Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев адам құқықтарына қатысты құжаттарға қол қойды


Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассемблеясының 62-ші сессиясына қатысқалы АҚШ-тың Нью-Иорк қаласына барған Қазақстан президенті Н.Назарбаев қыркүйектің 25-сі күні БҰҰ-ның адамды азаптауға және адамның қадір-қасиетін таптайтын басқа да адамшылықтан ада жаза түрлеріне қарсы конвенциясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің факультативті хаттамаларына қол қойды.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті 1966 жылы желтоқсан айының 16-сы күні БҰҰ-ның Бас асемблеясында қабылданған болатын. Ал Қазақстан осы халықаралық құжатқа 2005-ші жылдың желтоқсан айының 2-сі күні қол қойып бұл құжат Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылдың сәуір айының 28-інде өз күшіне енген.

БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 1984 жылы желтоқсан айының 10-ы күні қабылдаған азаптауға қарсы конвенцияны Қазақстан 1998-ші жылы ратификациялаған болатын.

Енді міне Қазақстан президенті Н.Назарбаев аталмыш халықаралық құжаттардың қалай іске асырылуын көрсететін факультативтік хаттамаларға қол қойып отыр. Қазақстандық адам құқығын қорғаушы Ғалым Ақелеуовтың айтуынша Қазақстанның аталмыш халықаралық құжаттарға қосылуы бұл өте маңызды іс болмақ енді, Қазақстандағы барлық сот жүйелері демократиялық, адам құқықтарын кең түрде ескеретін жүйеге көшетін болады.

Егерде сот орындары кез келген азаматтың құқығын аяққа басып оның ісін дұрыс қарамай, әділ шешім шығармаса онда ол азамат өз құқығын жоқтап, хаықаралық сотқа не БҰҰ –ның адам құқығы жөнндегі комитетіне шағымдана алмақ дейді ол.

Сондай ақ Қазақстан адам құқығы жөніндегі осы халықаралық құжаттарға қосылуы арқылы елдегі тек сот жүйесін ғана емес сондай ақ құқық қорғау органдарының жұмысын да жүйелі, демократиялық стандартқа сай жүргізе алады, бұл құжаттар сондай мүмкіндік береді дейді адам құқығын қорғаушы Ғ.Ақелеуов. Оның айтуынша Қазақстанда бүгінге дейін қабылданған барлық заңдардың осы халықаралық құжаттарға сай екендігі ескерілуі керек егерде олай болмаса онда ол заңдарды қайта өзгертіп, толықтыруға тура келеді.

Ал ‘Ұлт тағдыры‘ қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім Қазақстанның ақыры бұл құжаттарға толық қосылуы қуантарлық жағдай болғанымен осы құжаттардың толық іске асып кететіне күмәнмен қарайтындығын жасырмайды. Өйткені Қазақстандағы қәзіргі сот жүйесі әділ сот жүйесі емес ол жоғарыдан келетін бұйрықты орындайтын не ақшаға сатылатын сот жүйесі дейді ол.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі хартияның заңгері Аманкелді Шорманбаев Қазақстандағы заңдардың көбі осы халықаралық құжаттарға сай келмейді дегенді айтады. Қазақстандық журналист Ораз Әлімбек болса Қазақстандағы конституция, не азаматтық қодекс секілді заңдарда адам құқығына қатысты нешетүрлі жақсы баптар бар болғанымен олардың іске асып, орындалады дегенге сену қиын, өйткені елдегі сот жүйелері дербес жағдайда емес билікке тәуелді жағдайда дейді.
XS
SM
MD
LG