Accessibility links

Дәстүрлі музыка онкүндігі туралы идея пікірталас тудырды


Қазақстан Достық үйінің өкілі Лео Шик қазақтың халық әндері жазылған аудио-дискіні "Пицца Блюз" фирмасының директоры Александр Афонинге тапсырып тұр. Өскемен, 10 қаңтар 2013 жыл. Фото облыстық мәдениет басқармасынан алынды.

Қазақстан Достық үйінің өкілі Лео Шик қазақтың халық әндері жазылған аудио-дискіні "Пицца Блюз" фирмасының директоры Александр Афонинге тапсырып тұр. Өскемен, 10 қаңтар 2013 жыл. Фото облыстық мәдениет басқармасынан алынды.

Өскеменде дәстүрлі музыка онкүндігі жарияланды. Ірі сауда орталықтары мен тамақтандыру орындарының басшыларына қазақтың дәстүрлі және қазіргі әндері жазылған аудиодискілер таратылды.

Өскемен қалалық мәдениет басқармасының қызметкері Бейбіт Әскерханов Азаттық тілшісіне өзі істейтін мекеме бастамашы болған акция алдағы уақытта да жалғасатынын айтты. Шенеуніктер кейін орыс, татар ұлтының және Шығыс Қазақстан облысында тұратын барлық халықтардың музыкасы жазылған дискілердің тұсаукесерін өткізбек.

Шенеуніктер іріктеген музыка жазылған дискілер мейрамхана, бар, кофеханалар мен ірі сауда орталықтарының қожайындарына таратылды. Акцияның мақсаты – өскемендіктер мен қала қонақтарын қазақ халқының ұлттық музыкасымен жақынырақ таныстыру, Шығыс Қазақстан өңірі туралы музыкалық шығармаларды кеңінен насихаттау.

– Әлгі орындарды екі-үш күнде бір аралап шығамыз. Кейін ең белсенді насихатшылар мәдениет басқармасының мақтау қағаздары мен естелік-сыйлықтарымен марапатталады. Әрине, олардың бастамасын моральдық тұрғыдан да жан-жақты қолдаймыз, – дейді Бейбіт Әскерханов.

АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Өскемен қаласында «Пицца Блюз» фирмасы» компаниясының филиалдары көп. Оның басшысы Александр Афонин де қазақтың халық әндері мен қазіргі композициялары жазылған аудиодиск алыпты.

Компанияның маркетологы Марина Савченконың айтуынша, шығармалары бұл дискіге енген композиторлар мен ақындардың авторлық құқығы туралы мәселе шешілмегендіктен, компания басшылығы акцияны ұйымдастырушыларға әзірше келісім бермеген. «Авторлық құқықтарды орындау жөніндегі жоспарланбаған шығындарды кім өтейді?» деген Марина Савченко өзінің дүдәмалын жасырмады.
Қазақ әншісі. 13 қаңтар 2010 жыл.

Қазақ әншісі. 13 қаңтар 2010 жыл.


– «Пицца Блюз» сияқты мейрамхана немесе кез-келген сауда орталығы халық музыкасын насихаттау үшін лайықты орын деп ойламаймын. Өйткені мұндай орындарда шығарманың шығу тарихы мен автордың кім екенін айта алмайсың ғой. Насихаттау акциясы дегеніміз халықтың сауатын ашу емес пе? – дейді Марина Савченко.

Азаттық сұхбат берген тұрғындардың бірі бұл акция жайлы хабарды қала әкімінің интернет-ресурсы мен yk.kz сайтынан ғана оқығанын айтты.

– Қала тұрғындарын жан-жақты хабардар ету үшін бұл жеткіліксіз ғой, – дейді.

ӨСКЕМЕНДІКТЕРДІҢ ОЙЫ

Yk.kz интернет-сайты оқырмандарының арасында қызу пікірталас жүріп жатыр. Сайттың «Патриот» есімді қолданушысы «Иә, бұл - расында да өте жақсы акция. Жұрттың қазақ әндері туралы танымы кеңейіп, оларды көбірек тыңдайтын болады. Мұндай акцияларды жиірек өткізіңдер» деп жазады.

Өзін «Иваныч» деп атаған адам «Басқа халықтардың дәстүрлі әндері де бола ма? Егер болса, бұл – құптарлық іс» деп, қазірдің өзінде шарт қойып жатыр.

Бұл шаруадан бірдеңе шығатынына үлкен күмәнмен қарайтын «Марс» есімді оқырман: «Құлаққаппен (наушник) естісең, қарапайым ән мен музыка. Ал белгілі бір форматтағы музыканы талғамы әр түрлі адамдарға күшпен таңуды түсінбеймін» деп жазады.

Өзін «Добрая фея» деп атаған оқырман акция туралы «...Кез-келген музыка ойнаған сәтте өзіндік атмосфера тудырады, музыканы мекеменің ұстанған бағыт-бағдарына қарай іріктейді емес пе. Он күн бойы бір музыканы ойната берудің мәнісі не?!» дейді.

«Еремей» деген оқыман: «Түймедейді түйедей ететін осы жұртты-ай! Оларды ешкім күні-түні дәстүрлі музыканы қойыңдар деп мәжбүрлеп жатқан жоқ қой! Бар болғаны, ой тастап, дискілер таратып берді. Бұл дискілерді не істеу керек екені енді ойын-сауық, сауда орындары басшыларының шаруасы емес пе? Әлгі дискіні қаласа қойсын, қаламаса қоймасын» деп, «Добрая феяны» сабырға шақырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG