Accessibility links

Теміртауда Назарбаев туралы фильмнің жалғасы түсіріліп жатыр


"Елбасы жолы" фильмі яхт-клуб аумағында түсіріліп жатыр. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.
"Елбасы жолы" фильмі яхт-клуб аумағында түсіріліп жатыр. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.
Әзірге фильмнің көпшілік алдына шығатын мерзімі ғана белгілі. Түсірушілер актерлердің аты-жөндерін де жасырып отыр.

Өткен жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сәби кезінен бозбала шағына дейінгі өмірін қамтыған «Балалық шағымның аспаны» атты фильмнің тұсаукесері болып, дүкендерге дискісі де түскен еді.

«ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ»

Фильмнің режиссері Рүстем Әбдірәшев енді президенттің жастық шағын түсіруге кірісті. Онда жас Назарбаевтың туған ауылынан Қарағанды қаласына келіп, қалай металлург болғаны, алғашқы достары жайында айтылады. Жолдамамен Украинаға барып, біліктілігін арттырып, еліне қайта оралуы сияқты оқиғалар да баяндалады.

Фильмде президенттің алғашқы махаббаты туралы да көріністер бар.

Фильм жайлы қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан «Қазақфильм» студиясы тек атауын ғана айтты. Фильм «Елбасы жолы» деп аталады.

«Қазақфильмнің» баспасөз қызметінің айтуынша, фильм жайында ақпарат бермеу туралы «жоғарыдан нұсқау» болған. Ал фильмнің режиссері Рүстем Әбдірәшевтің телефоны өшірулі тұрды.

ТЕМІРТАУДАҒЫ ТҮСІРІЛІМ

Фильмді түсіру жұмыстары шамамен бір ай бұрын басталған. Қазір түсіру тобы Теміртауда жұмыс істеп жатыр. Азаттық тілшісіне сұхбат беруге келіскен түсіру тобының өкілі (аты-жөнін айтпады – ред.) «фильмдегі бірқатар көріністердің бұған дейін Эстония, Ресей, Украинада түсірілгенін» айтты.
"Елбасы жолы" фильмі яхт-клуб аумағында түсіріліп жатыр. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.
"Елбасы жолы" фильмі яхт-клуб аумағында түсіріліп жатыр. Теміртау, 22 тамыз 2012 жыл.

Теміртауға барғандар фильмді негізінен қаланың ескі жағында түсіріп жатыр. Себебі қаланың осы бөлігінде сталиндік кезеңдегі ескі ғимараттар сақталған. Картинаға қаладағы мәдениет сарайы, трамвай депосы, металлургиялық комбинат, энергетиктердің мәдениет сарайы, яхта-клубы ілінген.

Әзірге фильмде ойнайтын актерлердің аты-жөндері айтылмайды. Олар Қазақстан және Ресей актерлері екені ғана анық.

Фильмді түсірушілердің айтуынша, көп адам қатысуы тиіс көріністерге жергілікті тұрғындар шақырылған. Қаланы аралап, тұрғындардан сол кездегі ескі заттарды жинайтын арнайы көлік те шығарылған.

– Абай қаласында бірінші мамыр мерекесін қалай тойлағаны жайлы түсірдік. Көп адамдар плакат, жалау, сол кездегі саяси тұлғалардың суретін ұстап көшеге шығады. Билеп, өлең айтып, баян тартады, - дейді Азаттыққа сұхбат берген фильм түсірушілердің бірі.

ФИЛЬМНІҢ БЮДЖЕТІ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ ЖОҚ

Оның айтуынша, сценарийді режиссер Рүстем Әбдірашев жазған. Түсірерден бұрын оны президент айналасындағы адамдар оқып шығып, мақұлдаған.
«Балалық шағымның аспаны» кинофильмінің афишасы. Фото www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды.
«Балалық шағымның аспаны» кинофильмінің афишасы. Фото www.kazakhfilmstudios.kz сайтынан алынды.

– Онда ешқандай жасанды көрініс жоқ. Бәрі президенттің өмірінен алынған, - дейді түсірілім тобының өкілі.

Өткен жылы «Балалық шағымның аспаны» фильмінің авторлары сюжеттердің Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» атты кітаптарынан құрастырылғанын айтқан еді.

Фильмді түсірушілер туындыны келесі жылы аяқтап, президенттің туған күні қарсаңында көпшілікке ұсынбақ. Ал оның бюджеті туралы ақпарат әзірге беймәлім.

Өткен жылы «Балалық шағымның аспаны» атты фильмді түсіруге үш миллион АҚШ доллары кеткені хабарланған. Жаппай прокатқа жіберілген фильмнің өз бюджетін қаншалықты ақтағаны туралы ақпарат сол күйі шыққан жоқ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG