Accessibility links

Аштық жариялап жатқан үлескерлер үкімет басшысын шақырды


Үлескерлер бұдан бұрын билеуші партияның назарын аудартуға тырысқан еді. Aстанa, 19 шілде 2010 жыл.

Үлескерлер бұдан бұрын билеуші партияның назарын аудартуға тырысқан еді. Aстанa, 19 шілде 2010 жыл.

Астанада үлескерлер наразылығы әлі жалғасып жатыр. Баспана мәселесін шешпек болған бір топ үлескер 18 күннен бері аш отыр. Дүйсенбі күні олар өздерінің кезекті жиынына премьерден бастап бір топ лауазым иелерін шақырған. Алайда бұл күні шенеуніктердің қарасы көрінбеді.


ШАҚЫРҒАН ЖЕРДЕН ҚАЛМА

Қазақстанның астанасында шілденің 16-сынан бері бір топ азамат аштық жариялап келеді. Жасы мен кәсібі әр түрлі азаматтарды біріктіретін - бір ғана жайт. Ол - баспана мәселесі. 18 күннен бері наразылық білдіріп отырғандарына билік тарапынан еш жауап болмаған соң, олар премьер-министр Кәрім Мәсімовке, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке, қаланың құрылыс істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік Нокин мен оның орынбасары Николай Тихонюкке арнайы шақырту жіберген. Бірақ дүйсенбі күнгі үлескерлердің кезекті жиынына аталған азаматтардың ешқайсысы келмеді.

– Бүгін «Жаңа құрылыс» компаниясының заңгері ғана келді, қала әкімшілігінен ақпарат бөлімінің қызметкері келді. Одан өзге ешкім келмеді. Тек өзіміз, қайғымызға ортақ азаматтар ғана жиналдық, - дейді Азаттыққа аштық жариялағандардың бірі Асқар Сүлейменов.

Оның сөзінше, өткен аптаның аяғында қалалық прокуратура өкілі келіп, аштық жариялаушылардың шағым арызын жазып алып кеткен. «Қала әкімі бізбен мүлдем сөйлескісі жоқ» дейді Асқар Сүлейменов.

Қала әкімін іздеп Астана қаласының әкімдігіне хабарласқанымызда, баспасөз қызметіндегі Гүлмира есімді қызметкері «Иманғали Нұрғалиұлы еңбек демалысында» деп жауап берді.

Ал, Астанада жарты айдан аса уақыт бір топ азаматтардың аштық жариялап жатқандығын Тасмағамбетов біле ме деген сұрағымызға, әкімдік өкілі жауап беруден бас тартты.

«АУЫР ХАЛДЕ АУРУХАНАДА ЖАТЫР»

Осы уақытта аштық жариялап жатқан азаматтардың бірқатарының денсаулығы сыр беріп, тіпті ауыр халде аурухана түскендері бар.

– Осыдан үш күн бұрын арамызда аштық жариялаған бір келіншек жүрегі ауырып, жедел жәрдем алып кетті. Ол әлі күнге дейін ауыр халде жатыр, - дейді Асқар Сүлейменов.

Оның сөзінше, 35 жастағы келіншектің жүрегі ауыратындығынан олар бейхабар болған. «Егер ертерек білгенде оның акцияға қатысуына рұқсат етпес едік»,- деп отыр Сүлейменов.

ЖАЗДАН КҮЗГЕ ДЕЙІН

Еске сала кетейік, шілденің 16-сы күні бір топ үлескерлер өздеріне заң бойынша тиесілі пәтерлерге қол жеткізе алмай, шарасыздықтан аштық акциясын бастағандықтарын мәлімдеген еді. Олар екі және одан да көп пәтерлер үшін ақша беріп, соңында үкіметтің биыл 1 сәуірдегі қаулысының негізінде тек бір ғана пәтерге ие болған азаматтар. Олар өздеріне тиесілі үйдің берілуін немесе қаржысының қайтарылуын талап етіп отыр. Акцияға қазір он адам қатысып, әр он күн сайын денсаулығы сыр бергендерді келесілері ауыстырып отырады.

Акцияда қатысуға ниет білдірушілердің нақты саны – 127. Олар, «Алматы», «Европейский», «Эгалите», «Орнек», «Байконур», «Кампус», «Алтын гасыр», «Возрождение», «Аламан», «Бейбітшілік», «Жас қанат», «Солнечный город», «Береке», «Аулет», «Окжетпес», «Аль-Фараби», «Жанбулан-ТК», «Турсын-Астана», «Ажар», «Гранд-Астана», «Независимость» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері. Одан өзгеекінші деңгейлі банктер мен «Астана-финанстың» несие алушылары мен Пригородный поселкесіндегі жатақхана тұрғындары да бар.

Наразылық білдірушілер баспана мәселесін түпкілікті шешілмейінше аштықты тоқтатпаймыз деп отыр.

Олардың сыңайына қарағанда, егер билік мәселені шешуде дәрменсіздік танытса, аштық акциясын қазан айында Астанада өтетін ЕҚЫҰ мүше елдерінің саммитіне дейін жалғастыратын түрі бар.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG