Accessibility links

«Заставадан кетіп қалған» 11 шекарашы табылды


Қазақстанның оңтүстік-шығыс шекарасындағы қарауыл мұнарасы. 2007 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның оңтүстік-шығыс шекарасындағы қарауыл мұнарасы. 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Маусымның 19-ы күні қазақ-қытай шекарасында 11 сарбаздың заставадан қашып кеткені туралы, одан кейін ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Кейбір сарапшылар Арқанкерген мен Терісайрық арасында еш байланыс жоқ дейді.

«Маусымның 19-ы сағат 13.40-та іздестіру тобы шекара заставасын тастап кеткен шекарашылардың бәрін (11 адам - ред.) Терісайрық заставасынан 18 километр жердегі Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданының Жаңаталап елдімекенінің қасынан тапты. Қазір шекарашыларды автокөлікпен заставаға әкеле жатыр. Бұл факті бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр» деп хабарлады Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара қызметі маусымның 19-ы күні.

«УСТАВТАН ТЫС ЗАҢСЫЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС»

ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі «Маусымның 18-і күні таңертең «Шығыс» аймақтық басқармасына қарасты Зайсандағы Терісайрық шекара заставасында жедел қызметтегі 11 шекарашы заставаны тастап кетіп қалғанын» 19 маусым күні таңертең хабарлаған еді.

Ақпарат бойынша, қызмет орнынан қаруларын тастап өз беттерімен кетіп қалған сарбаздар әскерге 2011 жылы қараша айында шақыртылған. Застава бастығы олардың кетіп қалғанын кешке дейін тиісті орындарға хабарламай, өзі іздеп табуға тырысқан. «Иен қалған заставаны шекара қызметінің қосымша тармақталған бөлімдері күзетіп отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олар бөлімнен өзара заңсыз қарым-қатынастың салдарынан кетіп қалған».

Оқиғаға байланысты әскери прокуратура қылмыстық кодекстің 380-бабы 1-бөлімі (билікті немесе қызметтік өкілетін асыра пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бұл – Қазақстан-Қытай шекарасында үш аптаның ішінде болған екінші оқиға.

Мамырдың 30-ы «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.
Арқанкерген постында 12 шекарашының, бір қорықшының мәйіті, маусымның 1-і тағы 2 шекарашының мәйіті табылған. Маусымның 5-і тірі қалған жалғыз шекарашы ұсталып, оның аты-жөні Владислав Челах екені белгілі болды. Маусымның 7-сі Қазақстан бас прокуратурасы оның «қасындағы серіктерін өлтіргенін» мойындағаны туралы хабарлады. Челахтың туыстары оның кінәлі екеніне күмән келтіреді.

Ресми орындар екі оқиғаға да «уставтан тыс заңсыз қарым-қатынас себеп болған» деген болжам айтты.

«Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Рүстем Қайдаров та Арқанкерген мен Терісайрық арасында ешқандай да байланыс жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, «ресми ақпаратқа сенбей отырған азаматтардың әскери саласында тәжірибесі болмағандықтан олардың айтқан пікірі де – негізсіз».
Екі жақта екі бөлек жатқан заставадағы жағдайлардың бір-біріне еш қатысы жоқ.

– Бұл – уставтан тыс заңсыз әрекеттердің салдары. Екі жақта екі бөлек жатқан заставадағы жағдайлардың бір-біріне еш қатысы жоқ. Челахқа қатысты тергеуді өз ісінің кәсіпқой мамандары жүргізіп жатыр, – дейді Рүстем Қайдаров.

«БҰЛ – КОМАНДИРЛЕРДІҢ ҚАТЕЛІКТЕРІ»

Шығыс Қазақстан облыстық «Сарбаздар аналары» комитетінің төрайымы Любовь Вильдтің айтуынша, әскери саланы бақылайтын қоғамдық ұйымдар азайып барады. Ол Владислав Челахқа байланысты:

– Бұл жерде арнайы қызмет органдары мен психологтар жақсы жұмыс істеген сияқты. Егер оның бүкіл отряд пен қорықшыны жер жастандырғаны рас болса, онда бұл жерде кімнің «батыр» болғаны белгісіз. Олар (арнайы қызмет орындары мен психологтар – ред.) ма, әлде ол (Владислав Челах – ред.) ма? Себебі адамды осындай жағдайға жеткізген. Бұл – мемлекеттік проблема. Сол күндері шекара қараусыз жатқан. Ол жақтан кім, не өтті? Егер Зайсанда да 11 адам шекараны тастап кеткен болса, бұл қарапайым бұзақылық әрекет емес. Бұл командирлердің жіберген қателіктері, – дейді.

Оның ойынша, Арқанкерген оқиғасына байланысты тәуелсіз сараптама тағайындалып, мұқият зерттелуі тиіс.

«ВЕДОМСТВОЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ»

Бұған дейін Арқанкергендегі оқиғаға байланысты сарапшылар әртүрлі пікір-болжамдар айтқан еді.

– Бұл биліктің шіріп жатқандығының көрінісі деп білемін. Бүгінгі күні билік жалпы жүйені басқару процесінен, соның тетіктерінен айрылып қалғанға ұқсайды. Ойына
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.
ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 15 мамыр 2012 жыл.
келгендерін жасайды. Бұл құқық қорғау органдарының бір-бірімен қақтығысы да, бір-бірімен бақталастық әрекеттерінің нәтижесі болуы да ықтимал. Президенттің алдында, яки өзінің ведомствосын басқа ведомстводан артық көрсету бағытындағы амал-әрекеттер болуы мүмкін. Сонша адамды қырып тастау бір адамның қолынан келе бермейді. Бұл жерде ұйымдасқан топ, яғни менің ойымша, құқық қорғау органдарының ішіндегі қылмыстық топтармен ауыз жаласу, сол арқылы осындай әрекеттерге бару мүмкін деп ойлаймын, – дейді бұрынғы бас прокурор, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) төрағасы Жармахан Тұяқбай.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG