Accessibility links

Суретші мүгедек жанның өмірін комикс арқылы көрсетті


Mesqueunblog көрмесіне қойылған суреттердің бірі. Астана, 1 қараша 2012 жыл.

Mesqueunblog көрмесіне қойылған суреттердің бірі. Астана, 1 қараша 2012 жыл.

Астанада сал болып қалған жігіттің өмірі туралы Mesqueunblog комикстерінің жылжымалы көрмесі ашылды. Француз суретшісі Николя Журну Бақытжан Жұмановтың өмірін жарты жыл бойы бақылаған.

Көрме-репортажда балалардың церебральды сал (ДЦП) сырқатымен ауыратын Бақытжан Жұмановтың күнделікті тіршілігі комикстер арқылы көрсетілген. Көрмеге 50 жұмыс қойылған.

Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың да кәдімгі адам екенін, олардың талғамы мен әдеттері дені сау адамдардың әдет-дағдысынан айырмасы аз екенін көрсету, мүгедек жандардың проблемаларына қоғам назарын аудару.

Комикстерде Баханың жақында 18-ге толғаны айтылады. Ол ДЦП аурымен туған. Қолын мүлде қозғалта алмайды, аяғын ғана жарым-жартылай қимылдатады. Комикстерде «Ол аяғын асқан ептілікпен пайдаланады» деп жазылған. Башпайларымен компьютерді игеріп, әлеуметтік желілерге кіріп, компьютерлік ойындар ойнайды.
Солдан оңға қарай: Бақытжан Жұманов, немере ағасы Артём Ким және француз суретшісі Николя Журну. Астана, 1 қараша 2012 жыл.

Солдан оңға қарай: Бақытжан Жұманов, немере ағасы Артём Ким және француз суретшісі Николя Журну. Астана, 1 қараша 2012 жыл.


Алматылық жас жігіттің негізгі ермегі – футбол. Сүйікті командасы – «Барселона».

Француз суретшісі Николя Журнудың айтуынша, ол Бақытжан Жұмановпен екі жыл бұрын кездейсоқ танысқан.

- Мұндай адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату үшін ұзақ уақыт керек екенін сол кезде түсіндім. Оларға деген біздің көзқарасымызды сипаттауға тырыстым. Мәселен, әдетте адамдар оларды көріп қалса, ыңғайсызданып жатады, қысылады. Жұрт көбінесе өзі білмейтін, бейтаныс нәрселерден қорқады ғой, - дейді ол.

Суретші мен Бақытжан бірлесіп құрастырған комикстер қоғамның мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қарым-қатынасын көрсетеді.

Мысалы, комикстерде кемтар жанды алғаш кездестірген адамның көзқарасы қалай өзгеретінін: «Әуелі көздері бақырайып кетеді. Бір жағынан ыңғайсызданып, бір жағынан тесіле қарайтын адамның көздері әйнек тазалағышқа ұқсайды. Осы тұста ол өзінің өзгеше қылығын байқап қалып, әдептілікпен жанарын тайдырып әкетіп, басқа бір нәрсеге қарайды. Құдды, мені көрмегендей кейіп танытады» деп сипатталған.

Бақытжанның немере ағасы Артем Ким олардың апта сайын кездесіп тұрғанын, Николя Журнудың үйге келіп, Баха екеуінің бірге жұмыс істегенін айтты:
Mesqueunblog көрмесіне келген адамдар. Астана, 1 қараша 2012 жыл.

Mesqueunblog көрмесіне келген адамдар. Астана, 1 қараша 2012 жыл.


- Мысалы, екеуі отырып футбол көреді немесе матчты талқылайды. Баханың тілі күрмеліп, әрең сөйлегенімен, айтқандарын түсінуге болады. Біраздан кейін Николя оны түсінетін болды, - дейді Артем Ким.

Француз суретшісінің айтуынша, Бахамен тағдырлас мыңдаған жан бар. Жоба авторлары «Қазақстанда адамдар мұндай жандардың бар екенін елемеуге тырысады» дейді.

Комикс-репортаждың кіріспесінде «Мүгедек жандардың тағдыры біздің оларға деген қарым-қатынасымызға байланысты екенін барша жұрт түсінсе дейміз» деп жазылған.

Мақаланы автордың Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG