Accessibility links

«Благодать» шіркеуіне келушілер қысымнан қорқады


"Благодать" шіркеуінің қоршауы. Астана, 8 тамыз 2013 жыл.

"Благодать" шіркеуінің қоршауы. Астана, 8 тамыз 2013 жыл.

Астанадағы «Благодать» шіркеуіне келушілер пастор Бақытжан Қашқымбаев қамауға алынғаннан бері қудалау басталғанын айтады. Қауым мүшелерінің көбі шіркеуге келуді қойған, кейбірі қай дінді ұстанатынын жасыруға кеңес береді.

«Благодать» пресвитериан шіркеуі - Қазақстан аумағында жұмыс істейтін протестант ұйымдарының бірі.

Астанадағы «Благодать» шіркеуіне баратын түрлі ұлт өкілдерінің арасында қазақтар да көп. Азаттық тілшісі осы шіркеуге барып қайтқан еді.

БҰРЫНҒЫ БАЛАБАҚШАДАҒЫ ШІРКЕУ

Ескі қаланың орталық бөлігіндегі Кравцов көшесіндегі шіркеу ғимараты Есіл өзеніне жақын синагога мен католик ғибадатханасымен қатар тұр. Бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан «Благодать» шіркеуі әдеттегі храмдарға ұқсамайды.

Шіркеудің ресми атауы – «Благодать» астаналық қайырымдылық миссиясы діни бірлестігі». Шіркеу халықаралық «Грейс» миссиясының құрамына кіреді. «Грейс» миссиясы Қазақстанға 1991 жылы келген.

"Благодать" шіркеуінің ғимараты. Астана, 15 қазан 2013 жыл.

"Благодать" шіркеуінің ғимараты. Астана, 15 қазан 2013 жыл.

«Благодать» шіркеуі қазір жұмыс істеп тұрған шіркеуге ұқсамайды. Темір шарбақпен қоршалған шіркеудің маңайы тозып кеткен. Қоршаудың сыртында қазақ және орыс тілдерінде «Құдай сізді сүйеді» деген жазу бар. Шарбақтың екінші жағына ілінген тақтайшада «Благодать» астаналық қайырымдылық миссиясы» деп жазылған.

Шіркеу қызметкерлері «Бұл ғимаратты заңды жолмен сатып алғанбыз. Егер басқа орын берілсе, бұл жерді босатуға әзірміз» дейді. Діни қауым мүшелерінің айтуынша, соңғы кездері бұл ғимарат туралы дау-шар көбейіп, жергілікті баспасөз «Бұрынғы балабақшада неге шіркеу орналасқан?» деген мәселе көтерген. Діндарлар «ғимараттан шығарып жібере ме» деп қауіптенеді.

ЖЕКСЕНБІДЕ ЕСІК АШЫҚ

Азаттық тілшісі шіркеуге жексенбі күні өтетін кешкілік құлшылық аяқталар тұста барды. Басқа христиан шіркеулері сияқты мұнда да негізгі құлшылық жексенбіде, таңертең және кешке - орыс тілінде, күндіз қазақ тілінде өтеді.

Аптаның басқа күндері «Благодать» шіркеуінде жастарға, ерлі-зайыптыларға арналған «бағдарламалар», отбасы жарасымын сақтау, өмірде табысқа жету жолдарын үйрететін курстар жұмыс істейді. Шіркеу өкілдері «олардың көбі - діни уағыз емес, ағартушылық сипатында өтетін шаралар» дейді.

​Қауым мүшелері құлшылық етуге екінші қабаттағы үлкен залға жиналады. Діни ғұрыптар кезінде «Благодать» шіркеуіне кез-келген адам кіре алады да, басқа уақытта келген адамды шіркеу қызметкерлері қақпа алдында тоқтатып, кімге, қандай мақсатпен келгенін сұрайды. Шіркеу өкілдері «бұл сұрақтар қауіпсіздік мақсатында қойылады» дейді. Осы себеппен құлшылық аяқталған соң шіркеу ғимаратындағы есіктер де құлыпталады.

«Евгений» деп танысқан қауым мүшесі «соңғы кезде шіркеуге қарсы арандату әрекеттері жиілеп кеткенін» айтты. Шіркеу ауласынан кім әкелгені белгісіз, діни кітаптар салынған «күдікті» жәшік табылған. Қазақстанда билікке жақпаған діни қауымдар «экстремистік кітаптар таратты» деп жиі айыпталады.

ҚҰЛШЫЛЫҚ

Мұндағы құлшылық протестант шіркеулеріне тән тәртіппен өтеді. Дұға оқу мен құдайға жалбарыну кезінде музыка қосылып, діни ән айтылады.

Пастор шіркеуге бірінші рет келгендерге арнап құлшылық кезінде сөз сөйлейді. Ол қауым мүшелерінен жаңа келген адамдармен амандасып, жылы шырай танытуларын сұрайды. Жаңа келген адамдарға арнап «Құдай әр пендесін сүйеді» деген мағынада дұға оқиды.

Бір қызығы, шіркеу ішіне қазақ тілінде Библиядан алынған цитаталар ілінген екен. Бұл жазулар орыс тіліндегі үзінділермен қатар тұр.

Құлшылық аяқталған соң «десятина» деп аталатын жарна жиналады. Бұл - шіркеудің қажеті мен оны дамытуға арналған қауым мүшелерінің садақасы. Қайыр-садақаның бұл түрі көп дінде бар дәстүр болғанымен, жергілікті баспасөз «Благодать» шіркеуін «қайыр-садақа жинайды» деп айыптады.

ПАСТОР ТҰТҚЫНДАЛҒАННАН КЕЙІН

«Благодать» шіркеуіне келушілердің көбі Азаттық тілшісіне «басымызға бәле болмасын деп шіркеуге келіп жүргенімізді ешкімге айтпаймыз» дейді.

Шіркеу қызметкерлерінің айтуынша, пастор Бақытжан Қашқымбаев тұтқындалған соң келушілер азайған. Егер бұрын 700-дей адам келетін болса, қазір шіркеуде құлшылық ететін адамдар саны 200-ден сәл ғана асады. Келушілердің жартысынан көбі шіркеуге келуді доғарған. Пастор Қашқымбаев зейнетке шығып, қауымды басқаруды басқа қызметкерлерге тапсырған кезде тұтқындалған.

"Благодать" шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев СИЗО-дан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

"Благодать" шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев СИЗО-дан шығып келеді. Астана, 8 қазан 2013 жыл.

- Мына жағдайларға байланысты көп адам кетіп қалды, бірақ жаңа адамдар келіп жатыр. Кеткендердің көбі - мемлекеттік қызметкерлер мен мектепте істейтін азаматтар. Оларға жұмыстарында ашық қысым жасалады, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген шіркеу өкілі.

Шіркеу қызметкерлерінің айтуынша, пастор Бақытжан Қашқымбаевтың тұсында мұнда келгендердің бәріне сауалнама толтыртатын практика болған. Бұл деректер шіркеу компьютеріне енгізіледі. Компьютерде мыңдаған адамның анкетасы болыпты. Тінту жүргізген полицейлер құрылғыны алып кеткен. «Енді шіркеуге келушілердің телефондары мен мекенжайлары құзырлы органдарға белгілі болып отыр» дейді шіркеу қызметкерлері.

- Мысалы, мен бір танысымды шіркеуге ертіп келдім. Ол содан кейін мұнда келмей кеткен. Екеуміз - доспыз, бұрынғыдай араласамыз. Кейін оған телефон соғып «Шіркеуде не істедің? Ақша беруге мәжбүрледі деп арыз жаз» деген, - дейді шіркеудің Әлия есімді қызметкері.

Оның айтуынша, «осындай сұрақтардан қорыққан кейбір адамдар шіркеуге келуді сиреткен, енді біреулер құлшылықты үйде өткізуді сұрайды».

Шіркеуге келушілердің бірінің Азаттық тілшісіне айтуынша, тінту кезінде қауым мүшелері полицейлерден ««Благодать» шіркеуін не себепті қудалайсыңдар?» деп сұраған. Оған полицейлер «Сендер тыңшыдан да қауіптісіңдер. Қазақтарды шоқындырып жатырсыңдар» деп жауап берген.

Шіркеу қызметкерлерінің айтуынша, пастор Бақытжан Қашқымбаев қазақ тілінде ешқашан құлшылық өткізбеген, көбінесе кеңес, көмек сұрап келген жеке адамдармен әңгімелескен.

«Грейс» миссиясы Қазақстанда жұмыс істегелі бері шіркеуге қарсы қылмыстық және әкімшілік істер қозғалды. «Благодать» шіркеуі қызметкерлерінің айтуынша, «миссия Қазақстанда жұмыс істеген жылдары билік тарапынан қысымға ұшыраған сегіз пастор өзінің және отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі үшін шетелге кетіп қалған». «Благодать» шіркеуін қолдаған бірнеше адам Қазақстаннан шығарылған.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG