Accessibility links

Астанадағы ЕҚЫҰ-ның саммитіне отызға жуық елдің басшысы келмей қалды


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (оң) және Қанат Саудабаев, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі (сол). Астана 1 желтоқсан 2010 жыл
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті (оң) және Қанат Саудабаев, Қазақстанның мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі (сол). Астана 1 желтоқсан 2010 жыл

Бүгін желтоқсанның 1-і күні Астанада ЕҚЫҰ саммитінің бірінші күні аяқталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өзі төрағалық еткен ұйымды дағдарыстан шығаруға талпынғанын айтады және ол әрекеті лайықты бағасын алады деп үміттенеді.



«МҰХИТТАН МҰХИТҚА ДЕЙІН»

Осыдан 35 жыл бұрын осы ұйымның Хельсинки қағидасымен көтерілген бастамасы «Атлантикадан Оралға дейін» деп аталған болса, ЕҚЫҰ-ның қағидасымен «Ванкуверден Қиыршығысқа дейін» кеңістігі болып бекітілді.

Қазақстан президенті енді осы ауқымның жаңа аумаққа кеңейгенін мәлімдеді.

- Біз қауіпсіздік және ынтымақтастықтың бұдан да кеңірек «Мұхиттан мұхитқа дейін» деп аталатын жаңа дәлізіне көштік. Бұл жерде әңгіме төрт мұхит шекараласқан қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін қалыптастыру туралы болмақ, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
ЕҚЫҰ саммитіне қатысушылар. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Сонымен қатар Қазақстан басшылығы бірқатар ұсыныстар жасады. Ұйымның қазіргі төрағасы болып отырған ел, ЕҚЫҰ-ның құрылымын кеңейту қажет екенін және де осы ұйымның қауіпсіздік институтын құрауға шақырды. Және де Назарбаев қауіпсіздік институтын Астанада құрғысы келетінін білдірді.


ҚАЗАҚСТАН АРҚЫЛЫ АУҒАНСТАНҒА ӘУЕ ЖҮГІ ТАСЫМАЛДАНАДЫ


Жалпы, арада 11 жылдан кейін өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның саммитіне 57 елдің басшысы келеді деп хабарланған болатын. Алайда Астанаға 28 елдің президенті келді, қалған мүше елдерден үкімет жетекшілері мен түрлі министрлер қатысты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Саммит кезінде Қазақстан президентімен кездесу өткізген АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Қазақстан арқылы Ауғанстанға әуе транзиттік жүк тасымалдау жөніндегі келісімге келгендерін мәлімдеді. Сонымен қатар Хиллари Клинтон, Орта Азия елдерінде адам құқықтары мен сөз бостандығы саласындағы мәселелер шешімін табады деп сенім білдірді.

Қазақстан бірнеше аптадан кейін ұйымның жетекшілігін Литва еліне табыс еткенімен тағы бір жыл үштің мүшесі болып қала береді, - дейді ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы.


МЕДВЕДЕВ СӨЗ АЛҒАНДА СААКАШВИЛИ ШЫҒЫП КЕТТІ

Жиын барысында сөз алған Ресей президенті Грузияны сынға алғандай сыңай танытты. Абхазиядан әлі де әскерін шығармай отырған Грузияның әрекетін Ресей басшысы тілге тиек еткенімен ол сынды Михаил Саакашвили естіген жоқ. Өйткені Ресей президенті сөйлей бастағанда-ақ Грузия президенті орнынан тұрып кеткен болатын.
Михаил Саакашвили, Грузия президенті. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Ал кезегі тиіп сөз алған Грузия басшысы Михаил Саакашвили Дмитрий Медведевті келіссөзге шақырды. Саакашвили бұл жолғы келіссөзде «грузия - осетия» мәселесі бейбіт жолмен шешіледі дегенге сендірді. Бір айта кететін жайт – Михаил Саакашвили мәлімдеме жасаған кезде Дмитрий Медведев Астанадан ұшып та кеткен болатын.

Саммитте өткен көктемде Қырғыз елінде болған қанды оқиға мысалға көп алынды. Жиынға қатысушылар қырғыз елінде болған ұлттар арасындағы алауыздыққа алдағы уақытта жол бермеуге шақырды. Ал Қырғызстан президенті Роза Отынбаева Ош және Үзген қалаларында қырғыз бен өзбек ұлттары арасында болған қақтығыстың себеп-салдарын тексеріп жатқан тергеу нәтижесі 2011 жылдың қаңтарында жарияланатынын айтты.
Дмитрий Медведев, Ресей президенті ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

Қарашаның соңына дейін жылы болып тұрған Астананың ауа-райы саммит басталардан бір күн бұрын күрт суытты. Саммиттің алғашқы күні түстен кейін қарлы боран басталды. Жиын ертең де жалғасады.
XS
SM
MD
LG