Accessibility links

Лаңкес ретінде сотталған 8 адамның үкімі өзгермеді


Экстремистік топтың мүшесі деген айыппен әрқайсысы 12 жылға сотталған Амандық Әділшин, Михаил Калугердің аналары Алтыншаш Әділшина (сол жақта) мен Светлана Калугер (оң жақта). Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.
Экстремистік топтың мүшесі деген айыппен әрқайсысы 12 жылға сотталған Амандық Әділшин, Михаил Калугердің аналары Алтыншаш Әділшина (сол жақта) мен Светлана Калугер (оң жақта). Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.

2011 жылы қарашаның 30-ы күні Ақтөбеде «лаңкестік жасамақ болды» деген айыппен сегіз адам сотталған. Адвокаттар мен сотталушылардың туыстары «Тергеу барысында заңсыздықтар көп болды, сот үкімі де ауыр» деп, Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген еді. Апелляциялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.


Былтыры қарашада сотталған сегіз адамға «террористік әрекет жасады, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады және алып жүрді, қылмысты мәлім етпеді» деген айып тағылған. Қылмыстық істі қараған судья Шапағат Әлнияз сегіз адамның біреуіне – 19 жыл, екеуіне – 15 жыл, екеуіне – 12 жыл, тағы екі адамға – 5 жыл, біреуіне 4 жыл жаза кескен.

16 ТОМДЫҚ ІС

Экстремистік топтың мүшесі деген айыппен 15 жылға сотталған Тимур Рахметовтің анасы Мадина Рахметова. Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.
Экстремистік топтың мүшесі деген айыппен 15 жылға сотталған Тимур Рахметовтің анасы Мадина Рахметова. Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.
​Апелляциялық алқа былтырғы үкімге азғантай өзгеріс енгізді. Сотталушылар Ахметов, Рахметов, Сатыбалдиев, Әділшин мен Калугердің дүние-мүліктері тәркіленбейтін болды.

– Ал 5 жылға бас бостандықтарынан айрылған К.Алпамысов пен А.Саттаровқа кесілген жаза «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес 2 жыл 6 айға ауыстырылды. Тергеу кезінде тәркіленген соталушылардың ұялы телефондары мен киім кешектері қайтарылды, – дейді апелляциялық сот алқасының судьясы Нұрлан Сұлтанов.

Судьяның айтуынша, бұл өте ауқымды – 16 томдық іс болған.

«АЮДЫ» ӨЛТІРУ ЖӘНЕ «ЛАҢКЕСТІК»

Сегіз адамның бірі, «қылмысты ұйымдастырушы» деген айыппен 19 жылға сотталған Қайрат Ахметов – 25 жаста. Жұмыссыз. Ол бұдан бұрын «қарақшылық жасады» деген айыппен сотталып, 2004 жылы жазасын өтеп шыққан.

Қайрат Ахметов пен оның екі сыбайласы былтыр шілде айында тұтқындалған болатын. Әуелі күдіктілерге «қылмыс әлемінде «Аю» деген атпен танымал 22 жастағы ақтөбелікті атып өлтірді» деген айып тағылған еді.

Кейін тергеу «бұл қылмыстық топтың лаңкестікке әзірленгенін, Қайрат Ахметовтің үйінен заттай айғақ – жарылғыш зат, оның компонентері мен шаһид белдігі табылғанын» айтты.

– Сотталушы өз үйінен шаһид белдігі табылғанын, оны өз қолымен жасағандығын теріске шығарған жоқ. Сот процессі барысында: «Күндердің бір күні қажет болар деп шаһид белдігін дайындағанмын. Бірақ кейін ол райымнан қайттым» деп жауап берді, – дейді Ақтөбе облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шапағат Әлнияз.

Қайрат Ахметовпен бірге сотталған 7 азамат та – Ақтөбенің 20-26 жас аралығындағы тұрғындары.

АДВОКАТ ТА, СУДЬЯ ДА НАРАЗЫ ТЕРГЕУ
Сотталушылар Тимур Рахметов пен Михаил Калугердің адвокаты Мұса Қуашов. Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.
Сотталушылар Тимур Рахметов пен Михаил Калугердің адвокаты Мұса Қуашов. Ақтөбе, 14 қаңтар 2012 жыл.

«Лаңкестік жасамақ болды» деп айыпталған сегіз жігіттің екеуін – Тимур Рахметов пен Михаил Калугерді қорғаған адвокат Мұса Қуашов тергеу сапасына сын айтып, үкімді қатал деп есептейді. Ол «сотталушылардан жауап алу кезінде күш қолданылғандығын» айтады.

– Менің қорғауымдағы Рахметовке дене жарақаты келтірілген. Яғни, құқық қорғау органдарының ғимаратында отырғанда, жауап алу кезінде күш қолданылған. Оны сарапшылар дәлелдеп, сот кезінде анықталды. Біз басқа да сотталушыларға күш қолданылғанын білеміз. Өкінішке қарай, оны дәлелдей алмадық. Сотталушылар өз жауаптарында қинау көргендерін айтты. Алайда сот барысында оған көңіл аударылған жоқ, – дейді адвокат Мұса Қуашов.

12 жылға бас бостандығынан айрылған Михаил Калугердің анасы Светлана «қылмыстық іс қозғалған сәттен-ақ заңсыздық болғанын» айтады. Михаил Калугер былтыр шілденің 25-і күні тұтқынға алынған. Светлана сол күннен бастап баласын іздеп, «Ақтөбедегі барлық тергеу орындарының табалдырығын тоздырғанын» айтады. Михаил Калугердің тұтқындалғаны туралы хабар анасына 10 күннен соң жеткен.

Ал сотталған азаматтың енді бірінің – Тимур Рахметовтің анасы Мәдинаның айтуынша, «тергеу кезінде күдіктілерге күш көрсетілген».

– Баламды ұрып-соққандары өз алдына, денесін күйдіріп қинаған. Соғыс кезінде де тұтқындарға тап осылайша күш қолданылмаған болар! – дейді Мәдина.

Ал адвокат Мұса Қуашов «үкімді өзгеріссіз қалдырғанына қанағаттанбайтынын, енді жоғарғы сотқа шағымданатынын» айтты.

«Қазақстан конституциясының 17-бабы және қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 116- бабына сүйенсек, тергеу барысында күш қолдану, қинау арқылы алынған жауаптар заңсыз деп танылуы тиіс» дейді ол.

Тергеу сапасына адвокаттар ғана емес, осы істі төрт айға жуық зерттеген судья да риза емес.

– Істі қарау барысында тергеу сапасының өте нашарлығынан қиналдым. Мен өзім де 11 жылдай прокуратурада тергеумен айналысқанмын. Ол кездегі тергеу мен қазіргі тергеудің сапасын мүлдем салыстыра алмайсың. Себебі қазір көптеген заң бұзушылыққа жол беріледі. Тергеуші мамандарды үйрететін ұстаздары жоқ па? Әлде заңды оқымай ма? Маған осы жағы түсініксіз, – дейді Ақтөбе облысы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Шапағат Әлнияз.

«МҰСЫЛМАНДЫҚҚА ҚЫСЫМ»
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.
Ақтөбе облыстық сотының ғимараты. Ақтөбе, 27 қаңтар 2012 жыл.

«Үйінен шаһид белдігі табылды» деп айыпталған Қайрат Ахметовтің анасы Гүлсім «тентектігімен танылған баласының дін жолына түскен соң сабырлы, салмақты болғанын» айтады.

– Қайраттың өзі де қайран. Ол бұзақылық жасап, бүтін бір ауданды уысында ұстаған кезде ешкімнің шаруасы жоқ болатын. Ал намазға жығылып еді, террорист болып шыға келді, – дейді Гүлсім Ахметова

Сотталған азаматтардың бірінің анасы Алтыншаш Әділшина баласының 12 жылға бас бостандығынан айырылғанын «кезінде дін мәселесін бетімен жіберген биліктің кінәсі» деп санайды.

– «Жұрт теріс намаз оқып жүр» десе, бәрін жинап алып, қайта оқытсын! Ұлын да, қызын да дұрыс жолға салсын. Мен түсінбедім. Бұл қазақ болмаңдар деген сөз бе? Мұсылман болмаңдар деген сөз бе? Меніңше, бұл – мұсылмандыққа жасалып жатқан қысым, – дейді Алтыншаш Әділшина.

Былтыры Ақтөбеде лаңкестікке қатысты 3 қылмыстық іс қаралып, 24 адам сотталды: олардың екеуі – өмірлік түрме жазасы кесілді, біреуі – 19 жылға, біреуі – 17 жылға, басқалары – 3-тен 15 жылға дейінгі аралықта бас бостандықтарынан айырылды.

Әуелі қазанның 6-сында төрт адам «1 шілде күні Шұбаршиде полицейді өлтірді» деген айыппен сотталған. Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Гүлнар Симатова «1984 және 1985 жылы туған сотталушылар - өмір бойы, 1987 жылы туған сотталушы - 14 жылға, 1990 жылы туған сотталушы - 6 жылға бас бостандығынан айырылды» деп хабарлаған.

Жоғарыда сөз болған екінші сот үкімі бойынша Ақтөбе облысының 8 тұрғыны 4-тен 19 жылға дейін сотталған. Оларға «террористік әрекет жасады, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады және алып жүрді, қылмысты мәлім етпеді» деген айып тағылған.

2011 жылы 14 желтоқсанда Ақтөбеде «облыстық ҰҚК департаменті ғимаратында өзін-өзі жарған Рахымжан Мақатовтың сыбайласы» деп айыпталған 12 адам сотталды. Айыпталушы Есет Мақуов – 17 жылға, Алмас Жолбаев пен Асхат Бегаманов – 10 жылға, Әнуар Сүйінтаев – 8 жылға, Игілік Сағынаев пен Марат Палтоев – 5 жылға, Жанболат Сәрсенбаев, Нұрлыбек Мусин, Ғани Еңсепов, Біржан Алдамжаров, Хабидолда Жаңбыршин, Әлібек Бердібаев – 3 жылға сотталды.
XS
SM
MD
LG