Accessibility links

Құқық қорғаушылардың өзі адвокатқа зәру


«Құқық қорғаушылар және азаматтық белсенділердің қауіпсіздік мәселелері платформасы» атты конференцияда отырған құқық қорғаушылар. Бурабай, 23 тамыз 2012 жыл.
«Құқық қорғаушылар және азаматтық белсенділердің қауіпсіздік мәселелері платформасы» атты конференцияда отырған құқық қорғаушылар. Бурабай, 23 тамыз 2012 жыл.
Тамыздың 23-і күні Ақмола облысындағы Бурабайда «Құқық қорғаушылар және азаматтық белсенділердің қауіпсіздік мәселелері платформасы» атты конференция басталды.

Бұл жиынға қазақстандық жетпістен астам құқық қорғаушы мен қоғамдық белсенді қатысып отыр.

Олардың арасында Ермек Нарымбаев, Әсел Нұрғазиева, Ғалым Ағелеуов сияқты азаматтық белсенділермен қатар Марлан Есілбаев, Тала Сағымбаев, Бақтығұл Қанатов, Игорь Колов секілді аймақтағы қоғам белсенділері де бар.

«БІРНЕШЕ РЕТ СОТТАДЫ», «ҰЛЫМДЫ ТҰТҚЫНДАДЫ»

Жиында Қазақстан құқық қорғаушылары түрлі дәрежеде қысым көріп отырғандарына шағым айтты.

«Қазақстанның отаншыл жастар одағының» өкілі Махамбет Әбжанның айтуынша, баяндама жасаған аймақтағы құқық қорғаушылар өздерінің қоқан-лоқыға жиі ұшырайтынына көбірек тоқталған.
«Құқыққорғаушылар және азаматтық белсенділердің қауіпсіздік мәселелері платформасы» атты конференцияда отырған құқық қорғаушылар. Бурабай, 23 тамыз 2012 жыл.
«Құқыққорғаушылар және азаматтық белсенділердің қауіпсіздік мәселелері платформасы» атты конференцияда отырған құқық қорғаушылар. Бурабай, 23 тамыз 2012 жыл.

– Мысалы, өскемендік «Лайф» қоғамдық бірлестігінің өкілі Роман Рейнер телефонының жиі тыңдалатынын, анасы үшін алаңдайтынын айтты. Ақтөбелік құқық қорғаушы Әлима Әбдірова қоғамдық белсенділерге жұмыс орнында қысым жасалатынын айтты, - деді Әбжан.

Жиын туралы Twitter-де хабар таратып отырған ол қоғам белсенділерінің жиында айтқан сөздерінен үзінділер келтірді.

Мәселен, «Заман» ұйымының өкілі Әсел Нұрғазиева жиында «Мамырдың 5-і күні ЕҚЫҰ бақылаушысы болудан бас тартуға мәжбүр болдым. Телефон арқылы белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсетті, ұлымды тұтқындады» деген шағым айтқан.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Бақтығұл Қанатов «Жұмысшылардың құқығын қорғаумен айналысып келемін. Бірнеше рет соттады, көлік апатын ұйымдастырды» деген шағым айтқан.
Мамырдың 5-і күні ЕҚЫҰ бақылаушысы болудан бас тартуға мәжбүр болдым. Телефон арқылы белгісіз біреулер қоқан-лоққы көрсетті, ұлымды тұтқындады.
Әсел Нұрғазиева

Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев «Құқық қорғаушылардың өздері адвокаттың көмегіне зәру, әсіресе аймақта тұратындардың жағдайы мәз емес...» десе, «Ару-ана» қоғамдық бірлестігінің өкілі Әлима Әбдірова жиында құқық қорғаушыларды қорғайтын орталық ашу жөнінде ұсыныс айтқан.

Жиынға қатысып отырған қоғамдық белсенді Ғалым Ағелеуов:

– Менің ойымша, мұндай орталық өте қажет. Әсіресе облыс, аймақтардағы құқық қорғаушылар қорғансыз. Олар өздерімен-өздері күн көріп отыр. Мұндай жүйе құқық қорғаушылар мен халықаралық қауымдастыққа қандай да бір нақты адамды қолдап, көмектесуге мүмкіндік береді. Мұндай адамдар санын арттыру керек, - деді Азаттық тілшісіне.

«ГААГА ПАНА БОЛАДЫ»

Жиында үкіметтік емес ұйымдардың билікпен жұмыс істеу мүмкіндігі туралы да сөз болған. Кейбір үкіметтік емес ұйым өкілдері «билікпен бірге жұмыс жасау керек, сонда іс нәтижелі болады» десе, кейбірі «биліктің өзі диалогқа бармайды, олармен тек соттасуымыз мүмкін» десті.
Қазақстандағы Нидерланд корольдігінің елшісі Питер ван Леувен. Астана, 14 мамыр 2012 жыл.
Қазақстандағы Нидерланд корольдігінің елшісі Питер ван Леувен. Астана, 14 мамыр 2012 жыл.

Махамбет Әбжанның айтуынша, жиында Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы елшісі Питер ван Леувен құқық қорғаушылар үшін Гаага қаласын уақытша паналау мүмкіндігі бар екенін айтқан.

«Гаага қауіп төнген құқық қорғаушылар үшін уақытша пана болады деп келістік» деп, елшінің сөзінен Twitter-де үзінді келтіреді Махамбет Әбжан.

Ақпарат бойынша, құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі проблемасына арналған жиын үш күнге созылады.

Бұл жиынды «Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымы «Frontline» халықаралық ұйымының қолдауымен ұйымдастырып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG