Accessibility links

Eurasia View: Қазақстан ВИЧ-пен күресте көп іс атқарды


ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

Шетелдік басылым Шымкент қаласындағы ВИЧ ауруына қатысты мақала басты. Тілші «Қазақстан ауруханаларында ВИЧ жұқтыру айтарлықтай азайды» дейді.

Eurasia View («Еуразия Вью») басылымы Орталық Азияға қатысты тақырыптарды жазатын тәуелсіз журналист Джоанна Лиллистің бұл мақаласын желтоқсанның 12-і күні жариялады.

«БІРНЕШЕ РЕТ ҚОЛДАНЫЛҒАН ШПРИЦТЕР»

Басылым жариялаған мақала жеті жасар Азамат есімді баланың Оңтүстік Қазақстан облысындағы шағын ауылда тетелес бауырларымен асыр салып ойнап жүргенін сипаттаудан басталған.

Азаматтың ата-анасы осыдан алты жыл бұрын ұлдарының ВИЧ ауруын жұқтырғанын естігенде сенер-сенбесін білмеген.

«Қазақстанда 150 бала ВИЧ-ке шалдығып, үлкен жанжал басталғанда, олардың арасында Азамат та бар еді» деп жазады басылым.
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер «Ана мен бала» орталығында отыр. Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер «Ана мен бала» орталығында отыр. Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.


Мақала авторының дерегі бойынша, 2006 жылы Шымкент қаласындағы қан құю орталығында ВИЧ вирусы нәрестелерге жаппай жұққан.

Мақала авторы «ВИЧ вирусының жаппай таралуы қан құю орталығын жайлап алған жемқорлықты әшкере етті» деп біледі. Орталық мамандары бір-ақ рет пайдаланылатын шприцтерді бірнеше рет қолданған. Қоймадағы қандар пайда табу үшін жеке адамдарға сатылған.

Мақалада сақтық үшін ата-аналар мен балалардың аты- жөндері түгел өзгертілген.

«АЛТЫ ЖЫЛДА 10 СӘБИ ДҮНИЕДЕН ӨТТІ»

Азаматтың анасы Айнұр сол кезде сегіз жастағы ұлына ВИЧ жұқты дегенді естіген кездегі жағдайын сөзбен айтып жеткізе алмайды. Сол кезде ВИЧ туралы ақпараттың аз болғаны сонша, дәрігерлер «Көбірек алма жеңдер» деп кеңес берген.

«Жанымызды қоярға жер таппадық. Жеткілікті ақпарат ала алмадық. Психологиялық жәрдем де жетіспеді» дейді Азаматтың әкесі Марат. Отбасы ауыр күйзеліске түскен. Балалары ВИЧ-ке шалдыққан басқа ата-аналар да дәл осындай күй кешкен.
Кішкентай Жарас және «Балаларды СПИД дертінен қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Жаннета Жазықбаева. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.

Кішкентай Жарас және «Балаларды СПИД дертінен қорғау» қайырымдылық қоғамдық қорының президенті Жаннета Жазықбаева. Шымкент, 22 мамыр, 2010 жыл.


Одан бері алты жыл өтті. Шымкенттегі «Балаларды СПИД дертінен қорғау» қоғамдық қоры сырқат балалардың құқығын қорғап келеді. Осы ұйымның басшысы Жаннета Жазықбаева «мемлекет қаржыландыратын антиретровирустық терапия жұмыстары балаларға арналған ауруханада жалғасып жатыр» дейді. Бұл ауруханада зардап шеккендерге психологиялық кеңестер де беріледі. Бірақ 2006 жылдан бері ВИЧ жұқтырған балалардың он шақтысы көз жұмды.

«ЖЕҢІЛ ЖАЗАМЕН ҚҰТЫЛҒАН БЕС БАСТЫҚ»

Мақала авторының зерттеуінше, балалары ауырған жанұялар қаржылай жәрдем алып тұрады. Үкімет оларға бір жолғы жәрдемақы ретінде 10 мың доллардай ақша берген. Кейбіреулері одан азырақ алған.

Сырқат балалар 18 жасқа толғанша үкімет оларға ай сайын 160-225 доллар көлемінде жәрдемақы төлеп тұрады. «Осындай шаралар қолданғаны үшін үкіметке алғыс айтса да болады» дейді Жазықбаева. Бірақ ол «бұл мәселеге ұдайы назар аудартып тұрудың қиын екенін» де айтты.

«2006 жылы ВИЧ-тің шуы шыққанда Астана жанжалды реттеу үшін шұғыл шаралар қолданды» деп жазады басылым.
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер ойнап отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер ойнап отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.


Автордың зерттеуінше, «жемқорлыққа жол берді, қызметіне немкетті қарады» деп айыпталған 16 дәрігер сотталған. Бірақ бұл істен хабары бар кейбір мамандар «Сотталған дәрігерлер жемқорлық жайлаған денсаулық сақтау саласының құрбаны болды» дейді.

Еurasia View «Кейбір ата-аналар осы оқиға бойынша жауап беруі тиіс бес басшының шартты жазамен құтылғанына наразы» деп жазады. Олардың ішінде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қарындасы Нұрсұлу Тасмағамбетова да бар.

«ҚОҒАМ ВИЧ-ТІ ҚАБЫЛДАЙ АЛМАЙДЫ»

Денсаулық сақтау саласының басшылары «Қолданылған шприцтерді қайта пайдалану сияқты өрескел қателіктер тоқтатылды» деп мәлімдеді.

Ресми статистика да «2007 жылы Қазақстанда ауруханалар арқылы ВИЧ жұқтыру фактісі тіркелген жоқ» деген мәліметті растайды.

UNICEF-тің СПИД бойынша Орталық Азияға жауапты кеңесшісі Ядранка Мимика «Меніңше, Қазақстан үкіметі ауруханаларда ВИЧ ауруы таралмас үшін көп іс атқарды» дейді. Дәрігерлер де «сырқат балаларға беріліп жатқан дәрі-дәрмектің сапасы өте жоғары» екенін айтады.
Халықаралық СПИД-пен күрес күні (1 желтоқсан) қарсаңында құмнан жасалған 100 метрлік СПИД-пен күрес белгісі. Үндістан, 30 қараша 2012 жыл.

Халықаралық СПИД-пен күрес күні (1 желтоқсан) қарсаңында құмнан жасалған 100 метрлік СПИД-пен күрес белгісі. Үндістан, 30 қараша 2012 жыл.


Автор «Қазақстанның 2008 жылдан 2011 жылға дейін ВИЧ және СПИД-пен күреске бөлген қаражаты екі есеге - 34 миллион долларға дейін өсті» деп жазады.

Eurasia View тілшілеріне сұхбат берген ата-аналар емдеу жұмыстарының сапасына көңілдері толатынын айтқан. Автордың пайымдауынша, ВИЧ жұқтырған балаларды мұндағы халық әлі күнге қабылдай алмайды.

Көптеген ата-аналар балаларының ВИЧ жұқтырғанын барынша жасыруға тырысады.

«Біздің қоғамдық менталит бұған дайын емес» дейді тілшіге сұхбат берген Динара есімді ана.

Қоғамдық белсенділер 2012 жылы қазан айында ВИЧ жұқтырған екі баланы жеке меншік мектептен шығару оқиғасына наразылық танытқан еді. Прокурорлар бұл оқиғаны тексергенімен, мектеп басшыларына ешқандай шара қолданған жоқ.

Мақала авторы келтірген мәліметке қарағанда, 2012 жылдың қыркүйегіндегі санақ бойынша Қазақстанда қазір ВИЧ-ке шалдыққан 19 мың 183 адам бар. Бұл - халықтың 0,1 пайызы. Оның 393-і - балалар. Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, осы 393 баланың 229-ы Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады.

Баспасөз шолуын әзірлеген Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG