Accessibility links

Теңгенің бір жылда «жеткен жері»


Валюта айырбастау пункті жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 17 қыркүйек 2015 жыл.

Валюта айырбастау пункті жанынан өтіп бара жатқан әйел. Астана, 17 қыркүйек 2015 жыл.

Экономист Меруерт Махмутова теңге бағамын «еркіне» жіберу туралы бір жыл бұрын қабылданған шешімді «кешікті» деп санайды. Сарапшы биліктің дер кезінде әрекет етпеуі кесірінен Қазақстан экономикасында «қайта қалпына келмейтін өзгерістер» болды деп санайды.

Бір жыл бұрын Қазақстан билігі валюта дәлізін реттеуден бас тартып, теңге бағамын «еркіне» жіберді. Теңге 12 айда долларға шаққандағы құнын 80 пайызға жоғалтты. Қазақстан валютасы құнсыздануынан кім ұтып, кім ұтылды? Девальвациядан кейін кедейлікті азайту прогресі неге кідіріп қалды? Азаттық қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры Меруерт Махмутоваға осы және өзге сұрақтарды қойды.

ТЕҢГЕ БАҒАМЫ ЖӘНЕ САЯСАТ

Азаттық: - Бір жыл бұрын Қазақстанның ұлттық банкі «инфляциялық таргеттеу» саясатына көшуді жариялап, теңге бағамын «еркіне» жіберді. Ұлттық банктің қазір жүргізіп отырған саясатын шынымен «инфляциялық таргеттеу» деуге бола ма?

Меруерт Махмұтова: - Инфляциялық таргеттеу саясатына [былтырғы] тамызда көшеміз деп мәлімдегенімен, іс жүзінде қарашада көштік. Теңге бағамының құбылу деңгейін (әр кезеңде әр қилы дәрежеде) қарашадан бері бақылап келеміз. Бұдан теңге мұнай бағасы емес, Ресей рубліне ілесіп құбылып келе жатқаны сияқты бір трендтер байқалады. Бірақ қазір бұрынғыдай кесімді бағам жоқ. Меніңше, ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуге енді тырысып жатыр.

Экономист, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры Меруерт Махмұтова.

Экономист, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығы директоры Меруерт Махмұтова.

Азаттық: - Ал бұл саясатқа көшу дер кезінде жүрді ме әрі тиімді болды ма?

Меруерт Махмұтова: - Әрине, дер кезінде көшкен жоқ. Ресей рублі құлдыраған 2014 жылдың желтоқсанында ұлттық банк «мұның Қазақстанға қатысы жоқ» деп мәлімдеп, теңге бағамын ұстап отырды. 2015 жылдың тамызына дейін ұлттық банк алтын-валюта қорындағы миллиардтаған долларды бағам деңгейін ұстап тұруға жұмсады. Қазақстан президенті «28 миллиард доллар жұмсадық» деп мәлімдеген болатын, ал ұлттық қор дерегіне қарасақ, бұдан сәл аз. Шын мәнінде, билік Ресей экономикасына көмектесті. Бұл кезеңде халық пен бизнес қазақстандық өнімнен бағасы арзанырақ ресейлік тауарлар мен қызмет түрлеріне ақша құйды. Бизнес бәсекелестік артықшылықтарынан айырылды, сондықтан меніңше, осы кезде Қазақстан экономикасында қайта қалпына келмейтін өзгерістер болды.

Азаттық: - Бағамды неліктен нарықтағы тенденцияларды елемей ұстап отырды деп ойлайсыз?

Меруерт Махмұтова: - Меніңше, саяси фактор ықпал етті. 2014 жылдың күзінде мен «жағдай 1998-1999 жылдарды еске салады» деп ескерткенмін. 1998 жылдың тамызында Ресей рублі құлдырап, Оңтүстік-Шығыс Азияда дағдарыс болды, Ресей экономикасын өзіне тән қарабайыр дағдарыс жайлады. Бірақ теңге бағамын резервтерді жұмсап, көктемге дейін ұстап отырды. 1990-жылдардың аяғында теңге бағамын ұстап тұруға миллиардтаған доллар кетті. Ол кезде де сайлау болайын деп жатқан. Былтыр да ұлттық банк саяси фактор кесірінен нарықтағы тенденцияларды ескермей әрекет етті деп санаймын. Теңге бағамын сайлауға дейін және сайлаудан кейін сыпайылық сақтап сәл ұстап тұрды, ал президенттің мерейтойына іле-шала еркіне жіберді.

«БАСҚА АМАЛ БОЛМАДЫ»

Азаттық: - «Еркіне жіберу» саясатына көшу тиімді болды ма?

Үкімет теңгенің "еркіне жіберілгенін" хабарлағаннан кейін валюта айырбастау орнында пайда болған кезек. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Үкімет теңгенің "еркіне жіберілгенін" хабарлағаннан кейін валюта айырбастау орнында пайда болған кезек. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Меруерт Махмұтова: - Меніңше, басқа амал болмады. Негізі, валюта бағамы болып жатқан тенденцияларға ілесе, яғни нарықтық әдіспен немесе волюнтаристік әдіспен белгіленеді. Мен кесімді бағам белгілеуді волюнтаризм деп атаймын, яғни бағам қандай болу керегін біреу шешеді, ал зардабын бәріміз тартамыз. Өзге азаматтар сияқты девальвациядан мен де зардап шегіп отырмын. Бірақ дұрыстап ойлансақ, олай істемесе, бұдан да көп жоғалтып, экономикалық тұрақтылықтан, келешек өсімнен айырылар едік.

Азаттық: - Қазақстан билігі «инфляциялық таргеттеу» саясатына көшуменқоса, экономикадан долларды ығыстыру (дедолларизация) қажет деп мәлімдеген еді...

Меруерт Махмұтова: - Меніңше дедолларизацияға көшу - біздің биліктің ең ақылсыз мәлімдемесі. Олар дедолларизация жайлы айтқанда Қазақстан экономикасының жаратылысын ескермейді. Негізгі ресурсымыз - мұнайды долларға сатып, ұлттық қордың мұнай саласынан түскен кірістен жиналатын активтерін көбінесе доллармен ұстап отырып, дедолларизация жайлы айту дұрыс емес.

Ресейде дедолларизациялау саяси факторға байланысты жүргізіліп жатыр, өйткені Мәскеу Батыс елдерінің санкциясына душар болды. Сондықтан Кремль бастап отырған есіру саясаты өткен дәуір саясаткерлерінің кезінде Америкаға қыр көрсету ұранымен жүргізілген саясатқа ұқсайды.

«КЕДЕЙЛЕР КӨБЕЙЕ ТҮСЕДІ»

Азаттық: - Девальвациядан бір жылдан кейін теңгенің құлдырауынан экономиканың қай салалары ұтқаны жайлы қорытынды жасауға бола ма? Ал кімдер ұтылды?

Теңгенің тағдыры. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Теңгенің тағдыры. Ғалым Смағұлұлының карикатурасы.

Меруерт Махмұтова: - Девальвация өнімдерін валютаға сататын салаларға тиімді. Бұдан ең әуелі шикізат сататындар ұтады. Қазақстанның ішкі нарыққа сүйенетін салалары импортқа көп тәуелді. Импорттық компонент қымбатқа түседі. Күнкөріс қымбаттап бара жатқанын жұрт көбейе түскен шығындарына қарап біліп отыр. Тіпті ел ішінде өндірілетін өнімнің өзі, мысалы қант қымбаттап кетті, өйткені оны өндіруге қажет заттар, құрал-жабдықтар шетелден әкелінеді.

Азаттық: - Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикасының ахуалы жайлы жуырдағы есебінде теңгені еркіне жіберу инфляцияның өсуіне ұласып, халықтың нақты жалақысының қысқарып, сатып алу қабілетінің кемуіне әсер етті; кедейлікті азайту прогресін тоқтатты деп көрсеткен. Жалақы қысқарып, кедейлікке қатысты статистикалық көрсеткіштердің нашарлауы қаншалықты ұзаққа созылады деп ойлайсыз?

Меруерт Махмұтова: - Бұл тенденция экономика қанша уақыт тұрақсыз болса, сонша уақытқа созылады. Қазіргі кезде сыртқы факторлардың реттелетін түрі байқалмайды, ал тұрақтылықты қамтамасыз ететін ішкі «тіректер» жоқ. Мемлекеттік бюджеттің кірісінің жартысынан көбі мұнай саласы есебінен түседі, мұнай бағасы қаншаға арзандады, бюджет кірісі де соншаға азайды. Жалпы кірістің кемуі бәріне әсерін тигізіп, баға қымбаттап, табыс азайып барады. Ресми статистика кедейлер саны онша өзгерген жоқ деп көрсетеді, ал іс жүзінде олай емес. Елдегі кедейлік деңгейі волюнтаристік статистикалық әдіспен есептелетін күнкөріс минимумы арқылы белгіленеді. Егер адам айына күнкөріс минимумының 40 пайызы - 9 мың теңгеге жетпейтін ақшаға күн көрсе, ол мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуына болады. Қазақстанда бір ай бойы шамамен 9 мың теңгеге күн көре алатын адам бар деп айту - утопия. Бірақ Қазақстан кедейлік шегін осы деңгейде белгілеп, молшылық жылдардың өзінде осы параметрлерді ұстанды. Енді кедейлер саны көбейетіні даусыз, кірістің азайып бара жатқаны әлі сезілетін болады.

Азаттық: - Бұл жағдай қаншалықты ұзаққа созылады деп ойлайсыз?

Меруерт Махмұтова: - Экономиканы диверсификацияламай қалыпқа келу мүмкін емес. Бұл жағдай 10 жыл, 20 жылға созылуы мүмкін. Біз сыртқы факторларға әлі көпке дейін тәуелді боламыз, ал қазір оған тіпті кіріптар болып отырмыз.

Кафедегі жазу: «Теңге үшін алып қояйық!». Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Кафедегі жазу: «Теңге үшін алып қояйық!». Алматы, 20 тамыз 2015 жыл.

Азаттық: - Өткен айда Қазақстан үкіметіжылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша экономика өсімі «оң нәтижелі зонаға шықты» деп мәлімдеді. Бұл мәлімдемемен келісесіз бе?

Меруерт Махмұтова: - Мен [үкіметтің] мұндай мәлімдемелеріне алданбас едім. 0,1- 0,3 пайыз онша үлкен рөл атқармайды, бұл жерде ұзақ мерзімді тенденциялар маңызды. Құрылымдық реформа жүргізбей экономикалық тұрақтылыққа жетеміз деп ойлау - иллюзия және өзіңді-өзің алдау.

Азаттық: - Үкіметтің экономикада құрылымдық реформалар жүргізуге бет алғанын жариялап келе жатқанына талай жыл болды. Бұл жағынан алғанда ілгерілеу, елеулі жетістіктер бар ма?

Меруерт Махмұтова: - Ондай жетістіктерді байқамадым.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG