Accessibility links

Теңгенің 2015 жылғы девальвациясы


Доллар мен теңге. (Көрнекі сурет)
Доллар мен теңге. (Көрнекі сурет)

Жыл басында теңге құнсызданбайтынына бірнеше рет сендірген билік жыл соңында «сыртқы әсерлер күшейіп кеткенін» мойындады. Ал сарапшылар мұны «мұнайға сенген үкіметтен» көреді.

2014 жылы күзде Ресей рублі құнсызданғанда теңге де девальвацияланады деп күткен тұрғындардың кейбірі Қазақстан билігінің «теңге құнсызданбайды» деген уәдесіне сенсе, кейбірі қаржысын долларға айырбастап, өз қамын күйттеуге көшкен. Сондықтан табысын теңгемен тапса да, АҚШ долларымен есептейтін қарапайым азаматтар 2015 жылы доллар бағасының күрт көтерілуін әрқилы қабылдады.

СЕНДІРУ МЕН ЖҰБАТУ

Қазақстан билігі мен қаржы саласы басшылары теңгенің девальвацияға ұрынбасына халықты былтырдан бері сендіруге тырысып баққан. 2014 жылдың күзінде ұлттық банк кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Ресей рублі құнсызданса да теңге кем дегенде екі айға дейін бәз-баяғыша қала беретінін айтып, 3 миллион теңгесін бәске тіккен. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 2015 жылы ақпанның 15-сінде қаржы нарығында өзгеріс болмайтынын айтып, «ауызбен орақ оратындарға емес, ресми тұлғалардың сөзіне сену керек» деген.

Бірақ биліктің ұстанымына күдікпен қараушылар «теңге девальвациясын тоқтата тұрудың себебі – сәуірдің соңына өтететін президент сайлауы» деп топшылаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

2015 жылы сәуірдің 26-сында өткен Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаев «Сайлаудан кейін де күрт девальвация болмайды. Қазақстандықтар менің кім екенімді біледі, егер ондай белгі болса қалай сақтанып, қорғануды да өзім айтамын» деген.

Рублі еселеп құнсызданған Ресейден 2014 жылдың күзінен бастап тұтыныс тауарлары мен автокөлік сатып алып, кеден бекетінде кезекке тұрған Қазақстан азаматтары «арзаншылық» келгендей сезінген сәттері де болды. Ресейлік арзан тауар бәсекесінен қауіптенген кәсіпкерлер теңгені девальвациялау жөнінде билікке бірнеше рет ұсыныс жасаған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлердің шағымына 2015 жылы шілденің 1-інде: «Ресей рублі сәл-пәл «қимылдап» еді, сатып алушылардың бәрі сонда кетті. Азаматтарымыз арзан тауар сатып алғаны қандай жақсы, оған неге қарсы болуым керек?» деп жауап берді.

Валюта бағамы жазылған табло жанында телефонмен сөйлесіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Валюта бағамы жазылған табло жанында телефонмен сөйлесіп бара жатқан адам. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

«Теңге девальвацияға ұрынбай қоймайды» деп есептеушілер енді билік шілденің 6-сына дейін (Астана күні және президент Назарбаев 75 жасқа толған күн) теңге бағамын ұстап тұрар деп болжаған.

Астана күні мейрамынан кейін бір жарым айдай уақыт өте – тамыздың 19-ы күні Қазақстанда 1 АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы 189 теңгеден 198 теңгеге көтерілді. Сол күннің ертеңінде Қазақстан үкіметі ұлттық валюта бағамын еркіне жіберетінін мәлімдеген соң теңге шамамен 30 пайызға құнсызданып, ақша айырбастайтын орындарда 1 АҚШ долларының бағасы орташа есеппен 255 теңгеге дейін қымбаттады.

Президент Назарбаев бұл девальвацияны: «Биылдың өзінде 10 миллиард долларды жағып жібердік. Былтырғымен қосқанда 28 миллиард болды. Не үшін деген сұрақ туады. Өйткені курсты ұстап тұрдық» деп түсіндірді.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов.
Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов.

Президент Назарбаев 2015 жылы қарашаның 2-cінде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовті «банк пен ұлттық валютаға сенім азайғаны» үшін қызметінен босатып, оның орнына Данияр Ақышевті тағайындады. Бірақ бұдан кейін де теңгенің құнсыздануы тоқтамай, желтоқсан айының ортасында 1 АҚШ долларының бағамы 350 теңгеге дейін жетті.

Теңгенің тұрақтылығын дәріптеп келген ресми ақпарат құралдары мен билік девальвацияның «амалсыздан, алайда дер кезінде жасалғанын» мәлімдеп, оған «мұнай бағасының арзандауы, Ресей валютасының құнсыздануы және әлемдегі экономикалық дағдарыстар» әсер еткенін айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның ортасында берген сұхбатында теңгенің құнсызданып, бюджет түсімінің азаюын Ресей саясатымен де байланыстырған. Ол «Қазақстан экономикасына Ресейдің Батыспен арадағы қайшылығы және Түркиямен шиеленісі қатты тиіп отырғанын», «Ресейдегі девальвация болмаса, Қазақстанның экономикасы қазіргіден әлдеқайда жақсы боларын» айтты.

«МҰНАЙ МЕН РУБЛЬГЕ ТӘУЕЛДІ ТЕҢГЕ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылардың кейбірі «теңгені ұзақ уақыт бойы құнсыздандырмай ұстап тұруға Қазақстан билігінің саяси жігері жеткенімен, экономикасы төтеп бере алмады» деп санайды.

Теңгенің тағдыры. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы.
Теңгенің тағдыры. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы.

Парламент мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Тұрсынбек Өмірзақов «Қазақстан бюджетінің 75 пайызы мұнай сатудан түскен қаржыдан құралатынын» айтып, теңгенің құнсыздануын ел экономикасының ахуалымен байланыстырады.

- Экономиканы диверсификациялау туралы жылдар бойы айтылып келсе де, нәтиже шамалы. Үкімет жаңадан бағдарлама қабылдаған кезде бұрынғысын ұмытады. Мәселен, ұлттық кластерлерді дамыту мәселесі қазір айтылмайтын болды. Үдемелі-индустриалды даму бағдарламасының екінші бесжылдығына көштік дейміз, бірақ бірінші бесжылдықтың қалай аяқталғанын білмейміз. Бұл бағдарлама бойынша ашылып жатқан санаулы кәсіпорындар аздық етеді, – дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Мәжіліс депутатының сөзінше, «Қазақстан экономикасының артықшылықтарын көбірек дамытпай ваютасын тұрақты ұстай алмайды – ол үшін үкімет өзгеруі керек».

Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.
Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов.

​Экономист Рахман Алшанов та теңгені көпке дейін миллиардтаған доллардың күшімен девальвацияға ұшыратпай ұстап тұрғанын билікті «өз жұмысын мұнай бағасымен жауып келді» деп сынайды.

- Үкімет оңай ақшаға үйреніп алды. Ол заман енді келмейді. Мұнайсыз елдер де өмір сүріп отыр, соның қамын жасау керек, – дейді ол.

Таяуда баспасөз мәслихатын өткізген ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «теңге бұрынғыша мұнай мен рубль өзгерісіне тәуелді болып қала беретінін» мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG