Accessibility links

Қашқымбаевтың «экстремизм» айыбы түсініксіз


«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шыққан бетте «экстремизмді насихаттады» деген жаңа айыппен қайта тұтқындалды. Бұл істің жай-жапсары әлі анық емес.

Астаналық пастор Бақытжан Қашқымбаевтың қазанның 8-і күні абақтыдан босаған бетте қайта қамауға алынуы құқық қорғаушыларды есеңгіретіп тастады.

Қылмыстық айып бойынша бес ай қамауда отырып, еркінен тыс психиатриялық сараптамадан өткен 67 жастағы пастор халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ықпалымен босатылды. Абақтыдан босауына денсаулығының нашарлауы да себеп болды. Енді «Благодать» шіркеуінің пасторына бұрынғыдан да ауыр, экстремизмге қатысты айып тағылды.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Ол осы күні қайта тұтқындалды. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев абақтыдан шығып келеді. Ол осы күні қайта тұтқындалды. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

Қамауға алу туралы қазанның 10-ы күні шыққан қаулыда Бақытжан Қашқымбаевқа қылмыстық кодекстің 233-1 бабы, 2-бөлімі бойынша айып тағылғаны көрсетілген. Қаулыда «Бұл ауыр әрі қоғамдық қаупі жоғары қылмыс болып танылады. Б.Қ.Қашқымбаевты айыптауға 27.09.2013 ж. шыққан сараптаманың «Благодать» діни бірлестігінің қызметінде экстремизмді насихаттау әрекеті анықталды деген №5225 ұйғарымы негіз болды» деп жазылған.

Пастордың адвокаты Риза Нұрбаеваның айтуынша, «тергеу органдары сарапшының ұйғарымымен танысуға әзірше мүмкіндік бермей отыр». Пастордың отбасы да жаңа қозғалған қылмыстық іске қатысты ешқандай құжатты көрмеген.

Forum 18 құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, «Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), Астана прокуратурасы мен ішкі істер департаменті (ІІД) «экстремизмді насихаттау» деп аталған қылмыстық іс жөнінде түсінік беруден бас тартқан».

Қылмыстық кодекстің «Терроризмді не экстремизмді насихаттау немесе терроризм не экстремизм актісін жасауға жария түрде шақыру» деген бабының екінші бөлімі бойынша үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал Қазақстан билігі құрамына астаналық «Благодать» шіркеуі кіретін «Грейс» миссиясына «тыңшылықпен, алаяқтық әрекеттермен айналысты, экстремистік мәтіндерді таратты, галлюциогендік сусындар қолданды» деген айыптар тақты. Бірақ шіркеу басшылары бұл айыптарды мойындамайды.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев. Фото жеке мұрағаттан алынды.

«Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев. Фото жеке мұрағаттан алынды.

Жуырда Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) сайтында Алматыдағы «Благодать» шіркеуінен Қазақстан билігі тыйым салған («Авраам әулетінің үзілген тармағын сауықтыру» («Исцеление сломанной ветви Авраама») сияқты «экстремистік» мазмұндағы кітаптар табылғаны туралы ақпарат пайда болды.

Пастор Бақытжан Қашқымбаев биыл мамыр айынан бері қамауда отыр. Оған әуелі шіркеуге келушілердің бірінің денсаулығына «уағыз арқылы ауыр зардап келтірді» деген айып тағылды. Қазанның 19-ы күні 67 жасқа толатын пастор туған күнін енді Астана қаласындағы №12 тергеу изоляторында қарсы алады.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG