Accessibility links

Соңғы девальвациядан кейін 1 доллардың құны 185 теңге деп белгіленді. 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның ұлттық валютасы шамамен 38 есе құнсызданды.

Қазақстан ұлттық банкі ақпанның 11-інен бастап теңге бағамын бұрынғы деңгейінде ұстап тұру саясатынан бас тартып, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 185 теңге шамасында белгіледі.

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) ақпанның 11-і күнгі таңғы сауда бойынша бір доллар 163,9 теңге болған. Бұл дүйсенбі күнгі доллар құнынан 8,3 теңгеге жоғары. Алайда көп ұзамай сол күні доллардың құны 185,99 теңгеге дейін жеткен.

Қазақстандағы кейбір валюта айырбастау пункттерінде доллардың құны 200 теңгеден асып кетті. Көп пункттер валюта айырбастауды тоқтатты. Ұлттық банктің баспасөз қызметі бүгін таратқан хабарламасында "ақша айырбастау пункттерін банктер мен Орталық банк шетел валютасымен жеткілікті түрде қамтамасыз ететіні" айтылған. Бірақ көптеген ақша айырбастау орындары қолма-қол доллар мен еуро жоғын айтып, шетел валютасымен операция жасауды тоқтатқан.

ҚҰЛДЫРАУ ТАРИХЫ

Теңге алғаш айналымға түскен 1993 жылы қарашада 1 АҚШ долларының бағамы 4 теңге 70 тиын деп белгіленген еді. Бірақ алғашқы бір жарым айдың ішінде-ақ теңге шамамен 12 есе құнсызданып, бір доллардың бағасы 54 теңгеден асты. Бұдан кейінгі төрт жыл бойы теңге баяу, бірақ әлсін-әлсін құнсызданып, 1998 жылы долларға шаққандағы бағамы 84 теңгеге жетті.

Теңгенің бұдан кейінгі бір демде зор девальвацияға ұшырауы 1999 жылы сәуірде болды. Теңге бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 64,6 пайызға құнсызданып, бір долларға шаққандағы құны 138 теңге 25 тиын болып қалды. Бұдан кейін теңгенің арзандау қарқыны бәсең жүріп, 2002 жылы бір АҚШ долларының бағасы 156 теңгеге таяп барып тоқтады.

Инфографика: АҚШ долларының теңгеге шаққандағы құны (1993-2014 жылдар)

2003 жылдан бастап Қазақстанда теңгенің құны артып, доллар арзандай бастады. 2007 жылы доллардың құны 120 теңге 30 тиынға дейін түсті. 2007 жылдың соңына таман әлемдік қаржы дағдарысы әсерінен теңгеге қауіп төне бастаған тұста ұлттық банк қордағы валютаны сатып, теңгенің құнын түсірмей сақтап қалды.

2008 жылы көмірсутегі шикізаттарының әлемдік нарықтағы бағасы артып, соның арқасында Қазақстан валютасының құны тұрақты болып тұрды. Осы жылдың соңында шикізат бағасы арзандап, теңгеге қауіп төнген кезде ұлттық банк тағы да валюта қорындағы ақшаны жұмсап, теңгенің бір долларға шаққандағы бағамын 120 теңге маңында ұстап қалды.

2009 жылдың қаңтарында теңгеге тағы да девальвация қаупі төнген кезде ұлттық банк валютаның бағамын ұстап тұрды. Бірақ 2009 жылы 4 ақпанда ұлттық банк доллардың бағамын 117-123 теңге шегінде (+/-2%) ұстап тұрудан бас тартып, девальвация жасады. Ұлттық банк девальвация себебін "мұнай бағасының төмендеуінен, Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануынан" деп түсіндірген. Банк ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтау үшін соңғы бірер айда 6 миллиард АҚШ долларын жұмсағанын да айтқан.

Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы. Алматы, 11 ақпан 2013 жыл

Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы. Алматы, 11 ақпан 2013 жыл

2009 жылы теңге 25 пайызға құнсызданып, доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді. Жұрт арасында доллар одан ары қымбаттайды деген үрей туып, ақша айырбастау пункттері алдында ел кезекке тұрған. Ол кезде де доллар табылмай, курс 160 теңгеге дейін көтеріліп кеткен.

Қазақстанда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы соңғы бірер жылда көп өзгермей тұрған. Бірақ 2013 жылдың соңына таман доллар құны арта бастады. Жұрт арасында «Ақшаны қай валютада сақтаған жөн?» деген сауал туған кезде ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов: «Ұлттық банк төрағасы ретінде оны екінші деңгейлі банктерде теңгеде ашылған депозитте сақтауға кеңес беремін. Өйткені өзіміз де қазір экономиканы дедолларизациялау саясатын (долларды ығыстыру) жүргізіп жатырмыз. Бұл - біздің экономикамыздың одан ары өсуі үшін және тиімді ақша-несие саясатын жүргізу үшін аса маңызды проблема» деген.

Қазақ теңгесінің кейбір үлгілері өзінің дизайны мен қорғаныштық қабілеті жағынан әлемдегі ең сәтті жасалған купюра болып есептеледі. Халықаралық банкнот қоғамдастығының (IBNS) конкурсында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарылған 10 мың теңгелік қазақстандық естелік банкнот «2011 жылдың ең үздік банкноты» деп танылды. Ал 2012 жылы 5 мың теңгелік ақша осы халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG