Accessibility links

Жоғарғы сот судьясы, Қазақстан судьялар одағының төрағасы Владимир Борисов 13 тамыз күні Астанада өткен «Сот билігі және БАҚ» атты форумда журналистерді айыптады. Борисовтың айтуынша, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сот процесін хабарлаудың орнына судьяның іс-әрекетіне баға беруге ойысып кететін көрінеді.

Жоғарғы сот судьясы Владимир Борисовтың бұл мәлімдемесі, журналистер мен оларды қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдерінің наразылығын тудырып отыр.

Астанада өткен форумда сөйлеген сөзінде Қазақстан судьялар одағының төрағасы, жоғарғы соттың судьясы Владимир Борисов былай дейді: «Біздің пайымдауымызша, оқырмандарды сот ісі мен ақиқатты айқындау кезіндегі айтыс-тартыстар қызықтырады. Өкінішке орай әзірге біз мақалалардың көбінен судьялардың іс-әрекетіне баға беруді ғана көріп жүрміз».

Владимир Борисовтың айтуынша, судьялар одаққа осындай шағымдарын жиі айтатын көрінеді. Сол себепті Борисов, журналистердің кәсіби этикасы туралы кодекс бекіту қажет дейді.

Жоғарғы соттың судьясы Владимир Борисовтың мәлімдемесі журналистер мен олардың құқығын қорғайтын ұйымдардың ренішін тудырды. «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының президенті Розлана Таукинаның айтуынша, бұл да цензураның бір түрі.

– Бұл тек ақпараттық кеңістікке шектеу қою ғана емес, сонымен бірге журналистердің жұмысы мен қызметіне белгілі бір бақылау орнату сияқты сезіледі. Бұл ақпаратты таратуға шектеу қоюдың жаңа бір түрі деп ойлаймын, - деді ол.

Журналистерді қорғау ұйымы басшысының мәлімдеуінше, көптеген судьялардың сот ісімен тек қана сот процесі кезінде ғана танысып жататыны жасырын емес. Ал бұндай жағдайлар журналистердің көзіне алдымен түсері анық дейді Розлана Таукина.

Журналистерді қорғау ұйымы өкілінің пікірімен Қазақстан журналистер одағы да келісіп отыр.

– Мүмкін Борисов өзінің жеке пікірін айтқан болар. Бізде сотты көрсеткенде қоғамға керекті нәрсені көрсетеді. Бұның редакцияға керегі де жоқ, бұл - қоғамға керекті нәрсе. Судья сотта отырып ұйықтап немесе мұрнын шұқып отырса оны да көрсетеміз. Ол - қоғамның адамы, - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Журналистердің кәсіби этикасы туралы арнайы кодекс бекіту керек деген мәселеге байланысты Матаев мынандай реакция білдіріп отыр: "Егер оны қабылдасақ ол артынан өзімізге «шоқпар» болып тиеді. Кейін ол бекіткен заң сияқты бізге болады да, кейін тағы журналистерді сотқа тартқанда тағы айтады, «сендер мына кодексті қабылдап, оны өздерің бұзып отырсыңдар» деп. Жалпы қарағанда мұндай кодекс әрбір редакцияда болуы керек. Әрбір редакция өздері қабылдайды. Этика әрбір жерде болады бірақ ол заңға жатпайды," - дейді Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG