Accessibility links

«Қазақ ұлтшылдарының» әлеуметтік желідегі белсенділігі


Интернет клубта әлеуметтік желіні қарап отырған адамдар. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.

Интернет клубта әлеуметтік желіні қарап отырған адамдар. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.

«Әлеуметтік желіде тек қазақша жазуға көшкен» ұлтшылдар оппозиция өкілдерін «жекпе-жекке» шақырды. Ал оппозиция өкілі «қазақ ұлтшылдары барлық майданда шабуылға шықты» деп жазады.

1990 жылдардың бас кезінен бастап «қазақтың ұлттық мәселесін» көтерумен көзге түскен қоғамдық белсенділердің қазіргі «ізбасарларына» саяси процесті талдаушылар мен журналистер «ұлтшыл-патриоттар» немесе «қазақ ұлтшылдары» дейтін айдар тағады.

Қандай да бір ортақ ұйымға бірікпесе де, ұлт мәселесіне келгенде «қазақы» пікір айтатындардың ішінде қоғамдық белсенділермен бірге оппозиция қатарында жүрген адамдар да, билік төңірегінде қызмет ететін азаматтар да кездеседі.

Оппозиция мен биліктегі «ұлтшылдар» көзқарастарын «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей», біршама ымыралы сыңайда жеткізуге тырысса, қандай да бір партиядан немесе биліктен тәуелсіз саналатын қоғамдық белсенділер едәуір ашық пікірлерімен ерекшеленеді.

Әсіресе Кеден одағы, Еуразия одағы, мемлекеттік тіл және Жаңаөзен оқиғасынан кейін сотты болған саясаткерлер мәселесінде «ұлтшыл» қоғамдық белсенділер әлеуметтік желіде белсенді көрінді.

«КЕТУ ТУРАЛЫ СӨЗДІҢ ӨЗІ САНДЫРАҚ»

Ұлт мәселесін көтерушілердің әлеуметтік желілердегі қарапайым «достарының» пікірлеріне қарағанда, олардың «ұлт сүйгіштік» әрекеттері ұнамды. Әдетте «бүгінгі билік ұлт мүддесін қорғамайды» дейтін адамдардың өзі мұндайда билік төңірегінде жүрген жандардың «ұлт мүддесі үшін» жасаған қайсыбір әрекеттеріне іш тарта қарайды.
"Нұр отан" партиясының хатшысы Ерлан Қарин. (Сурет әлеуметтік желідегі жеке парағынан алынды)

"Нұр отан" партиясының хатшысы Ерлан Қарин. (Сурет әлеуметтік желідегі жеке парағынан алынды)


Соның бір мысалы ретінде, саяси сарапшыдан «Нұр Отан» партиясының өкіліне айналған Ерлан Қариннің қазақ ұлтшылдары алдындағы жағымды образын айтуға болады. Facebook әлеуметтік желісінде «балбал тастарға құрметі арқылы» «ұлт жанашыры» ретінде тағы бір қырынан көрінген ол биыл қыркүйекте Еуразиялық парламентке қарсылығын білдірді.

Қариннің бұл мәлімдемесін кейбір саясаттанушылар «биліктің тапсырмасы» десе, ұлтшыл бағытты қолдаушылар тарапынан әлеуметтік желілерде «Ресейдің қолтығына кіруге дайын қазақ билігінің бағытына қайшы батыл қадам» ретінде бағаланды. Айта кетерлігі, президент әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев та осы сарындағы сұхбатынан кейін қазақ ұлтшылдары алдындағы «рейтингін» көтеріп алды.

Әлеуметтік желіде «Биліктің бағытына қайшы мәлімдемесінен кейін Ерлан Қарин орнында қалмайтын болар» деген де пікірлер айтылған еді. Бірақ ол былтыр қарашада билік партиясы - «Нұр Отаннан» кетпейтінін, «кетіргісі» келетіндердің сөзі - сандырақ» екенін мәлімдеді.

«ТҮРІКШІЛ» НАЗАРБАЕВ ПЕН САРЫМ

Кейбір пікірлерге қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Түркияға барғанда «түбі бір түркілер» туралы ресми Мәскеу мен орыс ұлтшылдары, тіпті қазақстандық саясаттанушылардың өзі күтпеген сөзді айтып салуына президент айналасында жүрген, «ұлт болашағын түркілік бірліктен іздейтін «клерктер» себеп болған.
Саясаттанушы Айдос Сарым «Ұлы Дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы кезінде. Алматы, 15 қазан 2011 жыл.

Саясаттанушы Айдос Сарым «Ұлы Дала» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайы кезінде. Алматы, 15 қазан 2011 жыл.


«Еуразияшыл» Назарбаевтың «түрікшілдігіне» қазақ ұлтшылдарының кейбірі сын көзбен қараса, кейбірі жылы қабылдады.

Бұл ретте позициясын «ұлтшыл» ретінде көрсетіп жүргендердің бірі Айдос Сарым Назарбаевты қолдаушылар қатарынан табылып, «түрік халықтарының бірлігі» туралы идеяны ақпарат құралдарымен қатар әлеуметтік желілер арқылы таратты.

Қазақ ұлтшылдарының реакциясы Ресейдегі орыс ұлтшылдарының назарына ілінісімен «түрікшіл» Назарбаев пен Сарымның сөздері әлеуметтік желіде ақпараттық майданға ұласып, «Назарбаевтың сөзі жалпы контекстен тыс қарастырылғанын, яғни президенттің бағытында өзгеріс жоқ екенін» президент әкімшілігі ресми түрде мәлімдеген соң ғана саябырсыды.

Бірақ «түрік бірлігі» идеясы әлеуметтік желідегі қазақ ұлтшылдары мен оларды қолдаушылардың белсенділігін тағы бір арттырды.

«АЛҒА» МЕН БИЛІКТЕ АЙЫРМА ЖОҚ»

Әлеуметтік желіде жиі талқыланған тақырыптардың бірі - Жаңаөзен оқиғасынан кейін сотты болған саясаткерлердің орыс тілді ақпарат құралдарында сипатталуы.

Бұл тұрғыда қоғамдық белсенді Айгүл Кохаева мен әлеуметтік желіде маркстік-лениндік принциптерді насихаттап жүрген Ермек Нарымбаев орыс тіліндегі «Республика», «Взгляд» басылымдарының «ұлты қазақ Серік Сапарғалиді елеусіз қалдырғанына және Владимир Козловты сатып кеткен адам ретінде» сипаттағанына наразылық білдірді.
Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.

Қоғамдық белсенді Ермек Нарымбаев. Сурет Facebook әлеуметтік желісінен алынды.


Әлеуметтік желідегі оқырмандарды екіге жарған бұл пікірталаста ұлтшыл позиция білдіріп жүрген белсенділер «Өздерін бірден-бір оппозиция санайтын тіркелмеген «Алға» партиясы да, оның ақпарат құралдары да ұлт мәселесіне бас ауыртқысы келмейтін биліктен айырмасы жоқ» деген қорытынды жасады.

Алайда пікірталасқа араласқан «Взгляд» газетінің бас редакторы Игорь Винявскийдің пікірінше, «істі болған оппозиция жетекшілерін қорғау үшін қазақ ұлтшылдары әрекет жасағысы келсе, қолдарын ешкім қақпаған». Кейіннен бұл дауға 1990 жылдардың бас кезінде ұлтшыл позициясымен танылған Жасарал Қуанышәлин де араласып, Серік Сапарғали шартты жаза алып шыққан кезде оның «сатқындығын» айтты.

Серік Сапарғали төңірегінде туған пікірталастан соң әлеуметтік желіде ұлтшыл позиция білдіріп жүрген белсенділер «егер ұлты қазақ емес саясаткер, қоғам қайраткері, құқық қорғаушы, журналист халық алдында, қазақ алдында беделді болғысы келсе, қазақ тілін білуге тиіс не оның мүддесін қазақтан бетер қорғауға тиіс» деген ой-пікірлер айтты.

«ОРЫС ТІЛІНДЕ СҰХБАТ БЕРУДЕН БАС ТАРТАМЫН»

Соңғы жылдары ұлттық мәселелерді көтеруімен таныла бастаған белсенді, «Болатхан Тайжан» қорының президенті Мұхтар Тайжанның мақаласы мен оған Мұхтар Аблязовтың серіктесі Мұратбек Кетебаев жазған жауап әлеуметтік желіде мемлекеттік тіл жөніндегі тағы бір дауды өршітті.
Қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан. Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.

Қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан. Сурет Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан алынды.


Мұхтар Тайжан мақаласында «Кейбір оппозициялық күштер билікке келер болса, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы өзгермейді екен. Тіл мәселесінде бүгінгі оппозиция да, билік те - бір. Демократиясы бар, бірақ қазақ тілі жоқ құқықтық мемлекеттен гөрі, демократиясы жоқ болса да қазақ тілін қолданатын авторитарлық мемлекетті таңдар едім» деген пікір айтқан еді.

Оның жазуынша, «Бүгінгі оппозиция Қазақстанда қазақтар - 70 пайыз, орыстар – 23 пайыз, ал 2020 жылы қазақтар - 80 пайыз, орыстар 10 пайыз болатынын, Қазақстандағы қазақтардың орта жасы – 27, орыстардың орта жасы 47 екенін ескермейді».

Мұхтар Тайжан сонымен қатар жыл сайын көбейіп келе жатқан қазақ электоратын есептей отырып, «Республика» газеті қазақ тілінде материалдар жариялағаны жөн екенін де ескерткен.

Мұратбек Кетебаев Мұхтар Тайжанның соңғы ұсынысына: «Республиканың» бетін ұлттық рухани мазмұндағы дүниелермен толықтыру туралы ұсыныс – нонсенс. Демократиялық бағыттағы жағдайы онсыз да ауыр орыс тілді газетті қазақ ұлтшылдарының рупорына айналдыру - қияли фантастика» деп жауап берді.
«Республиканы» ұлттық рухани мазмұндағы дүниелермен толықтыру туралы ұсыныс – нонсенс. Демократиялық бағыттағы жағдайы онсыз да ауыр орыс тілді газетті қазақ ұлтшылдарының рупорына айналдыру - қияли фантастика.

Бірақ «қазақ ұлтшылдары сараптамалық жобалар жасаймыз десе, «К-плюс» телеарнасының эфирінен тегін уақыт бөлетінін» де айта кетті.

Facebook әлеуметтік желісінде екі тарапты қолдаушылардың түрлі эмоциялары еркін ақтарылған пікірталас Мұхтар Тайжанның «орыс тілінде сұхбат беруден бас тартып, тек қазақша жазуға көшкен орыс тілділерге өз атынан сыйлық тағайындауымен» толастады.

Ал «Қазақ ұлтшылдары барлық майданда шабуылға шықты» деп жазған Мұратбек Кетебаев «биліктің қолдауына сүйеніп жүрген ұлтшыл-патриоттар өз партияларын құрып алғаны жөн» деген кеңес берді.

«ЖЕКПЕ-ЖЕК, ЖЕКПЕ-ЖЕК»

Ұлтшыл позициясын білдіріп жүрген белсенділерінің әлеуметтік желілерді тиімді пайдануға тырыса бастағаны видео-дебат форматында екі саясаткердің «жекпе-жек» өткізуі туралы бастамадан да байқалады.
«Руханият» жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 15 қазан 2011 ж.

«Руханият» жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин. Алматы, 15 қазан 2011 ж.


Мұндай ұсыныс жасаған Мұхтар Тайжан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ең әуелі қоғамдық белсенді Серікжан Мәмбеталинді пікірталасқа шақыратынын мәлімдеді. Тайжан 2012 жылы қаңтар айында өткен парламент сайлауы кезінде тіркелмей қалған «Руханият» партиясының жетекшісі Мәмбеталинді сайлау алдында ғана ұлтшыл бола қалған «саясат сахнасындағы Остап Бендерге» теңеген еді.

Ал Серікжан Мәмбеталин бұған жауап ретінде «Руханият» партиясына кіріп-шығып жүріп, өзіне тегін жарнама жасаған президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері, саясаткер емес, жай ғана қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанмен пікірталастыруға құлқы жоқ екенін, оның әуелі Мұхтар Шахановтан кешірім сұрап алғаны жөн болатынын» хабарлады.

Мұхтар Тайжанның «жекпе-жек» идеясын қолдаған Ермек Нарымбаев референдум мәселесі бойынша өзі келісе алмай жүрген «Азат» ЖСДП-ның тең төрағасы Болат Әбілевті пікірталасқа шақырды.

Қазақ ұлтшылдарының «жекпе-жекті» билік өкілдерімен емес, оппозиция өкілдерінен бастауға ұмтылуы әлеуметтік желідегі оқырмандарды тағы да екіге жарды.

Түрлі саяси бағытта жүрген қазақ ұлтшылдары соңғы кездері әлеуметтік желіде осылайша тоқайласты.

Қадірлі оқырман, мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауыңызға болады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG