Accessibility links

Әзірет Сұлтан мешітінде алғашқы тарауық оқылды


Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде оқылған алғашқы тарауық намазына мыңға жуық адам жиналды. Ал Алматының орталық мешіті алғаш рет ауыз бекіткендерге Құран сыйламақ.

2012 жылы шілденің 6-сы күні ашылған Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде шілденің 19-ында түнде ең алғаш рет тарауық намазы оқылды. Мешітке мыңдаған жамағат жиналды.

Етегі қысқа немесе орамалсыз келген қыз-келіншектерге арнайы тігілген халаттар берілді. Мешітке келгендердің басым бөлігі жастар болды. Есімдері елге белгілі мемлекет қызметкерлері немесе қоғам қайраткерлері көзге түсе қоймады.

«ИӘ, АЛЛА, ЕЛБАСЫҒА ШУАҚТЫ КҮНІҢДІ БЕРЕ БЕРГІН»

Тарауық намазы алдында жаңа мешіттің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жамағатқа «елмен елбасыға дұға етейік» деген өтінішін де айтып өтті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен полициясымен кездесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен полициясымен кездесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


- Осындай еңсесі биік мешітте тарауық намазын оқуға ата-бабамыз қол жеткізе алмады. Ал біз... елдің ұстанған саясатының арқасында жетіп отырмыз... Қасиетті ай болған соң, дұға етіп жүрейік. Қабыл болады!!! Бүгін осындай мешітте намаз оқып отырсақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі бұған көп. Осындай елордамыз Астананың төрінен ойып тұрып орын алғызып, жобасын жасатқызып, жиырма алты жобаның ішінен осыны таңдап алып, «мұсылмандар еңсесін көтеріп жүрсін» деп, қаншама жұмысына қарамастан үш-төрт рет келіп кетті. Мен келген сайын іштей дұға еттім. Баршамыз да дұға етейік! «Иә, Алла, елге, елбасымызға, халыққа шуақты күніңді бере бергін!» деп дұға етейік» деп сөйлеген мешіт имамы қарилерге намаз оқуға кезек берді.

«ҚАСИЕТТІ АЙДАҒЫ ИГІ ШАРА»

Шілденің 20-сы күні қасиетті Рамазан айы басталды. Ораза қарсаңында Алматы орталық мешіті «Рамазанға - Құран» (Коран в Рамадан) атты акция басталғанын хабарлады.
Алғаш рет ауыз бекіткендерге сыйланатын орыс тіліндегі Құран. Сурет мeshit.kz сайтынан алынды. Алматы, 17 шілде 2012 жыл.

Алғаш рет ауыз бекіткендерге сыйланатын орыс тіліндегі Құран. Сурет мeshit.kz сайтынан алынды. Алматы, 17 шілде 2012 жыл.


Шілденің 17-нен тамыздың 20-на дейін созылатын акция аясында биыл бірінші рет ауыз бекітіп отырған Алматы қаласы тұрғындарына сыйға орыс және араб тілдерінде басылған Құран беріледі.

«Азаматтың бірінші рет ораза ұстап отырғаны қалай анықталады?» деген сұрағымызға шараның басталғанын хабарлаған мeshit.kz сайтының администраторы:

– Оны анықтаудың еш қажеті жоқ. Мұндай нәрседе ешкім өтірік айтпайды деп есептеймін, - деп жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде акцияға қатысқан азаматтар саны көбейіп келеді. Ақпарат бойынша, шара басталған күннен бастап, шамамен 50-ге тарта Құран сыйға берілген. Сайт администраторы Құранның тек орыс тілінде ғана нұсқасы барын айта кетті. Аударма авторлары жайында сұрағанымызда ол одан хабарсыз болып шықты.
Рамазан айындағы алғашқы тарауық намазына келген азамат. Алматы, орталық мешіт, 10 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Рамазан айындағы алғашқы тарауық намазына келген азамат. Алматы, орталық мешіт, 10 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Meshit.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, бұдан бөлек, акция аясында бұрыннан бері ислам дінінде жүрген азаматтарға, Құранды мақамдап оқу ережесін (тәжуид) меңгергендерге араб тілінде Құран беріледі. Алматы қалалық орталық мешітінің ресми сайтында «акцияның тағы бір шарты алған Құранды сөреге шаң басқызып қойып қоймай, оны оқу ләзім» екені жазылған.

Алатау ауданының имамы Қанат Сансызбаев бұл акция турасында хабарсыз екенін, бірақ «қасиетті айда мұндай игі шаралар қарапайым азаматтар үшін өте пайдалы болатынын» айтты.

– Қазір жан-жақта әртүрлі жағдайлар болып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Соған байланысты бұл - адамдарды жақсылыққа шақыру. Бұл адамдардың ораза тұтуына түрткі болуы ықтимал. Мысалы, бір адам «Құран береді» деген ниетпен оразаны ұстап көрді делік. Сол арқылы ол оразаның ләззатын сезінеді. Дәл қазіргідей ыстықта оразаның ләззатын сезіну арқылы иманы ашылады. «Бұл - жайдан жай ауыз бекіте салу емес, бұл - құлшылық ғибадат екен ғой» деген түсінік пайда болады. Адам кәмпиттің дәмін татқанда ғана оның дәмін сезінеді ғой, - дейді Қанат Сансызбаев.

«БҰЛ - ЕСКІРГЕН ШАРАЛАР»

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы Қазақстандағы ораза айында ұйымдастырылатын шаралардың «ескі» екенін айтты. Оның ойынша, өкінішке қарай елде өзге мұсылман елдеріндегідей адамдардың назарын бірден аударатын шаралар жоқтың қасы.
Рамазан айында қоғамдық көлікпен кетіп бара жатқан мұсылман. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл.

Рамазан айында қоғамдық көлікпен кетіп бара жатқан мұсылман. Алматы, 2 тамыз 2011 жыл.


– Мұсылмандардың дамуын ескеру керек деп есептеймін. Қазір адамдар парыз-амалдарды діни басқармасыз-ақ ұстап жатыр. Осы жағын ескеру керек. Адамдардың ғылыми танымдық деңгейі өсіп кеткен. Адамдардың талабы да, сұранысы да биік қазір. Оқыған-тоқыған адамдар да көп. Мұсылман жастарының арасында шетте оқып келген азаматтар да бар. Сондықтан соған сай амал әрекеттер жасау керек. Мысалы, Түркияның Стамбул сияқты ірі-ірі қалаларында, бүкіл мұсылмандар орналасқан жерде, студенттер көп шоғырланған орындарда кешке тегін ауызашарлар ұйымдастырады. Қала бойынша уақытша шатырлар тігіп қояды. Осындай шаралар істесе біршама ұтымдырақ болар ма еді деп ойлаймын, - дейді Бейбіт Сапаралы.

Биыл ораза айы шілденің 20-да басталып, 30 күнге созылады. «Нұр Астана» мешітінің наиб имамы Асхат Салимов бейсенбі күні Рамазан айында Астана қаласындағы садақа көлемі 150 теңге болатынын хабарлады.

Бұған дейін Алматы қалалық әкімшілігі шілденің 20-нан бастап қалада жолақы бағасы 30 пайызға қымбаттайтынын хабарлаған еді. Бүгін әкімшілік сайтында бұл мерзім келесі дүйсенбіге, яғни шілденің 23-іне шегерілгенін мәлімдеді. Мұның ораза айымен байланысы бар ма, жоқ па - белгісіз.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG