Accessibility links

Студенттерге жылдағыдай жатақхана жетпей жатыр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматыдағы ірі университеттердің студенттері оқу жылы басталып кетсе де, жатақханасыз қалып, пәтер жалдауға мәжбүр. Ал университет өкілдері орын жетпей жатқанын мойындайды.

Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-ға түскен өскемендік Қанаттың (толық аты-жөнін жарияламауды өтінді – ред.) жатақхана ала алмай жүргеніне 10 күннен асқан. Ол оқуға құжат тапсырарда қабылдау комиссиясының мамандары «жатақхана еш кедергісіз беріледі» деп айтқанын еске алады.

«Менің мамандығыма 150-ден астам талапкер грантқа түскен. Грантта оқитындардың барлығына бірдей жатақханадан орын берілмейді дейді. Бірақ құжат тапсырып жатқанда университет өкілдері «алаңдама, грантқа түссең, жатақхана беріледі» деген. Сөйтсем олар құжатты басқа университетке емес, бізге тапсырсын деп алдаған екен ғой. Қабылдау комиссиясында отырған маман қазір ештеңе білмеймін деп қашады. Енді балалармен пәтер жалдайтын шығармын» дейді ол.

«ЖАТАҚХАНА АЛУ ҮШІН ТАНЫС КЕРЕК»

Маралбек есімді ҚазҰУ-дің екінші курс студенті де жатақхана ала алмай жүргендердің бірі. Оның сөзінше, оған университеті «Алматы облысында тұратындарға жатақхана жоқ» деп жауап берген.

«Мен Алматы облысы Есік қаласында тұрамын. Деканат «Есіктен қатынап кел» дейді. Ал университет қаулысы бойынша грантта оқитындарға жатақхана берілуі тиіс. Алматыдан бір сағаттық жер. Ойласам, күніне екі сағатым жолға кетеді. Университетке бәрібір сияқты. Деканат «биыл бірінші курсқа адам көп түсті. Екінші курсқа орын аз» дейді. Енді пәтер іздеп жүрмін» дейді жатақханадан үміт үзген студент.

Осы университеттің механика-математика факультетінің Самал есімді студенті де жатақхана алуды армандайды.

Жатақхана алу үшін кезекте тұрған студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Жатақхана алу үшін кезекте тұрған студенттер мен ата-аналар. Алматы, 29 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Сабақ басталып кетті. Жатар орным жоқ. Пәтер жалдай алмаймын. Ата-анам пәтерімді төлей алмайды. Бізде сабақ қиын. Сондықтан қоғамдық жұмысқа араласпадым. Бірақ сабағымның бәрі жақсы. Түсінгенім жатақхана алу үшін таныс керек екен» дейді ол.

Санжар Асфендияров атындағы қазақ медициналық университетінің үшінші курс студенті Алмас та «жатақхана алу үшін таныс іздеп жүргенін» айтады.

«[Университет әкімшілігінде] таныс жоқ болса, жатақхана да жоқ. Сондықтан таныс іздеп жүрмін. Біраз «варианттар» бар. Қарастырып жатыр. Олардың да ақысын беремін. Өз күшіңмен жатақхана ала алмайсың» дейді студент.

«БЫЛТЫР СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСҚАНДАР АЛАДЫ»

Азаттық тілшісі жатақхана мәселесіне байланысты университеттерге хабарласып, мән-жайды сұрап көрді.

ҚазҰУ механика-математика факультетінің деканатының Сәуле есімді қызметкері Азаттыққа:

«Екінші-үшінші курс студенттеріне жатақхана қатаң түрде былтырғы тәртіптеріне қарай беріледі. Былтыр бөлмесін ұстауы, қоғамдық жұмысқа араласуы, сенбілік шараларға қатысуы қаралады. Бөлмесін таза ұстамай, қоғамдық жұмыстарға қатыспаса, арнайы комиссия қарайды. Ал белсенді, тәртіпті студенттер жатақхана алды» деді.

Екінші-үшінші курс студенттеріне жатақхана қатаң түрде былтырғы тәртіптеріне қарай беріледі. Былтыр бөлмесін ұстауы, қоғамдық жұмысқа араласуы, сенбілік шараларға қатысуы қаралады.

​ҚазҰУ ресми сайтының дерегі бойынша, бұл университетте қазір 18 мыңға жуық студент оқиды. Ал университет тек 7 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ете алады. Биыл университет екі қосымша жатақхана (біреуі жаңадан салынған – ред.) пайдалануға берді.

Ал ҚазҰТУ өкілі Ақбота Жеңісқызы студенттердің ширегіне ғана жатақхана жететінін айтады.

«Бірінші кезекте жетім, жартылай жетім, көп балалы отбасынан шыққан балалар, мүгедектер жатақхана алады. Одан кейін үздік оқитындар мен белсенді студенттерге беріледі. Қазір әр студентпен жеке жұмыс жасап жатырмыз. Рас, жатақхана қазір үлкен мәселе болып тұр. Бізде (ҚазҰТУ-да – ред.) 12 мыңға жуық студент бар. Біз оның тек 25 пайызын ғана жатақханамен қамтамасыз ете аламыз. Жатақхана мәселесін шешу үшін университет әрекет жасап жатыр. Қазір қосымша бір жатақхана салып жатыр. Оның құрылысы жыл соңына дейін бітеді. Сол жатақханадан да орындар беріледі» деді университет өкілі.

МӘЖБҮРЛІ ТҮРДЕ ПӘТЕР ЖАЛДАУ

Жатақхана бұйырмаған студенттердің пәтер жалдаудан басқа амалы қалмайды. Алматыда күз кезінде пәтер жалдау құны күрт қымбаттайды. Қазір бұл қалада бір бөлмелі пәтер – 75-80 мың теңге, екі бөлмелі пәтер жалдау – 90-100 мың теңгенің, үш бөлмелісінің құны – 120-130 мың теңге тұрады.

Студент қыздар жатақхана асханасынада тамақ дайындап жатыр. (Көрнекі сурет)
Студент қыздар жатақхана асханасынада тамақ дайындап жатыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда оқу орындарының жатақхана тапшылығы мәселесі жиі көтеріледі. 2011 жылы үкіметтің бір отырысы осы тақырыпқа арналған. Сол кездегі білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам студент сыятын 34 жатақхана 2015 жылға дейін пайдалануға беріледі» деп мәлімдеген. «Бұл президент Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған іс» екенін айтқан министр «жатақханалардың басым бөлігі әуелі Астана мен Алматы қалаларында салынатынын» айтқан. Бірақ бұл қалалардағы студенттер әзірше жатақхана тапшылығынан құтыла қойған жоқ. Бейресми дерек бойынша Алматыда 2017 жылы өтетін универсиадаға арнап салынып жатқан қалашық халықаралық спорт шарасы аяқталған соң жатақханалар кешені ретінде пайдалануға берілуі мүмкін.

Қазақстан білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қазір елде 180 жоғары оқу орны бар. Бұл оқу орындарында 600 мыңдай студент оқып жатыр. Елде мұқтаж студентті баспанамен қамтуды міндеттейтін арнайы заң жоқ. Мұндай көмекті жатақханалары бар әр оқу орны ішкі ережесіне сәйкес жасайды.

XS
SM
MD
LG