Accessibility links

«Алға» партиясының алдағы әрекеті жайлы әртүрлі пікір айтылды


Тіркелмеген "Алға" партиясының акцияларының бірі. Көрнекі сурет.

Тіркелмеген "Алға" партиясының акцияларының бірі. Көрнекі сурет.

Саясаткерлер «жетекшісі сотталып, кеңселері тәркіленген «Алға» оппозициялық партиясы үшін қиын-қыстау кезең туды» деген ортақ пікір айтады. Енді біреулер қаржыландыру көзі сол күйі қалды дейді.

Тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козлов сотталып, оның мүлкі (оның ішінде партияның кеңселері ретінде пайдаланылған пәтерлер) тәркіленіп жатқан тұста ең белсенді оппозициялық құрылымның тағдырына қатысты сұрақтар туындады. Бұл мәселенің тағы бір қыры - «Алға» партиясының сыртында аса ірі саяси эмигрант және олигарх, президент Назарбаевтың бас сыншысы Мұхтар Әблязов тұр.

«Алға» партиясы астыртын әрекетке көше ме, әлде бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдин құрған Қазақстанның республикалық халық партиясы (ҚРХП) сияқты тыныш қана тарап кете ме? Ол тоқырауға ұшырай ма әлде керісінше қызу әрекетке көше ме? Партия тіркелмегендіктен билік оның қызметіне мүлде тыйым салуы мүмкін бе? Біз бұл сауалдарды түрлі деңгейдегі бірнеше саясаткерге қойдық.

ҚАЖЫГЕЛДИН ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚҰРДЫМҒА КЕТУ ТАРИХЫНАН САБАҚ АЛУ

Бұл сауалдарға алғашқы болып саясаткерлер - ҚРХП-сының бұрынғы жетекшілері Әміржан Қосанов пен Ғазиз Алдамжаров жауап берді.

"Азат" ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

"Азат" ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 14 мамыр 2012 жыл.

Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) бас хатшысы Әміржан Қосановтың айтуынша, саяси партияны жылдар бойы тіркеуден өткізбеуге болар, бірақ азаматтардың бірігіп, заң аясында жария саяси жұмыс жүргізуіне тыйым салу мүмкін емес.

- Сот үкімінен түсінгенім, «Алғаның» қызметіне тыйым салынған сот шешімі жоқ. Сондықтан партияның тағдырын өзінің съезінде «Алғаның» мүшелері шешуі тиіс деп ойлаймын. Осылай істеген жөн болады. «Алға» өмір сүре ме, жоқ па - бұл мәселені тек съезд ғана шешуі тиіс, - дейді Әміржан Қосанов.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешу барысында партияны тіркеуден өткізудің ұзақ жылдарға созылып, «Алғаның» жетекшісі мен партия белсенділеріне қатысты жақында шығарылған сот шешімдеріне байланысты бүгінгі қалыптасқан жағдай ескерілгені жөн. Әміржан Қосанов «партия тыныш қана тарап кетсе, өкінішті болады» дейді.

- Тіркеуден өтпегеніне қарамастан «Алға» осы жылдар ішінде өте ауыр жағдайда оппозициялық, бірақ тиімді партиялық жұмыс жүргізді. Оның тәжірибесі мен әлеуетін бүкіл қоғам игілігіне пайдаланған абзал еді, - дейді Қосанов.

Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров сот «Алға» партиясына қатысты ешқандай шешім қабылдаған жоқ дейді. Оның сөзіне қарағанда, партияның аймақтық филиалдарының кеңселері ретінде пайдаланылып келген Владимир Козловтың меншігіндегі пәтерлерді сот шешімімен тәркілеу арқылы билік партияны материалдық тірегінен айырғысы келеді.
Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.

Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров. Алматы, 3 мамыр 2012 жыл.


- Қаржылық қолдауы, материалдық базасы жоқ кез келген партия өмір сүре алмайды. Билік партияның өзін қудаламай, оның материалдық және қаржы ресурстарын тартып алу арқылы партиямен басқа әдіс-тәсілдермен күресуді таңдады, - дейді Ғазиз Алдамжаров.

Коммунистік партияның жетекшісі бұл қиындықтарға қарамастан, «Алға» партиясы белгілі бір жағдайда тіршілік ете алады деп есептейді.

- Егер оның мүшелерінде күресуге деген ерік-жігер болса, партия аман қалады. Оларда мұндай мүмкіндік бар. Қазіргі жағдай партияны басқаруға кімнің келетініне байланысты өрбиді. Көп нәрсе басшыға байланысты. Партияны мына тығырықтан шығара алатындай лайық тұлға қазір Қазақстан аумағында жоқ. Бұл ұйымның беделін көтеріп, партиядан күдер үзіп немесе қорқып кетіп қалған адамдарды оның қатарына қайтару қажет. Оларды сендіру керек. Қазір партияның өзі жарым-жартылай талқандалған халде. Адамдарды өз қатарына тарту үшін нақты жоспар мен бағдарлама қажет. Егер жетекшілік ететін лайықты адам табылса, оған идеологиялық, ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамту міндеттерін шешіп, бәрін басынан бастауға тура келеді, - дейді Ғазиз Алдамжаров.

Оның пайымдауынша, билік алдағы уақытта «Алға» партиясын тыныш қоюы екіталай:

- Олар партияның ізіне түседі. Партия еңсе көтермес үшін барын салуға тырысып бағады, - дейді ол.

«АЛҒА» МЕН «АЗАТ» ҚОСЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?


ҚРХП-ның бұрынғы белсендісі, оппозициялық «Дат» газетінің «бас оқырманы» Ермұрат Бәпи «Алға» партиясының болашағы жайлы сауалға күтпеген қырынан жауап берді:
Журналист Ермұрат Бәпи. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.

Журналист Ермұрат Бәпи. Алматы, 23 сәуір 2012 жыл.


- Менің ойымша, тіркелмеген «Алға» партиясы осы процесс негізінде басқа қатысушылармен бірігіп, жаңа қоғамдық ұйым құру үшін енді Еуразиялық одаққа қатыспау жөніндегі референдум өткізу туралы бастамаға қосылуы тиіс деп ойлаймын, - деді.

Ермұрат Бәпи «мұндай референдумды өткізуге бастама көтеруде нәтиже емес, процестің өзі маңызды» дейді.

- Референдум бола ма, жоқ па - басқа мәселе. Алайда бұл референдумды өткізу туралы бастама көтерген күштер бірігіп, жаңа атаумен жаңа саяси күш құруы керек. Онда «Алғаның» да, ЖСДП-сынан бөлініп кеткен «Азаттың» да мүшелері, интеллигенцияның, басқа қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірігуі қажет. Бұл істе «Алға» жетекші рөл атқаруы тиіс, - дейді Ермұрат Бәпи.

Ермұрат Бәпидің айтуынша, оппозициялық ЖСДП мен «Азат» екеуінің ішінде тек ЖСДП ғана ресми тіркелген көрінеді.

- «Азат» партиясы бірігу үшін өзін өзі таратты. Бұл жөнінде ЖСДП мен «Азатты» бірлескен съезінде «Азат» ЖСДП партиясын құру туралы шешім қабылданған кезде жария етілді. Алайда партия мұндай атаумен тіркеуден өтпеді де, «Азат» тіркелмеген партия болып қалды. Енді іс жүзінде ЖСДП ғана заңды тұлға болып қалды, - деп түсіндірді Бәпи.

«Азат» партиясының жетекшісі, ЖСДП-сының ресми жетекшілерінің бірі Болат Әбілов «Алға» партиясы біраз өзгеріске ұшырағанымен, өз жұмысын жалғастырады деп есептейді:
"Азат" ЖСДП жетекшілерінің бірі Болат Әбілов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.

"Азат" ЖСДП жетекшілерінің бірі Болат Әбілов. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл.


- «Алға» партиясының жетекшісі түрмеде отыруы, кеңселерінің тәркіленуі қиындықтың басы ғана. Бірақ бұл үлкен проблема болғанымен, партия өзінің қызметін жалғастыра береді деп ойлаймын. Идеологиясы, режимге қарсы тұру стратегиясы бар партиядағы жігіттер мықты. Әрине, өзгерістер болады. Тактика мен стратегияны ойластыру керек. Бірақ партияның саяси сахнадан кетпейтініне және өзінің жұмысын жалғастыратынына мен сенімдімін, - деді.

Болат Әбілов «Алға» партиясының басқа оппозициялық күштермен бірігу мүмкіндігін де жоққа шығармайды:

- Біз оппозицияның бірігуін әрдайым қолдап келдік. Өз тарапымыздан біз келіссөзге, кез келген мәселені талқылауға әзірміз. Мұның бәрі процесс, айту керек, талқылау керек.

Болат Әбілов «билік «Алға» партиясын саясаткер және банкир Мұхтар Әблязовпен байланысы үшін құртқысы келеді» деген ойын айтты:

- «Алға» ешқашан экстремистік партия, ал Владимир Козлов ешқашан экстремист адам болған емес. Сотта партияның немесе оның жетекшісінің экстремизмге қатысын дәлелдейтін бір де бір айғақ келтірілмеді, сот бұл іске саяси астар таңды. Біз мұны түсінеміз. Билік Мұхтар Әблязовпен әріптестік қатынаста болған партияны тұқыртып алғысы келеді. Ақорданың Мұхтар Әблязовті жек көретіні белгілі, оны «нөмірі бірінші халық жауы» санайды. Сондықтан мына процесс - «Алға» партиясының беделін түсіріп, көзін құрту үшін жасалған айла, - дейді Болат Әбілов.
Билік Әблязовпен әріптестік қатынаста болған партияны тұқыртып алғысы келеді. Ақорданың Әблязовті жек көретіні белгілі, оны «нөмірі бірінші халық жауы» санайды. Мына процесс - «Алғаның» беделін түсіріп, көзін құрту үшін жасалған айла.

Болат Әбіловтің айтуынша, Козловқа қатысты өткен сот процесі бұл партия үшін ғана емес, басқа да оппозициялық күштер үшін де маңызды.

- Біз оқиғаның кез келген бағытта өрбуіне әзірміз. Елдегі режимді білеміз, ол оппоненттерінің үн-түнсіз тыныш отырғанын қалайды. Әрине, біз өз бағытымыздан таймай, бар ерік-жігерімізбен күресеміз. Бізге қарсы әлдебір сот процестері басталып, қудалауға ұшырауға да әзірміз. Бірақ оның болашағы жоқ. Режим мен әміршілдік жүйе түбі бәрібір құриды. Режим қанша қарсыласқанымен, бәрібір өзгеріс болады. Интернет ғасырында ой-сананың таралуына тыйым салуға болмайды. Біз оптимистпіз. Қазақстанда өзгерістер енді ғана басталып келеді. Режим бәрін өз уысында ұстағысы келеді, бірақ өз маңындағыларға шамасы келмей отыр. Режим мәңгі билік жүргізгісі келеді. Табиғат пен қоғамның даму заңдары ғана мәңгілік, ал режим бүгін бар, ертең жоқ нәрсе, - деп есептейді Болат Әбілов.

«АЛҒАНЫҢ» МҮШЕЛЕРІ БАСҚА ҰЙЫМДАРҒА ӨТЕ МЕ?

Оппозициялық саясаткер Төлеген Жүкеев «Алға» партиясы белгілі бір формада жұмыс істеуді жалғастырады дейді.

- Партияның қатарында өте көп үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның ең белсенді және адал жақтастары азаматтық қоғамда істейді. Олар қалады. Бірақ «Алға» партиясы болып қалуы екіталай. Оның ұстанымына берік жақтастары режиммен күресті тіркелмеген болса да осы ұйымда жүріп немесе басқа саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, қозғалыстар қатарында жалғастыратын болар. Бұл арада мен «Алғаның» саяси бағыты дұрыс-бұрыс деуден аулақпын. Әйтеуір бір нәрсе анық, ол партияға деген сенім көпке дейін қалуы мүмкін, - дейді Жүкеев.

Төлеген Жүкеев «осыдан алты-жеті жыл бұрын «Алға» партиясына ұсыныс жасағандай, оппозициялық күштер бірігуі қажет» дейді.

- Егер ол кезде біріксек, қазір мықты ұйым - партия болар едік. Онда ЖСДП да бөлінбес еді, коммунистер де саяси партия ретінде құрымас еді,- дейді Төлеген Жүкеев.

«Алға» мен «Азат» партияларының екеуі де тіркелмегендіктен Төлеген Жүкеев «Азат» партиясының ерекше жағдайда екеніне назар аударды:
Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.

Оппозицииялық саясаткер Төлеген Жүкеев. Алматы, 13 шілде 2012 жыл.


- Қазір «Азат» - заң жүзінде жоқ партия және ол ашық саяси алаңда жеке саяси күш ретінде көріне алмайды. «Азат» пен ЖСДП саяси тұрғыдан бөлінген жоқ, жасыратыны жоқ, шындық - осы. «Алға» мен «Азат» партияларының арасында айырмашылық бар. «Алға» - әу бастан тіркеуден өте алмаған партия. Ол тіркеуден өту үшін табандылықпен талаптанды, тіркелмесе де режиммен саяси күресін тоқтатпады. Жұрттың санасында ол жайында белгілі бір саяси идеялардың ұйтқысы, жақсы ұйымдасқан партия деген пікір қалыптасты. Ал Болат Әбілов, Маржан Аспандиярова, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бәпи сияқты саясаткерлердің «Азат» партиясын құру перспективасына келсек, Ақорданың тапсырмасы бойынша оларды ЖСДП-нан шығарып жіберу қаупі бар.

«Құрылған бетте билікпен ымырасыз күрескен «Алға» партиясын биліктің тыныш қоймайтынын әу бастан сезгенмін» деген Төлеген Жүкеев:

- Мен Кассандраның сәуегейлігін танытпай-ақ қояйын, бірақ өз басым бұл билікті және ондағы адамдардың болмысын жақсы білемін. Партияны шетелдің көмегімен тіркеуге болады деген қиялға сенбеу керек еді. Бұл - үлкен қателік, саяси процестер мен тарихи тенденциялардың табиғатын, режимнің сипатын түсінбеу осындайға душар етті, - деді.

«ЕҢ БАСТЫСЫ - АҚША ДА, ДҮНИЕ-МҮЛІК ТЕ ЕМЕС, АДАМДАР»

Парламент депутаты, президентке жақын Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев оппозициялық «Алға» партиясы тап болған материалдық қиындықтар туралы «партия үшін басты проблема бұл емес» деген пікір айтты.
Қазақстан халықтық коммунистистік партиясының жетекшісі Владислав Косарев Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы туралы айтып тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстан халықтық коммунистистік партиясының жетекшісі Владислав Косарев Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жолдауы туралы айтып тұр. Астана, 27 қаңтар 2012 жыл.


- Партияның құрылымын сақтап қалу керек. Оларда жақсы іріктелген, білімді кадрлар бар. Соларды ұстап қалу қажет. Съезд өткізіп, ұйымның болашағын анықтап алу қажет. Қоғамдық ұйым ретінде «Алға» қоғамға әлі де қызмет ете алады. Біз Әбділдиннен кеткенде қалтамда небәрі үш-төрт мың ғана болған. Сол ғана! Сондықтан не нәрсе болсын азғантай сомадан басталады. Қайдағы демеуші! Өз ақшамызды салдық. Біз «Жігіттер, партияда жұмыс істегілерің келе ме, партиядан жалақы күтпеңдер! Өздерің табыңдар. Коммерцияға барып орналас, қайда барсаң, онда бар, жұмыс істе, бізден жалақы сұрама. Өз шығыныңды өзің көтер» деп бірден кесіп айтқанбыз. Сосын аздап қозғала бастап едік, ақша пайда болып, елеулі ұйымға айналдық. Ең қиыны қаржылық қиындық емес, ұйымдаса білу қиын, алдымен ұйымдас, сосын қаржылан. Әр облыстан бір делегаттан жинап алып съезд өткізуге болады ғой. Ұйымдастыру комитеті мықты әрі қабілетті болуы тиіс, - дейді Косарев.

«Алға» ұстанған тактика дұрыс емес болғандықтан оны алда «орасан зор қиындықтар» күтіп тұр деген пікірін айтқан депутат:

- Олар билікпен теке-тіреске түсіп, өздерін сол билікті құлатуға тырысқан ұйым ретінде көрсетіп, үлкен қиындықтарға тап болады. Біздің билік мұндайды жақсы көрмейді. Біз бұл жолды таңдамадық. Біз халықты әлеуметтік қорғауды негізге алдық, біз халық пен биліктің мүддесімен қатар істес болдық. Коммунистік стратегиямыз қалды, бірақ тактикамыз осындай. Міне, ептеп жүріп парламентке кіріп алдық, бізге тиіспейді. Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту және жалпы әлеуметтік қорғау мәселесі жөніндегі идеяларды біздің идеологиядан алды. Тиімді тактикамыздың арқасында өзіміздің стратегиямызды ілгерілетуге мүмкіндік алдық, - дейді Владислав Косарев.

Тәуелсіз журналист және құқық қорғаушы Сергей Дуванов та материалдық қиындыққа тап болған кез келген партия үшін алдымен адамдар маңызды дегенді айтады.
Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.

Журналист Сергей Дуванов. Алматы, 15 қараша 2010 жыл.


- Партия мүшелері қандай шешім қабылдайтынын білмеймін. Бірақ менің ойымша, мәселе мүлікте емес. Ең бастысы - адамдар, егер партия өзін сақтап қалғысы келсе, ең басты қиындық осы болады. Бес жыл астыртын жұмыс істеген партияны, меніңше, тіркеуден бәрібір өткізбейді. Оның үстіне, партияның өзіне қарсы процесс қозғалу қаупі бар. Партияның өзіне қарсы болмаса да, оның жекелеген мүшелеріне қарсы іс қозғалып, «ұйымдасқан топ құрды» немесе тағы бірдеңе деген айыптар таға салуы мүмкін. Тіпті билік оларға қарсы террорлық әрекетке дейін баруы мүмкін. Егер адамдар өз ұстанымдарына берік болса, партия аман қалады. Бірақ егер Козловтың сотынан кейін қатты үркіп, адамдар қаша бастаса, қиындық сонда туады. Партия қаражат тауып жаңа кеңселер ашар-ау, бірақ жұмыс істейтін адамдар табу қиын болады, - дейді Сергей Дуванов.

ӘБЛЯЗОВ «АЛҒАҒА» ЖАҢА БАСШЫ ІЗДЕЙ МЕ?

Президентке жақын «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Людмила Жуланова Мұхтар Әблязов «Алға» партиясын қаржыландыру жалғасса, партия өзінің бар мүлкі мен кеңселерінен айырылса да жұмыс істейді деп есептейді.

- Оның қызметі тоқтап қалады деп ойламаймын. Неліктен? Өйткені партияны Козлов қаржыландырған жоқ. Бұл мүліктер оның атына ғана жазылған. Ал қаржыландыру көзі еркіндікте жүр, - деді ол.

Людмила Жуланова «Алға» партиясы өзіне жаңа жетекші іздейді деп есептейді.

- Кезінде Қожахметовты ысырып тастап, орнына Козлов келгендей, қазір де оның орнын басқа жетекші басады. Тек басқа жетекші болуға адам табыла ма, ол ептірек бола ма - мәселе сонда. Менің ойымша, бұл қозғалыс қалады, Феникс құсы сияқты қайта түлейді. Ақырындап бәрі орнына келеді. Олар қазір партияны басқаратын адамды табуға тырысады, - дейді «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары.
Бұл қозғалыс қалады, Феникс құсы сияқты қайта түлейді. Ақырындап бәрі орнына келеді. Олар қазір партияны басқаратын адам табуға тырысады.


Людмила Жуланова «Алға» партиясы алдағы уақытта да тіркеуден өтпейді деген болжам айтты:

- Әрине, ол қызметін тіркелмеген партия түрінде жалғастыра береді. Мүмкін, ол өзгерер, бірақ тіркелмейді. Өйткені оның артында кім тұрғанын бәрі біледі. Бірақ олар өз қызметін бәрібір жалғастыра береді деп ойлаймын. Алғашқыда, әрине дағдарып қалады, бірақ оларды қолдаушы адам партияны демеудің басқа жолдарын іздестіреді, - дейді Жуланова.

«Алға» партиясын қолдайтын» адамның аты-жөнін атап бере аласыз ба?» деген сұраққа Людмила Жуланова күліп:

- Әрине, атай аламын. Ол – Мұхтар Әблязов. Құдды оның кім екенін білмейтін адамдай сұрайсыз ғой, - деді.

«АЛҒАНЫҢ» ЗАҢГЕРІНІҢ БОЛЖАМДАРЫ

Оппозициялық ортада кең танымал заңгер Сергей Уткин партия мен оған қатысы бар бұқаралық ақпарат құралдарының тағдыры жайлы сұрақтарға :

- Тіркелмеген партиялардың қызметін тоқтату, партияны жою процедурасы заңда қарастырылған. Бірақ партия әлі тіркеуден өтіп жатқан болса, жоқ нәрсенің қызметін тоқтатуға немесе тыйым салу мүмкін емес. Табиғатта жоқ дүниені жоя алмайсың ғой, - деп жауап берді.

Бұл ойын кеңірек тарқату үшін Сергей Уткин ертеректе тіркелген, кейін Қазақстанның аймақтарының бірінде сот тыйым салған оппозициялық Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) партиясы негізінде құрылған тіркелмеген «Алға» партиясының тарихын еске салды:
Заңгер Уткин Сергей. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.

Заңгер Уткин Сергей. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.


- Билік кезінде оппозициялық ҚДТ халықтық партиясының қызметіне соттың шешімі арқылы тыйым салған болатын. Алайда билік ҚДТ негізінде құрылған «Алға» партиясын тіркеуден өткізбей қойып, өз қолын өзі байлап қойды: билік партияға заң жүзінде ештеңе істей алмайды. Өйткені заң жүзінде жоқ партия іс жүзінде жұмыс істеп жатыр. Сөйтіп билік тіркелмеген «Алға» партиясын заңмен қудалау мүмкіндігінен өзін өзі айырып отыр.

Сергей Уткин билік тарапынан әлдебір репрессиялық әрекеттердің болу мүмкіндігін де жоққа шығармайды:

- Заң жүзінде тіркелмегендіктен, заңды тұлғаға қатысты ештеңе болмайтыны түсінікті. Ал нақты жеке тұлғаларға, мысалы партияның басқа жетекшілеріне қарсы қылмыстық қудалаулар басталуы мүмкін.

Сергей Уткиннің айтуынша, биліктің қолында «Алға» партиясының ықпалы жүретін бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) заң жүзінде қудалау мүмкіндігі бар, алайда бұл мүмкіндікті пайдалану билікке қиындау соғады.

- Бұқаралық ақпарат құралдарына олар не істей алады? Егер БАҚ әлдебір экстремистік дүниелерді жарияласа, мұны сотта ресми түрде мойындауы тиіс. Яғни биліктің қолында БАҚ-қа қарсы мұндай мүмкіндік бар. Ал билік оларды сотқа тарта ма, жоқ па, ол - басқа мәселе. Үкімді мұқият қарап шығу керек, оның мәтіні әлі жарияланған жоқ. Үкімде партияға қатысты, нақты атауы көрсетілген БАҚ-ына қатысты қандай сөйлемдер барын анықтау қажет.

ЕРТІСБАЕВ «АЛҒА» ПАРТИЯСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАЙЛЫ

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Алға» партиясының қызметінде «саяси экстремизмнің белгілері бар» дейді.
Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 12 шілде 2012 жыл.

Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев. Астана, 12 шілде 2012 жыл.


- Саяси экстремизм дегеніміз – белгілі бір ұйымның саяси күресте таңдаған шектен шыққан әдіс-тәсілдер. Партияның экстремистік бағыт ұстауы, әсіресе Жаңаөзендегі оқиға кезінде жұрттың көбіне, таяуда өткен сот процесіне аян болды, - дейді Ермұхамет Ертісбаев.

Өзіне «Алғаның» болашағы партияның мүлкі тәркіленгеннен кейін бұлыңғыр болып көрінетінін айтқан кеңесші:

- Партияның меншігі 19 пәтер ме? Мүлкі тәркіленген партияның болашағы туралы болжам жасау қиын емес. Ол қандай астыртын жұмысқа кетуі мүмкін? Өз басым, шынымды айтсам, осы партия қазір бар ма, жоқ па - білмеймін.

Ертісбаев «Алға» партиясының ықпалындағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы басқа пікірде:

- Бұқаралық ақпарат құралдарына келсек, оларды ешкім жаба алмайды. Бізде газеттер мен сайттар соттың шешімімен ғана жабылуы мүмкін. Мен БАҚ-қа қатысты мұндай шаралар қолдану мүмкін емес деп ойлаймын. Бізде конституцияның 20-бабы кепілдік берген сөз еркіндігі бар, оны ешкім тартып ала алмайды, сондықтан сот мұндай шараны қолданбай, дұрыс істеді.

«Алға» партиясының қызметі мен оның ықпалындағы БАҚ жұмысы арасында үлкен айырмашылық барын айтқан Қазақстан президентінің кеңесшісі:

- Бірақ жергілікті билік органдарын басып алу жөнінде үгіт-насихат жүргізу, билік пен конституцияға қайшы әдістермен күресу мүлде басқа мәселе. Сондықтан партияның, оның жетекшісі ретінде Козловтың қызметі бір басқа да, БАҚ қызметі бір басқа нәрсе екенін айырып алу қажет. Сондықтан «Алға», ҚДТ партияларының ықпалындағы БАҚ жұмыс істей береді. Бірақ партияның мүлкін тәркілеу жөнінде шешім шыққасын әрі партия тіркеуден өтпегендіктен, оның қызметі енді ресми түрде тоқтайды деген сөз, - деді.
«Алға», ДВК партияларының ықпалындағы БАҚ жұмыс істей береді. Бірақ партияның мүлкін тәркілеу шешімі шыққан соң әрі партия тіркелмегендіктен, қызметі ресми түрде тоқтайды.


ҚРХП мен «Алға» партиясының арасындағы ұқсастық барын айтқан Ермұхамет Ертісбаев өзінің саяси өмірбаянынан бір оқиғаны есіне түсірді:

- ҚРХП - кезінде тіркелген партия. Бірақ ұзақ уақыт бойы әрекетсіз отырғандықтан өзін өзі жойды. Осы арада бір мысал келтірейін. Мен бір кездері, 90-шы жылдары социалистік партияда болдым.1999 жылдың күзінде маған әділет министрлігінен соңғы рет телефон соғып: «Партия сайлауға қатыса ма, жоқ па?» деп сұрады. Егер қатыспаса, бұл партияның қызметі өзінен өзі тоқтайды деген сөз. Мен «Жоқ, социалистік партия қатыспайды, өйткені партияның барлық мүшесі басқа саяси партияларға өтіп кетті» дедім. Болды! Сондай да жағдай болған.

Бұл арада Ертісбаев СССР күйреген соң Қазақстанның коммунистік партиясының мұрагері рөлін атқарған Қазақстанның социалистік партиясы туралы айтып отыр. Ертісбаев - Қазақстанның социалистік партиясының жетекшілерінің бірі болған. Қазіргі «Нұр Отан» партиясы - 1990 жылдары, жеке брендпен пайда болып, жаңадан құрылған партия.

Оппозициялық «Алға» партиясының болашағы туралы Ермұхамет Ертісбаев былай деді:

- Оны айту өте қиын... Бұл партияны, шын мәнінде кімнің қаржыландырып келгенін білесіз ғой. Әлгі жолдас қазір шетелде жүр. Лондон соты оны 22 айға түрмеге кескен, оның активтері құлыптаулы, сондықтан Мұхтар Әблязов партияны енді бұрынғыдай, Қазақстанда жүргендегідей қаржыландыра алмайды. Осы жылдар бойы партияны қаржыландырып келгенін өзі де мойындады. Бірақ банкир болғандықтан әрі Қазақстанда жүргендіктен партиядан бойын аулақ салғансып, өзінің саяси қызметін жасырып келді. Кез келген саяси ұйымның тиімді жұмыс істеуі үшін қыруар қаржы керек. Тіркелген партияларға қарап-ақ қай партияның жұмыс істеп, қайсысының істемей жатқанын білесің.
Қуғындағы кәсіпкер Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы кәсіпкер Мұхтар Әблязов.


Ертісбаев «Алға» партиясын қаржыландыру мына жағдайда мүмкін емес дейді.

- Меніңше, қазіргі жағдайда бұл партияны қаржыландыруды жалғастыру өте қиынға соғады. Біріншіден, біздің елде шетелдік қаржыландыруға үзілді-кесілді тыйым салатын заң бар. Бірақ қаржы Қазақстанның ішінен емес, тек сырттан ғана келуі мүмкін, - дейді Ертісбаев.

Владимир Козлов ісі бойынша Ақтауда өткен сот қазанның 8-інде айыптау үкімімен аяқталды. Сот Козловтың мүлкін тәркілеп, өзін жеті жарым жылға түрмеге кесті. Онымен бірге сотқа тартылған Серік Сапарғали мен Ақжанат Әминовке сот шартты жаза кесіп, түрмеден босатты.

Козловтың тәркіленуі тиіс мүлкінің арасында Алматы қаласындағы бірнеше үй мен пәтерлер, Қазақстанның кейбір ірі қалаларында партияның кеңсесі ретінде пайдаланылған пәтерлер бар. Козлов «бұл пәтерлер көлеңкелі бизнестен тапқан ақшамды заңдастырудан түскен ақшаға сатып алынған» деп түсіндірді. Мүлікті заңдастыру Қазақстанда тек бір рет жүргізілді.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG