Accessibility links

Қазақстанның шетелге кеткен спортшылары мен бапкерлері


Ресейге кеткен қазақстандық ауыр атлет Магомед Абуев Ресей кубогына қатысып жатыр. Мамыр, 2012 жыл. Сурет Ресей ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды.

Ресейге кеткен қазақстандық ауыр атлет Магомед Абуев Ресей кубогына қатысып жатыр. Мамыр, 2012 жыл. Сурет Ресей ауыр атлетика федерациясының ресми сайтынан алынды.

Қазақстанға шеттен келген спортшылардың біразы олимпиада жүлдеcін алды. Сырттан спортшы әкелу амалы осы кезде көп талқыланды. Ал ұлттық құрамаға енбеген спорт мамандары шетелдерге кетіп жатыр.

Қазақ боксшысы Аслан Мұқанов – қазір Катар құрамасының мүшесі. Ол биыл сәуір айында сол елдің бокс федерациясымен келісім жасасты.

КАТАРДАҒЫ БОКСШЫ

Аслан Мұқанов 1988 жылы Қостанай облысында туған. Облыс орталығындағы Қазақ боксшысы Аслан Мұқанов Катар бокс федерациясымен келісім-шарт жасасқан сәті. Сәуір, 2012 жыл. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.

Қазақ боксшысы Аслан Мұқанов Катар бокс федерациясымен келісім-шарт жасасқан сәті. Сәуір, 2012 жыл. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.

«Сұлтан» бокс мектебінің түлегі. 2010 жылғы 57 килограмм салмақта Қазақстан чемпионы атанып, АҚШ-та өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.

Алайда Аслан Мұқанов Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетсе де, ұлттық құрамаға шақырылмады. Ол ел чемпионы ретінде Гуанчжоудағы (Қытай) Азия ойындарына қатысуы тиіс еді. Бірақ 57 килограмм салмақ бойынша Азиадаға басқа спортшы аттанды.

Аслан Мұқанов елден кетіп бара жатқанда әлем біріншілігі мен Азия чемпионаттарына қатысқысы келгенін, бірақ Қазақстанда ондай мүмкіндік болмағанын айтты.

РЕСЕЙДЕГІ АУЫР АТЛЕТ

Қазақстанда туған, осы елде спортпен айналыса бастаған ауыр атлет Магомед Абуев те қазір Ресей құрамасының сапында ірі жарыстарға қатысып жүр.

2010 жылы 18 жасында аса ауыр салмақта Қазақстан чемпионы атанған спортшы 2011 жылы азаматтығын ауыстырды.

Ауыр атлет ресейлік форумдардың бірінде өзінің Қазақстаннан кетуі себебін былай түсіндіреді: «Қазақстан бапкерлері мені 2009 жылғы әлем чемпионаты мен 2010 жылғы Сингапурдегі жасөспірімдер олимпиадасына апарамыз деп тұрып, құрамаға қоспай қойды».

Могамед Абуев 2012 жылдың мамыр айында ауыр атлетикадан Гватемалада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына Ресей құрамасының атынан қатысып, алтын медаль алды.

АВСТРАЛИЯДАҒЫ МЕРГЕН

Нысана көздеуші қазақ қызы Дина Аспендиярова. Сурет Лондон олимпиадасының ресми сайтынан алынды.

Нысана көздеуші қазақ қызы Дина Аспендиярова. Сурет Лондон олимпиадасының ресми сайтынан алынды.

Нысана көздеуден Сидней олимпиадасына (2000 жыл) Қазақстан атынан қатысқан қазақ қызы Дина Аспендиярова – қазір Австралия құрамасының көшбасшысы. Спортшы 2010 жылы Сиднейде өткен әлем кубогында күміс жүлдеге ие болды. Аспендиярованың медалі – Австралияның нысана көздеуден әлем кубогында алған тұңғыш жүлдесі.

Дина Аспендиярова биылғы Лондон олимпиадасына да Австралия атынан қатысып, 14-орын алды. 36 жастағы спортшы – Австралия чемпионы және мұхиттық аймақ елдері біріншілігінің жеңімпазы.

ИРАКҚА КЕТКЕН БОКС БАПКЕРІ

Қазақстанның спортшылары ғана емес, бірнеше бапкері де басқа елдерде жүр. Соның бірі – Қазақстан бокс құрамасының 2005-2009 жылдардағы бас бапкері Дамир Буданбеков. Ол қазір Ирак бокс командасын жаттықтырады.

2008 жылы Пекин олимпиадасына Қазақстан боксшыларын бастап апарған Буданбековтің шәкірттері бір алтын (Бақыт Сәрсекбаев), бір қола (Еркебұлан Шынәлиев) жүлде алған еді.

Қазақстан бокс федерациясы 2009 жылы Миланда (Италия) өткен әлем чемпионатында бар болғаны бір қола (Серік Сәпиев) алған соң Дамир Буданбековті отставкаға жіберді.

Бокс бапкері осыдан кейін Қазақстанда жұмыссыз қалғанын, 2011 жылы Ирак бокс одағынан ұсыныс түсіп, сол елдің құрамасына бас бапкер болғанын айтты.

2011 жылы Араб елдері ойындарында Дамир Буданбеков баптаған Ирак боксшылары бір алтын, екі күміс, екі қола жүлде алды. Ирак 2003 жылдан бері Араб ойындарынан алтын медаль алмаған еді.
Бокстан Ирак құрамасының бас бапкері Дамир Буданбековтың Астанадағы халықаралық жарысқа келген сәті. Астана, мамыр 2012 жыл.

Бокстан Ирак құрамасының бас бапкері Дамир Буданбековтың Астанадағы халықаралық жарысқа келген сәті. Астана, мамыр 2012 жыл.


– Әу баста жергілікті бапкерлер Иракка келгенімді аса ұнатқан жоқ. Кейін Араб ойындарындағы табыстарымызға қарап олар да бастапқы көзқарастарын өзгертіп, жылы шыраймен сәлемдесетін болды, – деді биыл маусым айында Ирак құрамасын Астанада өткен азиялық жарысқа бастап келген Дамир Буданбеков.

Дамир Буданбеков биылғы жылдың соңында Ирак бокс федерациясымен жасасқан келісім-шарты аяқталады. Егер ұсыныс түсіп жатса, қызметін жалғастыра беруі мүмкін.

– Жалпы қазақ боксы бүгінде жақсы дамыған. Бірақ шаршы алаңның сыртында кейбір құйтырқы әрекеттер болып жататынын айтпай кетуге де болмайды. Несін жасырамыз, кей-кейде шын мықтыны анықтауда әділдік болмайды. Жоғары жақтан қоңырау шалып, өз аймағының боксшыларын орынсыз тықпалап, жөнсіз сүйрелеуге мәжбүр ететін сәттер де болады. Бұл – қатерлі дерт, – дейді бапкер.

МЬЯНМАДАҒЫ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ

Қазақстандық тағы бір бокс маманы Берікбол Қасымханов қазір Мьянма ұлттық құрамасын жаттықтырады.

Халықаралық бокс қауымдастығының төрешісі, 2008 жылы Пекин олимпиадасына арбитр ретінде қатысқан Берікбол Қасымханов кейін бапкерлікке ауысып, шетелге кетті.

Берікбол Қасымханов Мьянма командасын 2012 жылы маусымда Астанада өткен азиялық халықаралық жарысқа әкелді.
Бокстан Мьянма құрамасының бас бапкері Берікбол Қасымханов Астанадағы халықаралық жарысқа келген сәті. Астана, мамыр 2012 жыл.

Бокстан Мьянма құрамасының бас бапкері Берікбол Қасымханов Астанадағы халықаралық жарысқа келген сәті. Астана, мамыр 2012 жыл.


– Өздеріңіз білесіздер, мен Қазақстанда түрлі қызмет атқардым. Соңғы рет Қарағанды облысы бокс федерациясының атқарушы директоры болып жұмыс істедім. Бірақ кейінірек ол жақтан кетуіме тура келді. Біраз уақыт жұмыссыз қалдым. Кейін шетелдегі таныстарым Мьянмаға жаттықтырушы керек деген соң, өзім туралы ақпараттарды сол елдің бокс басшыларына жібердім. Олар алдымен өмірбаяныммен мұқият танысып шығып, бір аптадан соң менің кандидатурама тоқтағандарын хабарлады. 2011 жылдың тамыз айынан бастап бұрын Бирма деп аталып келген елдің боксшыларын жаттықтыруға кірістім, – деді жаттықтырушы.

Қазақстандық маман Мьянмада ерлер, әйелдер және жасөспірімдер құрамасын бірге жаттықтырады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG