Accessibility links

Теміртауда Назарбаевтың тағы бір мұражайы ашылды


Теміртауда ашылған Назарбаев мұражайындағы суреттердің бірі. 17 қазан 2012 жыл.
Теміртауда ашылған Назарбаев мұражайындағы суреттердің бірі. 17 қазан 2012 жыл.
Қазақстан президентінің Теміртау қаласындағы жаңа тарихи-мәдени орталығына Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянына қатысы бар деген жаңа экспозициялар қойылды.

Мұражайға жақында тарту етілген эксклюзивті сувенирлер мен фотосуреттер жұртқа әзірше көрсетілмейді. Бұл мұражайға қойылған әр затты Қазақстан президентінің есімімен байланыстыруға тырысады. Мұражай қызметкерлері Азаттық тілшісі үшін экскурсия ұйымдастырды.

СЕРІК АХМЕТОВТІҢ ИДЕЯСЫ

Бірінші президенттің жаңа тарихи-мәдени орталығын құру туралы идеяны кезінде Теміртауда тұрып, жұмыс істеген, қазір Қазақстанның премьер-министрі Серік Ахметов ұсыныпты. Мұражай қызметкерлері мұражайдың құрылысын Ахметовтің өзі келіп, көріп кеткенін айтты.

Бірінші президенттің Теміртаудағы тарихи-мәдени орталығы ғимаратының іргетасын қалаудан бастап, көрме залдарын безендіруге дейінгі жұмыстар бір жыл ішінде бітіпті.
Назарбаев мұражайының экскурсия және көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ольга Шувалова. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.
Назарбаев мұражайының экскурсия және көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ольга Шувалова. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.

Бірінші президент мұражайының экскурсия және көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ольга Шувалова ғылыми қызметкерлер материал жинау үшін Назарбаевтың туған ауылы Шамалғанға барғанын айтты.

– Ғылыми қызметкерлеріміз президент оқыған Қаскелең кенті мен Украинаның Днепродзержинск қаласына да барып қайтты. Бізде өлкетану мұражайы берген тұрмыстық заттар да бар. 1930-40 жылдары ауыл-селоларда, оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы пайдаланған тұрмыстық заттарды тірнектеп жинадық. Басқа ешқайда жоқ бір фото бар. Оны көрген кезде «мұндай фотосурет, тіпті өз үйімде де жоқ» деп Нұрсұлтан Назарбаев таң қалды. Бұл фотосуретке ол орден тағып, Бірінші мамыр мерекесінде түскен екен. Залдардың бәрі өзінше қайталанбас ерекшелікпен безендіріліп, тиісті сазды әуенмен көмкерілген. Безендіру жұмыстарын Астана, Алматы, Қарағанды және Теміртау қалаларының суретшілері бітіріп шықты. Экспозицияның мақсаты – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғұмырбаяны арқылы Қазақстанның тәуелсіздікке жеткен жолын көрсету, – дейді Ольга Шувалова.
Тұрмыстық заттарын тірнектеп жинадық. Басқа ешқайда жоқ бір фото бар. Оны көргенде президент «мұндай сурет, тіпті өзімде жоқ» деп таң қалды.

Мұражай қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, бірінші президенттің тарихи-мәдени орталығында экскурсия жиі өтеді. Маңайдағы ауылдар мен Қазақстанның басқа қалаларынан адамдар көп келеді. Германия, Ресей, Беларусь, Украинадан да қонақтар болыпты. Көбінесе мектеп оқушылары келеді екен. Мұнда көруге тұратын, оқитын дүние көп. Мұражайда сенсорлы экраны бар электронды ақпараттық киоскілер арқылы толығырақ ақпарат алуға болады.

ЖАС НАЗАРБАЕВТЫҢ БОС УАҚЫТЫ

Назарбаевтың жеке құжаттары мен фотосуреттері қойылған көрмелерді жаңа мұражайдың әр залынан көптеп кездестіресің. Қыздарының, әйелі екеуінің суреттері қойылған жеке көрме оның отбасына арналыпты. Студенттік шақта түскен, Назарбаев тамада болған комсомолдық тойдың суреттері - бір топтама. Бұл жайында Теміртауға жақында келіп қайтқан досы айтып беріпті. Экспонаттардың ішіндегі ең көрнектісі - Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-бабасының шежіресі. Қолдан жасалған туындыда президенттің шыққан тегінің 12 ұрпағы көрсетілген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-баба шежіресі. Қолдан жасалған бұл дүниені Назарбаевқа тарту еткен. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз, үлкейеді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-баба шежіресі. Қолдан жасалған бұл дүниені Назарбаевқа тарту еткен. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл. Суретті үстінен бассаңыз, үлкейеді.

– Оның руында 17-ғасырда өмір сүрген қолбасшы Қарасай батыр, Алтынай қолбасшы сияқты тарихи тұлғалар болған. Атасы би болып, қазылық айтқан адам. Ал әкесі Әбіш – қарапайым малшы шаруа. Шамалған ауылындағы үйінің кішкентай макеті қойылған. Нұрсұлтан Әбішұлы көріп, «қандай әдемі етіп салғансыңдар» деді. Суретшілер барын салды ғой. Қазақстандағы ең әсем жерлердің бірі және бірінші президенттің ата мекені Үшқоңыр жайлауының диорамалық көрінісі бар. Бұл диорамалық үзінді «Балалық шағымның аспаны» фильмінен алынған. Фильм ұшқыш болуды армандап, әке-шешесіне айтпай, ұшқыштар училищесіне түскен кішкентай Нұрсұлтанның балалық шағы туралы. Бірақ әкесі алысқа кетуіне тыйым салып, ақыры ол Теміртауға кетеді, – дейді мұражай қызметкері Ольга Шувалова.

Назарбаевтың ауылдастарына жеке көрме арналыпты. Онда Шамалған жастарының фотосуреттері, шамалғандықтардың күнделікті тыныс-тіршілігі және Назарбаевтың балалық шақтағы досының фотосы қойылған. Тағы бір көрме болашақ президенттің мектепте оқыған жылдарына арналған.

– Ол күн сайын мектепке алты-жеті шақырым жолды жаяу жүріп барады екен. Үйдің үлкені болған соң сабақтан кейін үй шаруасымен айналысатын. Сабақты жақсы оқығаны алтыншы-сегізінші сыныптардағы үлгерім табельдерінен байқалады. Жас натуралистер клубының мүшесі болып, көп уақытын кітап оқуға бөлген. Сыныптастарының суреттері де бар. Мектепті бітіріп, комсомолдық жолдамамен Теміртауға келеді. Мұнда орта білімі бар жігіттерді Украинаға жібереді. Днепродзержинск қаласында оқып, «домна пешінің көрікшісі» деген мамандық алып шығады. Тәлімгері Дмитрий Погорелов «министр боласың» деп Нұрсұлтан Назарбаевтың келешегін болжаған екен. Айтқаны келіп, кейін ол министрлер кеңесінің төрағасы болды. Днепродзержинскіде еркін күреспен шындап айналысқанын жаттығудан кейін түскен фотосуреттерінен көруге болады, – дейді Ольга Шувалова.
Назарбаевтар отбасы пайдаланған тұрмыстық заттар. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.
Назарбаевтар отбасы пайдаланған тұрмыстық заттар. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.

Жаңа мұражайда жас Нұрсұлтанның бос уақытында ермегі болған шахмат та тұр. Студент шақта курстастарымен бірігіп жинаған ортақ ақшаға сатып алынған шахматты тарихи-мәдени орталыққа Назарбаевтың курстасы, қазір Теміртауда тұратын Виктор Никонов сыйлапты. Бұл көрмеде домбыра, фотоальбом және баян да тұр. Олар мұнда кездейсоқ тап болған жоқ көрінеді. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, Назарбаев домбыра мен баянды осы Теміртауда жүріп үйренген.

Мұражайдың тұтас бір залы Назарбаев жұмыс істеген металлургиялық комбинаттың тыныс-тіршілігінен хабар береді. Залдың еден, төбесі, жарық көздері, цехтар, құрал-жабдықтардың бәрі тура комбинаттағыдай етіп жабдықталған. Бірінші көрме Қазақстан магниткасының 40 жылдығына арналыпты. Оған Назарбаев арнайы келіп қатысқан болатын. Сол жолы ол өз қолымен шойыннан сынама жасап, домнашылардың журналына «Өзіндік құнын азайту. Көлемді ұлғайту. Сапаны жақсарту. Күкірт пен фосфорды азайту» деген естелік жазу қалдырған. Мұражай қызметкерлері «комбинатта қанша жыл бұрын істеп кетсе де, президент өзінің машығын жоғалтпапты» дейді.

НАЗАРБАЕВҚА ТАРТУ ЕТІЛГЕН СЫЙЛЫҚТАР

Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, олар қазір президенттің өмір жолы мен қалыптасу кезеңіне қатысты жаңа ақпараттар пен фотосуреттер жинастырып жатыр. Көп суреттерді мұражайға президенттің курстастары, әріптестері мен үзеңгілестері, қарапайым тұрғындар сыйлапты. Оларды әзірше көрмеге шығармапты.

– Жеңіс күні мерекесіне орай 1974 жылы Теміртауда өткен парадта Стринжа мен Назарбаевтың бірге түскен фотосуреті бар. Қазір ол суреттер қор сақтау бөлімінде өңдеуден өтіп жатыр. Стринжа мұражайға көп сурет әкеліп берді. Арасында тіпті
Назарбаевтың студент кезінде пайдаланған заттары. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.
Назарбаевтың студент кезінде пайдаланған заттары. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.
Назарбаевтың өзі де көрмеген суреттер бар. Теміртауға Назарбаетың жеке жүргізушісі де келіп, фотосуреттер сыйлады. Бізде әйелі екеуінің жас кездерінде демалыста, Назарбаев пен Стринжаның көл жағасында түскен фотосы бар. Қонаевтың «Карметкомбинатқа» келген сапары кезінде, Назарбаевтың достарының демалыс аймағында кездесуінен, Қазақстан компартиясының съезінен түсірілген суреттер бар, - дейді мұражай қызметкері.

Өзбекстан, Ресей, Үндістан, Қырғызстан және басқа елдерден келген адамдардың Назарбаевқа тарту еткен сый-сыяпаттарының өзі жеке бір көрмені құрайтын тәрізді. Көбі - қолмен жасалған заттар мен бұйымдар. Әзірше олар да мұражайдың қорында сақтаулы. Азаттық тілшісіне оларды ноутбуктегі фотоларын көрсеткенімен, суретке түсіріп алуға рұқсат бермеді.

– Өзбекстан тұрғындарының қолынан шыққан сыйлықтар да бар. Қорымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың пальтосы да бар. Бір адам президентке таза күмістен соғылған табақ сыйлапты. Владимир Школьниктің сыйлығы, Дмитрий Медведев сыйлаған медаль да осында. Президенттің бейнесі бар саптыаяқты «Нұр Отан» партиясының волонтерлері беріпті. Қырғызстанда тұратын бір кісі береке-молшылықтың белгісі ретінде грузиндердің шарап ішетін мүйізіне ұқсас сувенир берген. «Иерусалим» деп аталатын шыныдан жасалған кішкентай көпір де бар. Бұл сый-тартуларды жинастыру өз алдына, оларды залдарға әдемі етіп орналастырып шығу үлкен жұмыс, – дейді Ольга Шувалова.

ЖАҢА ЭКСПОЗИЦИЯЛАР ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР

Бірінші президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Дәуірбек Кетебаев мұражай қызметкерлерінің төрт бағыт бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты. Бірінші кезең – Назарбаев Теміртауда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған жылдар. Содан кейін Карметкомбинатта партком хатшысы болып істеген жылдар. Соңғы кезең – 1970 жылдардың аяғы, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған жылдар.
Қазақстанның бірінші президентінің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Дәуірбек Кетебаев. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.
Қазақстанның бірінші президентінің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Дәуірбек Кетебаев. Теміртау, 17 қазан 2012 жыл.

– Комсомолда жұмыс істеген кезінде «Кармет» парткомын сынағаны туралы құжаттар таптық. Ол заманда комсомолдың партияны сынауы үлкен батылдықты қажет ететін. Бұл президентіміздің сол заманда-ақ жүректі адам болғанын көрсетеді. Комбинатта көрікші болып істеген кезінде президиум мүшесі болғаны туралы құжаттарды да таптық. Бұл құжаттар оның жастар арасында сөзі өтімді, беделге ие болғанын дәлелдейді. Хельсинкиде өткен жастар фестиваліне қатысқан. Оның «Карметте» істеген жұмысына үлкен көңіл бөліп жатырмыз. Комбинат жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыс жағдайына көп көңіл бөлген. Бұрыннан спортпен айналысқан, қазір де спортты назарынан тыс қалдырмайды. Бұның бәрін іздеп табу көп еңбекті, шыдамды талап етеді. Бірақ барған жерімізде ешкім бетімізден қаққан емес, тиісті құжаттарды береді, – дейді Дәуірбек Кетебаев.

Оның әріптесі Қуатбек Мәмбетов «Нұрсұлтан Назарбаевтың Теміртаудағы кезеңі аяқталысымен, ғылыми қызметкерлер Украинаға, Днепродзержинск қаласына барады» дейді.

– Сосын оның Алматыда жұмыс істеген кезеңін зерттеу басталады. Алда үлкен жұмыстар тұр. Президенттің өмірі туралы ақпаратты мол жинап, келешекке қалдырмақпыз. Кітап жазу да ойымызда жүрген нәрсе. 2013-2014 жылдарға арналған жоспарымыз бар. Осы уақыт ішінде қызықты материалды көбірек жинап алу керек, – деді бірінші президенттің жаңа мұражайының аға ғылыми қызметкері Қуатбек Мәмбетов.
XS
SM
MD
LG