Accessibility links

Сарапшылар: Еңбек кодексі жұмысшылар құқығын кеңейтпеді


Ақтау қаласының орталық алаңына жиналған жұмысшылар наразылық білдірді. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Ақтау қаласының орталық алаңына жиналған жұмысшылар наразылық білдірді. Ақтау, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Тәуелсіз кәсіподақ белсенділері Қазақстанның еңбек кодексінің жаңа редакциясының «қызметкерлердің еңбек дауына қатысу және ереуілге шығу құқығы туралы бөлімі конституциядағы бейбіт шерулер мен митингілер өткізу құқықтарының жалаң сипаттамасына ұқсайды» дейді.


Қазақстанның еңбек кодексіне енгізілген жаңа түзетулерді сенат депутаттары 2012 жылдың қаңтар айында мақұлдады. Бұл заң жобасының парламентте жатқанына екі жылға жуық уақыт болыпты. Құжат мәжілістің барлық сатысының талқысынан өткенімен, парламенттің төменгі палатасы өзін-өзі таратып жіберген 2011 жылдың қазанында бұл заң жобасы мақұлданбастан қалған еді. Заң жобасы парламент талқылауына 2010 жылы түсіпті. Бұл еңбек кодексі екі жылдан кейін, яғни 2012 жылдың наурыздың 12-сінен бастап күшіне енді.

«ЕҢБЕК КОДЕКСІНДЕ ТАРАЗЫ БАСЫ ТЕҢГЕРІЛДІ»

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ахмади Сарбасовтың айтуынша, аталмыш заң жобасын үш тарап – мемлекет (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі), жұмыс берушілер бірлестігі мен жұмысшылардың республикалық бірлестігі бірлесіп құрастырған.

Ахмади Сарбасов «Бұл құжатта жұмысшының да, жұмыс берушінің де мүддесі қорғалып, таразы басы теңесті» дейді.
Мәжіліс отырысы. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәжіліс отырысы. Астана, 14 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Еңбек кодексіне жаңа түзетулер енгізу қажеттігінің туындауын Сарбасов «алғашқы еңбек кодексі қабылданған сәттен бергі төрт жыл ішінде заңды қолдану барысында кейбір мәселелердің қордаланып қалуымен» байланыстырады. Оның айтуынша, бұл құжат парламенттік талқылаудың барлық сатысынан өткен. Алайда ол бұрынғы мәжіліс қабылдаусыз қалдырған заң жобасын сенаттың 2012 жылы қаңтардың 19-ы алғашқы оқылымда бірден мақұлдауының себебін айтпады.

Жұмысшылардың республикалық бірлестігі атынан «Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын құрастыру мен оны парламентте талқылауға қатысқанын айтқан Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы кеңесінің төрағасы Сиязбек Мұқашев «федерация енгізген ұсыныстардың бірінің - жұмыскерлердің еңбекақысын индекстеу туралы ұсыныстың қабылданбағанын» ғана хабарлады.

«ШАХТЕРЛЕР ӨЗ ҚҰҚЫҚТАРЫН ПАЙДАЛАНА АЛМАЙДЫ»

Шахтинск қаласындағы «Шахтер отбасы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Наталья Томилова «Еңбек кодексіне енгізілген соңғы түзетулер бірінші кезекте жұмыс берушінің құқықтары мен өкілеттіліктерінің аясын кеңейтті» дейді. Оның пікірінше, еңбек кодексіне жұмысшы мүддесін қорғауға қатысты айтарлықтай өзгеріс енгізілген жоқ.

Томилова кодекстегі жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек шартын бұзудың мүмкіндіктері, негіздері мен тәртібі қарастырылған 52, 54 және 56-баптарына тоқталды.
"Шахтерлер отбасы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова. Шахтинск, Қарағанды облысы, 1 маусым 2009 жыл.

"Шахтерлер отбасы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Томилова. Шахтинск, Қарағанды облысы, 1 маусым 2009 жыл.


Шахтерлердің құқын қорғаушы Наталья Томилова «Қарапайым жұмысшылар еңбек кодексінде қарастырылған өз құқықтарын толық пайдалана алмайды, өйткені оған жол берілмейді» деп, бұған шахтерлердің тәжірибесінен көз жеткізгенін айтты. Ол «Қоқан-лоққы мен қорқыту-үркітуге ұшырап жатқанда, құқық жайлы қандай сөз болуы мүмкін» дейді.

Қазақстанның еркін кәсіподақтар конфедерациясының вице-президенті Сергей Белкин «соңғы түзетулер еңбек кодексін бәлендей өзгертпегенін» айтты. Жұмыскерлердің талап қою процедурасы сәл жеңілдегенін атап өткен Сергей Белкин «Егер осыған дейін талап қою үшін кәсіпорындардың жер-жерде шашырап орналасқан филиалдарындағы ұжым мүшелерінің 50 пайызын жинау қажет болса, енді еңбек кодексінің жаңа редакциясы бұл тәртіпті біршама жеңілдетті» дейді.

ЕРЕУІЛ ӨТКІЗУ ҚҰҚЫ

Сергей Белкин ұжымдық еңбек дауына қатысқаны немесе ереуілге шыққаны үшін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмысшымен арадағы еңбек шартын бұзуға, яғни локаутқа тыйым салу туралы баптың жаңа редакцияда да сақталғанын атап өтті. Ол «Локаутқа тыйым салу туралы бап бұрынғы қалпында қалды. Тек ескеретін бір жайт - егер сот ереуілді заңсыз деп тапса және жұмысшылар бұл жайында алдын ала ескертілген болса, жұмыс беруші еңбек шартын бір жақты бұзуға құқылы екені ғана нақтыланған» дейді.
Алматының метро жұмысшылары ереуілге шыққанда оларды таратуға келген полицейлер. Алматы, 10 тамыз 2010 жыл.

Алматының метро жұмысшылары ереуілге шыққанда оларды таратуға келген полицейлер. Алматы, 10 тамыз 2010 жыл.


Бұл пікірмен келіспейтінін айтқан Наталья Томилова «Локаутқа тыйым салынды, бірақ бұл үшін сот шешімі қажет, ал Қазақстан соты кез келген ереуілді заңсыз деп табады» дейді.

Томилова «Қазақстан конституциясы азаматтардың өз пікірін ашық айтуына, қарсылық-наразылық білдіруіне, ереуілге шығуына құқықтық тұрғыдан кепілдік береді. Алайда өз наразылығын білдіргісі келген азаматтар биліктің ресми рұқсатынсыз митингілер мен шерулерге шыға алмайды. Енді, мұндай жағдай ереуілге қатысты да туындап отыр. Соттың шешімі арқылы локаутқа тыйым салу туралы еңбек кодексінің 305-ші бабына толықтыру енгізуге мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілінің Жаңаөзен оқиғасымен аяқталуы ықпал етті» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG