Accessibility links

Құқық қорғаушылар аттестациясына мамандар күдікпен қарайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құқық қорғау қызметкерлері неге халыққа қарсы оқ атқандарын әңгімелеп жатыр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құқық қорғау қызметкерлері неге халыққа қарсы оқ атқандарын әңгімелеп жатыр. Жаңаөзен, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Кейбір сарапшылар «құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің саны армиядан асып, Қазақстан полицейлік елге айналып барады» дейді. Олар «Қоғамдық бақылаусыз өтетін полиция қызметкерлерінің аттестациясы қаншалықты тиімді?» деген сауал қойып отыр.


Сәуірдің 8-і Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестациядан өткізу және президент жанынан жоғары аттестациялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, құқық қорғау құрылымдары мен прокуратураның бірінші басшыларынан басқа барлық қызметкерлері, полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), прокуратура, қаржы полициясы және кеден комитетін қоса алғанда, өздерінің кәсіби біліктілігін дәлелдеу үшін кезектен тыс аттестациядан өтуі тиіс.

ҰҚК-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров «президенттің бұл жарлығының бүкіл құқық қорғау жүйесі мен арнайы органдардың жұмысын жаңғырту туралы бұрын қабылданған заңдар аясында шыққанын», «құқық қорғау органдары қызметкерлерін қайта аттестаттау - олардың қызметін жетілдіру тетіктерінің бірі және бұл арада имидж жақсарту жөнінде әңгіме жоқ екенін» айтты.

«АТТЕСТАЦИЯ ЕЛЕГІ»

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жарлыққа қол қоюына маңызды екі фактор түрткі болғанын» айтты. Оның пікірінше, бірінші фактор - мемлекеттің құқық қорғау органдарының беделден жұрдай болуы мен халық сенімінен түбегейлі айырылуы. Ал екінші фактор ретінде Жовтис «ереуілді басып-жаншу үшін полицейлер қару қолданған Жаңаөзендегі қанды оқиғаны» атады.
Евгений Жовтис, адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының директоры. Алматы, 25 тамыз 2009 жыл.

Евгений Жовтис, адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының директоры. Алматы, 25 тамыз 2009 жыл.


КНБ-ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі Арат Нарманбетовтің пікірінше, құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы президент жарлығының пайда болуының басты себебі - әлем қоғамдастығының Жаңаөзен қасіретіне байланысты Қазақстан билігіне қолайсыз пікірі.

- Жаңаөзен оқиғасы үшін жауапкершілікті өз мойнына алмай отырған билік, осы аттестация арқылы әлем алдында «полиция қызметкерлеріне шара қолданып жатырмыз» деп жар салмақ, - дейді бұрынғы чекист.

Арат Нарманбетов «Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктер туралы» іс бойынша Ақтауда өтіп жатқан сот процесінде полицейлердің көпшілігі айыпталушылардың арасынан өздерін жәбірлеген адамдарды нақты көрсетпей жатқанына назар аударды.

- Біздің билікті мазалап жатқан да осы жағдай. Мына аттестация «елегі» арқылы олар, біріншіден, құқық қорғау органдарындағы биліктің ығына жығылмаған қызметкерлерден құтылуды көздеп отыр. Ал аттестациялық сыннан «сүрінбей өтіп», құқық қорғау органдарының қатарында қалатын қызметкерлерді осындай жолмен үркітіп алмақшы, - дейді.

«ҚИСЫНҒА ҚАЙШЫ НӘРСЕ»

Бұрын ішкі істер министрлігінде шенді қызмет атқарған отставкадағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов, «бүгінгі күні Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлерінің саны армиядағы солдаттардан екі есе көп» екенін айтады. Оның пікірінше, «Қазақстан біртіндеп полициялық мемлекетке айналып бара жатыр, ал жемқорлыққа белшесінен батқан, құқықтық санасы төмен, біліктілігі сын көтермейтін полицей азаматтық қоғам үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін». Әмірбек Тоғысов:
Генерал-майор Әмірбек Тоғысов, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары.

Генерал-майор Әмірбек Тоғысов, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары.


- «Тәртіп сақшысы» деген атқа кір келтірген, жемқорлық және басқа қылмысы үшін қызметтен қуылған полиция қызметкерлері құқық қорғау органдары қатарына ешқашан қайтып оралмауы тиіс. Тіпті, мұндай адамдардың тізімін құрса да артық етпейді», - дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірі бойынша, «аттестация комиссиясының құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, оның ішінде оппозициялық партиялардың өкілдері, құқық қорғаушылар, заңгерлер және басқа да тұлғалар енсе ақылға сыятын еді». Ол:

- Аттестация шынайы өтеді деп тек сол кезде ғана айтуға болады. Әйтпесе шенеуніктер өзін өзі қадағалау жөнінде шешім қабылдап, оны өздері орындамақ. Сосын «таудай нәтижелерге қол жеткіздік» деп жар салып жатқаны. Былайша айтқанда, қисынға қайшы нәрсе, - дейді.

Досым Сәтбаев «аттестация өткізуге бюджеттен қомақты қаржы жұмсалғанымен, бәлендей ештеңе өзгермейтінін» айтты.

«ТЕКСЕРУШІНІ КІМ ТЕКСЕРМЕК?»

Евгений Жовтистің пайымдауынша, егер аттестация өткізудің мақсаты халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін күшейту болса, бұл аттестацияға қоғамның ат салысуы шарт.

«Жемқор және кәсіби біліктілігі сын көтермейтін қызметкерлерден арылудың орнына бұл аттестацияда қолайсыз қызметкерлерден құтылатын жаппай «тазарту» шаралары жүре ме?» дегенді ескерткен құқық қорғаушы Евгений Жовтис алдағы аттестацияға байланысты «Тексерушілердің өздерін кім тексермек?» деген сауал тастады.
Досым Сәтбаев, саясаттанушы. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы. Алматы, 25 мамыр 2010 жыл.


Алда өтетін аттестация тақырыбы Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде талқыланды. Пікірталасқа президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тажин, президент әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Алик Шпекбаев, КНБ-ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі, «Қазақстан ҰҚК органдарының ардагерлері» бірлестігінің жауапты хатшысы Уалитхан Қабышев түрлі себептермен қатыса алмайтындарын айтты.

Дөңгелек үстелдің орыс тіліндегі толық аудионұсқасын мына арадан тыңдауға болады:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG