Accessibility links

Қаладан шаршаған кәсіпкер тауға барып түнейді


Көктөбедегі телемұнара. (Суретті Виктор Хoмутовский түсірген).

Көктөбедегі телемұнара. (Суретті Виктор Хoмутовский түсірген).

Алматы тұрғыны Виктор Хомутовский қым-қуыт тірліктен шаршағанда сергудің өзгеше амалын тапқан. Ол тауға кетіп қалып, жұрттан жырақ жерде жалғыз түнеп шығуды нағыз демалыс деп біледі. Ал теңіз жағасында демалуды еріккеннің ермегі санайды.


Виктор балтасы мен азын-аулақ азығын (әдетте шай мен алма) алып, айына бірнеше рет өркениет атаулыдан алысқа кетуге дағдыланған. Оның әдетте жұма күні кешкісін басталатын сапары бір-екі тәулікке созылады.

- Бірақ қазір үйлі-баранды болғасын, әрі шағын бизнестің тірлігі бар - бұрынғыдай үш-төрт күнге кетіп қалудың сәті түсе бермейді, - дейді ол.

«КӨППЕН БІРГЕ ДЕМАЛА АЛМАЙСЫҢ»

Жол маршрутын да, аяқ суытар орынды да алдын ала белгілемейді. Біраз уақыт негізгі соқпақпен жүріп отырады да, өзі ұнатқан бөктерді немесе қырды қуалап, бес-алты сағат бойы жүреді. Мейлі, қар борасын, мейлі нөсер жауын құйсын, түнемелік орны - төсекқап. Метеорологтардың болжамына қарай басқа пана іздемейді.
Саяхатшы Виктор Хомутовский.

Саяхатшы Виктор Хомутовский.


Мұндай демалыстың «қауіпті, біртүрлі оғаш» екенін айтушылар бизнесменді таңғалдырады. Мамандығы биолог Виктор 90-шы жылдарға дейін жас туристер станциясында жұмыс істепті.

Бірақ тауда түнеуді кейін бастаған. Бір қызығы, тауға әсіресе қыс күндері шыққанды жақсы көреді екен. Мұның себебін аязды жақсы көрем деп түсіндіреді.

- Осындай мүмкіндігім болғанына қуанамын. Өзіме өзім сыйлаған бостандығым - осы. Алайда толық еркіндік дегеннің не екенін анық білмеймін, оған ұмтылмаймын да, - дейді Виктор Хомутовский.

Бастапқыда, өзге алматылықтар сияқты Виктор да тауға серіктерімен бірге шығатын. Бірақ көпшілікпен бірге жүргенде дұрыс демала алмайтын, көңілі толмайтын.

Иен тауда жалғыз түнеп көрейін деп алғаш тәуекел еткенде бойын аздап қорқыныш билегенін жасырмады. Бірақ ол өзін-өзі сынауды не табиғатпен етене болуды мақсат етпепті. Бұл тілек жан қалауы екен.

«ЖАННЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ»

Бұрындары барып жүрген Ыстықкөлде немесе теңіз жағасында демалуға ынтасы мүлде жоғалған. Оның айтуынша, мәселе жалғыз қалып, отқа тамақ пісіруде немесе қар жастанып ұйықтауда да емес. «Ешкіммен тілдеспей, томаға-тұйық күн кешуді әдетке айналдырған тақуа жандар сияқты өзіңмен өзің болу ой мен бойға қуат береді екен» дейді Виктор Хомутовский.

- Үйде жалғыз қалғандағы тыныштық - бір басқа. Ал көшеде жалғыз келе жатқандағы сезім - басқа дүние. Ал тауда жалғыз болсаң, құдды өмірің мүлде басқа ырғақпен өтіп жатқандай болады. Таудағы жалғыздық әдеттегі жалғыздықтан мүлде өзгеше. Әуелі ойды ой қуалап тыныштық бермейді. Өткен-кеткенді ойлап, жұмыстың жоспарларын құрып, миың сан-саққа жүгіріп тыным таппайды.
Виктор Хомутовскийдің қап төсегі.

Виктор Хомутовскийдің қап төсегі.

Сосын... Бір мезетте беймарал күйге енесің. Мысалы, асықпай шай ішіп, отқа қарап отыра бересің. Торлаған ойдан ада-күде арылып, сол сәттің қаншалықты жақсы екенін түйсінесің. Үйің де, жұмысың да ойыңнан шығып кетеді. Бұл сезім бірден келмейді, үнемі бола бермейді. Бірақ ең бастысы - мен ол жан тыныштығына жеттім. Миыңда сапырылысқан ешбір ой жоқ. Үйге оралған соң да айнала мүлде өзгеше болып көрінеді. Таудан алған қуатым бір-екі апта бойы демалыссыз жұмыс істеуге жетеді. Ағылған автобус пен көшенің шуы, адамдар да бұрынғыдай қажытпайды, - дейді саяхатшы.

Виктордың жолға алып шыққан заттарының арасында фотоаппарат сирек болады. Оның айтуынша жансыз сурет шынайы тіршілікті бейнелей алмайды, табиғатпен етене жақындықтың әсерін жеткізе алмайды.

- Неге жұртқа сыраханада отырған адамдардың емес, сіздің осы демалысыңыз оғаш көрінеді? - деп сұрап едік, ол жауап бере алмады.

Ерекше өмір салтын ұстанған Виктор Хомутовский бұлт пен тұман басқан Алматыдан оқшау көрініп телемұнараның суретін осы репортажға арнап берді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG