Accessibility links

Юань девальвациясы және қазақ теңгесі


Валюта айырбастау пункті жанында жүрген адамдар. Алматы. 14 тамыз 2015 жыл.
Валюта айырбастау пункті жанында жүрген адамдар. Алматы. 14 тамыз 2015 жыл.

Осы аптада Қытай ұлттық валютасының соңғы 20 жыл ішіндегі ең үлкен девальвациясын жасады. Азаттық кейбір экономистерден юаньның құнсыздануының Қазақстан экономикасына әсерін сұрады.

Тамыздың 11-і күні Қытайдың халық банкі юаньнің АҚШ долларына шаққандағы бағамын 1,9 пайызға арзандатты. Келесі күні Ресейде доллар мен еуро қымбаттады. Биржалық сарапшылар Ресей валютасының құлдырауын мұнай бағасының арзандауы және Қытай халық банкінің юаньды девальвациялау шешімімен байланыстырады.

Азаттық кейбір қазақстандық сарапшыларға «Қытай юаны әлсіреуі Қазақстан экономикасы мен теңге бағамына қалай әсер етеді?» деген сұрақ қойды.

Пётр Своик, экономист.
Пётр Своик, экономист.

Ораз Жандосов, «Ракурс» экономикалық талдау орталығы директоры: Юаньның әлсіреуі Қазақстан экономикасына да, теңге курсына да ешқандай әсер етпейді. Қай позиция жағынан алсақ та, біз Қытайға бәсекелес бола алмаймыз.

Пётр Своик, экономист: Әлемде мұнай бағасы арзандай бастайды. Қазақстан экономикасы бұдан да көп тоқырайды. Қазақстан шығынын көбейтуге мәжбүр болады, ал Қазақстанның төлем балансы тіпті нашарлай түседі. Меніңше, юаньның әлсіреуі - Қытайдың экономикалық емес, саяси шешімі.

Меруерт Махмутова, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры: Девальвация – Қытайдың экспорт позицияларын жақсартуға тырысқан амалы. Бұл – экономика өсімінің баяулауымен күресу әдістерінің бірі. Бұлар – әлемнің ең ірі экономикалары арасындағы тартыс.

Ал біз үшін Қытай - минералды ресурстарымызды тұтынушы ретінде маңызды. Қытай экономикасы өсімінің баяулауы біздің шикізатқа деген сұраныстың азаюына ұласады. Ресей рублінің құлдырауы, мұнай бағасының арзандауы, Қытай экономикасы өсімінің баяулауы және юань бағамының түсуі теңге курсына әсер етеді.

Экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова.
Экономика сарапшысы Меруерт Махмұтова.

Мұның бәрін ескерсек, Қазақстанды қиын заман күтіп тұр, экономика өсімі баяулап, экспорт пен импорт көлемі азаяды, сондықтан жағдай мәз емес. Девальвация салқыны былтыр күзде Ресей рублі құлдыраған кезде сезілген. Қазір елдің алтын-валюта қорын оңды-солды аямай жұмсап жатырмыз. Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес.

Сәбит Хакімжанов, HalykFinance зерттеу департаменті директоры: Қазір онсыз да рубльге шаққандағы теңге бағамы шамамен 25 пайызға асыра бағаланып отыр. Девальвация болуы мүмкін, бірақ бізде теңге бағамын біртіндеп түсіру сценарийі бар. Қатаң бақылауда ұстау арқылы таяу екі-үш жыл ішінде теңге жылына шамамен алты пайызға арзандайды. Бұл - біз үшін негізгі сценарий. Бізде девальвация жүргізу қарастырылған жанама сценарийде бар. Меніңше, юаньның құнсыздануы - бүкіл проблеманың басы ғана, өйткені Қытайдың жағдайы мәз емес. Қытаймен бәсекелесуге қауқарсыз екеніміз баяғыдан белгілі. Біз үшін екі пайыздың мәні жоқ, ал олар үшін екі пайыз өте үлкен рөл ойнайды. Рубльге шаққандағы проблемаларымыз 25 пайыз, сондықтан бізді екі пайыз құтқара алмайды.

XS
SM
MD
LG