыл ел» жастар бағдарламасына қатысушыларға жұмыс орындарын ұсынып отырған «Шарапат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Теміртау қаласын көркейтумен, жолдарды тазалаумен айналысады.

Жұмысшы жастармен кездесуде отырған колледж студенттері. Теміртау, 6 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Жұмысшы жастармен кездесуде отырған колледж студенттері. Теміртау, 6 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

– Жастар жақсы жұмыс атқарады, жауапты және тату. Оларды қузау қажет болған емес, бірақ бақылау жасаймыз, – дейді «Шарапаттың» жол жұмыстары шебері Бауыржан Қойбағаров.

19 мыңнан астам теңгені жұмыс беруші жергілікті бюджеттен және 15 мыңнан сәл артық соманы республикалық бюджеттен төлейді. Жігіттер мен қыздар қолдарына 30 мыңдай теңге алады. Қазір түрлі жұмыс атқаратын жастар бригадасын тамыз айындағы жұмысқа жинап жатыр.

Теміртауда колледждерде бес мыңнан астам студент, университеттерде бірнеше мың студент пен орта мектептердің жоғары сынып оқушылары бар. Бірақ «Жасыл ел» отрядтарына жаздың әр айына он жұмысшыдан, небары 30 адам ғана алады.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG