Accessibility links

Постсоветтік елдер үшін тіл – психологиялық мәселе


КИМЭП университетінің оқытушысы Жар Зардыхан Eurasia View басылымына сұхбат беріп отыр. EurasiaNet.org сайтынан алынған скриншот. 26 наурыз 2013 жыл.

КИМЭП университетінің оқытушысы Жар Зардыхан Eurasia View басылымына сұхбат беріп отыр. EurasiaNet.org сайтынан алынған скриншот. 26 наурыз 2013 жыл.

Eurasia View басылымы Қазақстандағы қазақ және орыс тілдерінің орны туралы Алматыдағы KIMEP университетінің ғалымы Жар Зардыханнан сұхбат алды.

Eurasia View (EV) Джоанна Лиллис пен Дин Кокс алған бұл сұхбатты 2013 жылы наурыздың 21-і күні жариялады.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІС ТІЛГЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

EV тілшілерінің «Қазақстанда тіл мәселесі қашаннан дауға айналды?» деген сұрағына Орта Шығыс (Middle East) тарихының докторы (Ph.D.) Жар Зардыхан «Совет Одағы ыдырағаннан бері тіл мәселесі ең шетін, жиі талқыланатын өзекті мәселеге айналды. 90-жылдары постсоветтік елдердің көбінде тіл тағдыры қызу талқыланды» деп жауап берген.

- Қазір бұл мәселе аса қатты талқыланбайды. Өйткені Қазақстан демографиясы көп өзгерді, этникалық қазақтар елге оралды, қазақ тілді тұрғындар көбейді, қазақ емес тұрғындардың біразы көшіп кетті, ал басқа елдер, мысалы Украина бізбен салыстырғанда өзгермеді, - дейді ғалым.

KIMEP университетінің ассистант-профессоры Жар Зардыхан «Бұл мәселеде құлшынып сөйлеудің, үкімет пен билікті сынаудың оңай екенін» айта келіп, «саясат, экономика, жұмыссыздық, адам құқығы сияқты мәселелерден гөрі тіл туралы пікір білдіру өте оңай» дейді.

- Қазақ тілін қолдану аясы қазір 90-жылдармен салыстырғанда әлдеқайда кеңейген. Тек қазақ тілінде ғана сөйлесетін ауылдар көп. Бұрын тұрғындардың 40 пайызы қазақша білетін болса, қазір бұл көрсеткіш - 70 пайыз. Бұл - әжептәуір жетістік. Жас қазақстандықтардың ішінде этникалық қазақтардың үлесі көп. Болашақта қазақ тілінің қолданылу аясы жыл сайын артатын болады, - деп болжайды Жар Зардыхан.
Бұрын тұрғындардың 40 пайызы қазақша білсе, қазір бұл - 70 пайыз. Жас қазақстандықтардың ішінде этникалық қазақтардың үлесі көп. Болашақта қазақ тілінің қолданылу аясы жыл сайын артатын болады.

Тілшілер ғалымнан «Қазақстан үкіметі 2020 жылға дейін тұрғындардың 95 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлеуге тиіс деген мақсат қойып отыр. Бірақ 2009 жылғы санақта тұрғындардың үштен екісі ғана қазақша жақсы білетінін айтқан. Бұл көрсеткіш елдегі қазақтардың санымен шамалас. Мақсат қаншалықты жүзеге асуы мүмкін?» деп сұраған. Оған Зардыхан «Үкіметтің жоспарларының көбі жүзеге аспаған күйінде қалады. Әсіресе тіл мәселесін айтқанда түрлі сандарды көрсету оңай» дей келе, қазақ тілін күнделікті тұрмыста қолданатындардың саны қарқынды түрде өсіп келе жатқанын баяндаған.

Зардыхан 1989 жылғы санақ кезінде де «қазақ тілі - ана тілім» деп жауап бергендердің саны шын мәнінде тілді тұрмыста қолданатындардан көп болғанын ескерте келе:

- Сол сияқты татар, корей, немістер де өз тілінде сөйлемесе де, оны ана тілі деп көрсетті. Тіл мәселесі этникалық болмыспен байланысты. Күнделікті өмірде қазақша сөйлемесе де, қазақтар оны ана тілім деп санайды. Славяндық және еуропалық нәсілге жатпайтын тұрғындардың көбі қазақ болмаса да қазақшаны бір адамнан кем білмейді. Бірақ жағдай түбегейлі өзгеру үшін бір не екі буын ауысуға тиіс, - деген.

EV тілшілерінің «Қазақстан тәуелсіздік алғалы 20 жыл өтті, бірақ мектептен бастап, жоғары білім жүйесінде қазақ тілі пәнін оқып, бірақ еркін сөйлеп, жаза алмай жүргендер көп. Сонда бұл білім жүйесіндегі кемшілікті көрсете ме?» деген сауалына ол былай жауап берген:

- Қазақ тілін оқыту ісінде ғана емес, жалпы білім жүйесінде кемшіліктер өте көп. Мысалы ағылшын немесе француз тілдері де дұрыс оқытылмайды. Орыс тілінсіз күн көре алмайтындай болған советтік елдер үшін тіл мәселесі психологиялық мәселеге айналды. «Орыс тілін білсең – білімдісің, еркінсің» деген түсінік қалыптасты. Осы қағида қанына сіңіп қалған адамдар әлі бар. Кейбір тұрғындардың қазақ тілін үйренуге ниеті жоқ. Мәселен өз тілі СССР-да бірінші тіл саналғанына үйреніп қалған орыстар үшін қазақ тілін үйрену азап болып көрінеді. Кейбіреулер өткен тарихты аңсап, қазақша әдейі сөйлемейді. Олардың ішінде «Ресейге не басқа елге көшеміз бе, әлде осында қаламыз ба?» деп ойланып жүргендері де бар. Сондықтан бұл - нашар ұйымдастыруды, қазақ тіліндегі оқулықтардың әлсіздігі мен үйренушінің аздығы сияқты мәселелер тоғысқан жан-жақты проблема.

Жар Зардыханның пікірінше, кей тұрғындар қазақ тілін үкіметтің күштеп таңып жатқан қажетсіз дүниесі сияқты көреді. «Жалпы білім жүйесінде құлдырау бар» екенін ескерткен ғалым, мұғалім болуға ынталылардың аз екенін, адамдар білімге тек мансапқа жетудің құралы ретінде қарайтынын айтқан.

- Басқа табыс көзін таппаған немесе басқа саланы қажетсінбейтін жерде (ауылда) тұрғандықтан ғана мұғалім болып жүргендер бар, - дейді ол.

«ОРЫСША БІЛМЕСЕ ДЕ, БИЛІККЕ ҰМТЫЛУҒА БОЛАДЫ»

«Тек орыс немесе қазақ тілінде ғана сөйлейтін маманға Қазақстанда тіршілік ету қаншалықты тиімді?» деп сұрайды тілшілер. Бұның бәрі адамның тұратын ортасына, қызметіне, этникалық тегіне байланысты екенін айтқан маман «кем дегенде бір бөгде тілді білудің артықшылық екенін ешкім жоққа шығармайды» деген пікір білдірген.

- Шеттен келген қазақтар, оралмандар орысша түсінбесе де, моңғол не қытай тілін біледі. Мансап сатысына өрмелеп, саясаткер болу үшін көп тіл білудің пайдасы зор. Басқа советтік елдермен салыстырғанда, Қазақстанда қазақша білмейтіндердің мансап пен бизнесте табысқа жетіп жүргені анық. Тіпті ондай саясаткерлер де толып жатыр, - дейді Зардыхан.

Осыған орай тілшілер «Парламент пен үкіметте қазақша сөйлемейтіндер көп. Ал орысша білмейтін адамның саясаткер болуы мүмкін бе?» деген сауал тастайды. Жар Зардыхан «ондай мүмкіндіктің бар екенін» айтып:

- Шетелдерден оралған бір миллион оралман орыс тілін білмейді. Олардың шешілмеген түрлі мәселесі бар. Оны билікке жеткізу керек. Сондықтан олардың ішінен саясаткерлер шығып жатса, таңғалмау керек. Қазір парламенттегілердің көбі қазақша біледі. Енді заңды қазақша жазып, орысшаға аудару мәселесі қаралып жатыр. Бұрын керісінше болатын, - деген.

Бір миллион оралман орыс тілін білмейді. Олардың шешілмеген түрлі мәселесі бар. Оны билікке жеткізу керек. Олардың ішінен саясаткер шығып жатса, таңғалмау керек.
EV тілшілері «Қазақстандағы орыстар өзінің орны төмендегендей сезімге берілмей ме? «Ондай құбылыс бар» дейтіндер де кездеседі» деп сұраған. Оқытушы бұл сауалға:

- Бұл - қалыпты құбылыс. Бұрын советтік кезеңде нөмірі бірінші тіл орыс тілі болса, енді ол рөлінен айырылса, әрине, соған еті үйреніп алғандар өзін біреулер кемсітіп жатқандай сезімді бастан кешеді. Бірақ басқа ТМД елдерімен салыстырғанда, Қазақстан әлдеқайда кеңпейіл саясат жүргізіп келеді. Этникалық орыстар тек тіл мәселесіне шұқшиып, басқа кемшіліктерді, мысалы жемқорлық пен әлеуметтік теңсіздікті, т.б. мәселелерді көрмесе, ол өте өкінішті. Олар әу бастан тек тіл туралы ғана айтып келеді, - деп жауап берген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG