Accessibility links

Теміртау мен Жаңаөзен қалаларында қызылша екпесі салынған ондаған жасөспірім ауруханаға түскен соң ағзада жасанды иммунитет қалыптастыру науқаны уақытша тоқтатылды. Ал вакцинаны сараптамадан өткізуге жіберді.

Қазақстанның екі қаласында қызылшаға қарсы екпе салынған жасөспірімдер дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, жүрегі айнып, аяқ-қолы ұйығанын айтып дәрігер көмегіне жүгінген. Теміртау қаласында медициналық колледждің 18 студенті, Жаңаөзенде 15-19 жас аралығындағы 10-нан аса адам ауруханаға түскен.

Қызылша екпесінен кейін ауруханаға түскен балалардың ата-аналары ескертусіз екпе салуға наразы болып, дәрігерлердің түсінік беруін талап етті.

– Баламызға қызылшаға қарсы екпе салатындарын бізге алдын ала неге ескертпегендері түсініксіз. Бұл екпені кейбір адамның ағзасы қабылдамауы мүмкін ғой. Мысалы, менің қызымның аллергиясы бар. Аллергиясы болған соң ағзасы мына екпені қабылдамай, реакция берген. Мұны алдын ала ескеру керек еді. Мүмкін, вакцинаны сақтау ережелері бұзылған шығар. Тиісті органдар мән-жайды тексерсін, кінәлі адамдар жауапқа тартылсын, – дейді Теміртау медициналық колледжіндегі екпеден кейін ауруханаға түскен студент қыздардың бірінің анасы.

Теміртаулық студенттер. (Көрнекі сурет)

Теміртаулық студенттер. (Көрнекі сурет)

Теміртау қаласында бір топ ата-ана кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап етіп, прокуратураға ұжымдық арыз жазған. Қала прокуратурасы қызметкерлері Азаттық тілшісіне қызылшаға екпесі салынған балаларды ауруханаға жатқызғаннан кейін «Медицина немесе фармацевтика саласы қызметкерінің кәсіби міндеттерін дұрыс орындамауы» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– Ұжымдық арызға 15-тей адам қол қойған. Қазір жүргізіліп жатқан тергеу алды жұмыстарының қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Істі тексеруге заң бойынша екі ай уақыт беріледі, – деді қалалық прокуратура қызметкерлері Азаттық тілшісіне.

«АҒЗАНЫҢ СЕЗІМТАЛДЫҒЫ»

Қазақстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ақпаратына қарағанда, қызылшаға қарсы екпеден кейін соңғы күндері дәрігерлік көмекке 100 шақты адам жүгінген. Ведомство мамандары «бұл көрсеткіш екпе жасалған жалпы адам санының небәрі 0,03 пайызын құрайды әрі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандарттарында белгіленген межеден аспайды» дейді. Министрлік хабарламасына қарағанда, қызылшаға қарсы екпе жасалғандардың жағдайы «ағзаның екпеге сезімталдығына байланысты» нашарлаған.

Екпе салғызып отырған бала. (Көрнекі сурет)

Екпе салғызып отырған бала. (Көрнекі сурет)

Бірақ ұлттық экономика министрлігі қызылшаға қарсы екпе салуды наурыздың 2-сіне дейін тоқтатуды ұйғарды. Теміртау және Жаңаөзен қалаларында «иммунизацияның жайсыз салдарлары» тіркелген соң Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин осындай қаулы шығарған. Шенеуніктер тексеру жұмыстары мен вакцинаны сараптамадан өткізуді наурыз айының басына қарай аяқтауды жоспарлайды. Ұлттық экономика министрлігі Теміртау мен Жаңаөзенде егілген вакцина «Үндістанда жасалғанын әрі былтыр әлемнің 45 елінде қолданылғанын» да хабарлады.

Шенеуніктердің айтуынша, жағдайды тексеру үшін Қарағанды және Маңғыстау облыстарында денсаулық сақтау басқармалары жанынан жұмыс комиссиялары құрылған.

«ҚЫЗЫЛШАМЕН АУЫРҒАНДАР 4,4 ЕСЕ КӨБЕЙГЕН»

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы мамандары Азаттық тілшісіне қызылшаға қарсы егу жұмыстары наурыздың 2-сіне дейін шынымен тоқтатылғанын растады. Басқарма мамандарының мәлімдеуінше, «әлгі оқиғадан кейін ешкімге екпе жасалған жоқ».

Қазақстанның бас невропатологы «балалардың жетегіне неге ересіңдер» деп бізге қатты ұрысты.

– Әдетте екпе жасалғаннан кейін мұндай реакциялар болуы мүмкін екенін білеміз. Өйткені ағзаға тірі вакцинаның әлсіз түрі енгізіледі ғой. Қазақстанның бас невропатологы келіп, «балалардың жетегіне неге ересіңдер» деп бізге қатты ұрысты. Ауруханада жатқан балаларды қарап шықты. Қыздардың дені сап-сау, бұл – жай психосоматика. Кейбір ағзаның анамнез ерекшеліктеріне, фондық сырқаттарына байланысты реакциялар болуы мүмкін. Қыздарға екпені кейін жүкті болған кезінде ауырмасын деп салып жатырмыз. Жүкті әйел қызылшамен ауырса, бала 100 пайыз кемтар болып туады, – деді Қарағанды облысының бас педиатры Наталья Дүйсембаева Азаттық тілшісіне.

Облыс бас педиатрының айтуынша, қазір Қарағандыдағы инфекциялық аурухананың қарқынды емдік шаралар палатасында қызылшамен ауырып, дерті асқынып кеткен екі бойжеткен жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олар кезінде екпе салдырмағандықтан қызылша жұқтырған.

Денсаулық сақтау саласы шенеуніктері «2014 жылы Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны 2013 жылмен салыстырғанда 4,4 есе көбейіп кеткендіктен 15-19 жас аралығындағы адамдарға екпе салу қажет» деп санайды. Сондықтан ақпан айында 1 миллион 800 мың адамды қамтуды жоспарлаған қосымша иммунизация науқаны басталған.

Дәрігерлер «екпе - қатерлі асқынуларға ұласуы мүмкін қызылша дертінің алдын алудың жалғыз амалы» деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG