Accessibility links

«Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев екінші рет сотталды


Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Нәби Пазылов үкімді оқып тұр. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Нәби Пазылов үкімді оқып тұр. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатыспай қойды.

Бүгін Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 сотында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің үстінен қозғалған екінші қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

ҮКІМ

- Сот тағылған барлық айыптар бойынша Жәкішевті кінәлі деп тауып 10 жыл жаза берді. Бірақ қылмыстық кодекстің 58-бабы, 6-тармағында көрсетілген ережелерге сәйкес, бұл он жыл бұрынғы үкімдегі жазамен «біріктірілді». Осылайша түпкілікті шешім - бұрынғы 14 жыл сол күйінше қалды, - дейді Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.
Мұхтар Жәкішевке шыққан сот үкімі оқылған кезде ақпарат құралдары ғана болды. Астана, 21 маусым 2012 жыл.

Мұхтар Жәкішевке шыққан сот үкімі оқылған кезде ақпарат құралдары ғана болды. Астана, 21 маусым 2012 жыл.


Оның айтуынша, сотқа айыпталушы Мұхтар Жәкішевтің өзі не туыстары қатыспаған. Сотқа қатысқан Азаттық тілшісінің айтуынша, үкім оқылған кезде ақпарат құралдары болған.

Бірінші қылмыстық іс бойынша 14 жылға сотталған Мұхтар Жәкішевтің үстінен екінші қылмыстық іс 2011 жылдың аяғында қозғалды. Оған «ірі көлемдегі алаяқтық» (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау» (176-бап), «заңдастыру» (193-бап), «қылмыстық топ құру» (235-бап), «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылды.

«АЙЫПТАЛУШЫСЫЗ ӨТКЕН СОТ»

Адвокат Нұрлан Бейсекеев:

- Қаңтар айының басында Мұхтар Еркінұлы сот процесіне қатысудан бас тартты және өзінің адвокаттарына – маған және Палада Тепсаеваға да қатысуға тыйым салды. Алайда судья оны қатысуға көндірген болатын. Белгілі бір уақыт бойы Мұхтар Еркінұлы және біз - оның адвокаттары сот отырыстарына барып жүрдік. Бірақ ақпан айында Мұхтар Еркінұлы сот процесіне қатысудан түбегейлі бас тартып, бізге де баруға тыйым салды, - дейді.
Мұхтар Жәкішевтің балаларымен бірге түскен суреті.

Мұхтар Жәкішевтің балаларымен бірге түскен суреті.


Оның айтуынша, сот Жәкішевке басқа адвокат тағайындап, небәрі бес отырыстың ішінде істің ең күрделі бөлігін қарастырып үлгерген.

- Қорғауымдағы азамат соттан бас тартып және өзінің адвокаттарына да сот отырысына қатысуға тыйым салғаннан кейін, істің ең ірі және ең күрделі бөлігі (жер байлығын пайдалану мәселесіне қатысты – Н.Б) сот тағайындаған мемлекеттік адвокаттың қатысуымен қарастырылды. Біз жоқ кезде істің бұл бөлігі бес сот отырыстың ішінде қаралған, - дейді Нұрлан Бейсекеев.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырдың 21-і «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-і тұтқындалды.

2010 жылы наурыздың 12-сі Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Мұхтар Жәкішевті «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын катаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

2011 жылдың соңында ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады. Оған «ірі көлемдегі алаяқтық» және «өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау» айыбы тағылды. 2011 жылы қазан айында ҰҚК істі прокуратураға тапсырды. Бұл іс бойынша сот 2011 жылы қарашаның 15-і күні басталды. Үкім жеті айда шықты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG