Accessibility links

«Қазақ тілді блогинг» туралы әрқилы пікір айтылды


«Онлайн журналистика және блогинг» конференциясына келген блогшылар суретке түсіп жатыр. Алматы, 8-9 желтоқсан 2012 жыл. Yvision.kz сайтынан алынған скриншот.
«Онлайн журналистика және блогинг» конференциясына келген блогшылар суретке түсіп жатыр. Алматы, 8-9 желтоқсан 2012 жыл. Yvision.kz сайтынан алынған скриншот.
Алматыда өткен «Онлайн журналистика және блогинг» атты конференцияда қазақ тілді блогинг мәселесі де талқыланды. Мамандар «қазақ тілді блогосфера дамып келеді. Бірақ қарқыны төмен» дейді.

Желтоқсанның 8-і және 9-ы күндері Алматыда «Онлайн журналистика және блогинг» деген тақырыпта Орталық Азиядағы тұңғыш блог-конференция өтті.

Блог - интернет пайдаланушы адамның кез-келген тақырыпқа арнаған еркін интернет-жазбасы. Блогтың құрамында мәтін, фото, видео болуы мүмкін.

Жиналған мамандар Қазақстандағы «блогосфераның» жай-күйін талқылады.

ҚАЗАҚ ТІЛДІ БЛОГШЫЛАР ШАҚЫРЫЛМАДЫ

Шараға қатысқан блогшының бірі Бақытжан Бұхарбаев:

- Қазақ тілді блогосфера дамып келеді. Бірақ қарқыны төмен. Қазақ тілді аудитория «агенттен», яғни mail.ru-дан бас тартуы керек еді. Қазақ тілді блогосфераның қарқыны бәсең болуының бірінші себебі - осы mail.ru. Содан соң қазақ тілділер өздері оқшауланып алады, диалог орната бермейді. Мен қазақ тілді болсам да блогымды орысша жүргіземін. Орыс тілділермен үнемі қарым-қатынаста боламын, - дейді.
Қазақ тілді блогшылар «агенттен», яғни mail.ru-дан бастауы керек еді. Қазақ тілді блогосфераның қарқыны бәсең болуының бірінші себебі - осы mail.ru.


150-дей адам қатысқан бұл конференцияға қазақ тілді блогшылар ішінен бір адам ғана шақырылған. Бақытжан Бұхарбаевтың айтуынша, «бұл блог-конференциядан қазақ тілді блогосфераның назардан тыс қалуы - өздерінің кінәсі».

Сонымен қатар, блог-конференция барысында қазақ тілді сайттарды монетизациялаудың (қаржы табу тәсілдері - ред.) алғашқы қадамдары туралы да айтылды. Бұл жайында сөйлеген спикер Жалғас Ертайдың ойынша, «Қазақ тілді сайттардың сапасын арттыру арқылы жарнама нарығынан түсетін қаржыны көбейту керек».

- Қазақ тіліндегі «старт-аптың» (интернет кеңістікті айтады - ред.) жоқтығының негізгі себебі өз аудиторияларын дәл анықтамаған. Қазақ тілді көп сайттар жарнаманы дұрыс пайдаланбайды. Қазақ тілді болсын, орыс тілді болсын, веб-жобаларда жаңа идея жоқ. Сонымен қатар, ақша табуға тырысып жатқан сайттар да жоқ. Монетизациялауда жарнама беруші компаниялармен тікелей жұмыс істегеннен гөрі, арнайы жарнама агенттіктерімен жұмыс істеген ыңғайлы. Барлығында (жарнама берушілерді айтады - ред.) қазақ тілді аудиторияға қызығушылық бар. Өйткені, қазақ тілді аудиторияда статистика, динамика жылдам өсіп келеді, - дейді Жалғас Ертай.

«ҚАЗАҚ ОНЛАЙН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНДА МАМАН ЖОҚ»

- Біздің блогшыларымыз аналитика, саясат туралы мүлдем айтпайды. Олар өздеріне цензура жасап алған. Бір себебі экономикаға, саясатқа қызығушылықтың жоқтығынан болар. Қазақ тілді блогшыларымыздың ортақ тақырыптары - мәдени-танымдық блогтар, өздерінің жеке өмірлері. Бұл конференцияға қазақ тілді блогосферадан бір ғана спикер - Жалғас Ертайды шақырдық. Себебі қазақ онлайн журналистикасы саласында атап айтарлықтай маман жоқ, - дейді yvision.kz блог-тұғырнамасының редакторы Әлия Сембай.
«Онлайн журналистика және блогинг» конференциясына келген блогшылар үзіліс кезінде. Алматы, 8-9 желтоқсан 2012 жыл. Yvision.kz сайтынан алынған скриншот.
«Онлайн журналистика және блогинг» конференциясына келген блогшылар үзіліс кезінде. Алматы, 8-9 желтоқсан 2012 жыл. Yvision.kz сайтынан алынған скриншот.

“Эхо Москвы” радиосындағы бірнеше бағдарламаның авторы, тележүргізуші, блогшы Александр Плющев арнайы қонақ ретінде шақырылып, орыс тілді блогосфераның қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыты жайында айтты.

Конференцияның қорытынды бөлімінде Yvision.kz блог-тұғырнамасының нұсқасы бойынша биылғы жылдың ең үздік блогшылары марапатталды.

«Жыл блогері» атағын Гүлнар Бажкенова иеленсе, «Блог-репортёр» аталымы бойынша - Святослав Антонов, үздік аналитикалық блогшы ретінде - Бағлан Айдашев, «әлеуметтік репортаж» аталымы бойынша - Дидар Кушаманов, «үздік киноблог» аталымы бойынша - Артем Воробьев марапатталды.
XS
SM
MD
LG