Accessibility links

Тұрғындар Жаңақорғандағы күкірт зауытынан қауіптенеді


Кейден ауылының тұрғындары. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 22 тамыз 2012 жыл.
Кейден ауылының тұрғындары. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 22 тамыз 2012 жыл.
Жергілікті халық су мен ауаның ластанғанын айтып шағымданады. Ал зауыт өкілінің пікірінше, Италия үлгісінде салынған өндіріс орнының еш зияны жоқ.

2012 жылы тамыздың 29-ы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда «Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұрғанын, ал уран өндірісі бойынша бірінші орынға шыққанын» мәлімдеді.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы уран өндірісі нысандарының бірі - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауытында болып қайтқан еді.

2011 жылы желтоқсан айының басында республикалық ақпарат құралдары президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында салынған күкірт қышқылы зауытын тікелей эфирдегі телекөпір арқылы салтанатты түрде ашқанын жаппай көрсеткен.

«КЕЛЕР ҰРПАҚҚА АРНАЛҒАН КАПСУЛА»

Бірақ биыл шілде айында «Хабар» арнасында сөйлеген зауыт операторы «СКЗ-U» ЖШС бас директорының орынбасары Сәрсенбек Төлегеновтің сөзінен зауыттың 2012 жылы шілденің 8-інен бастап қана жарым қуатымен жұмыс істей бастағаны белгілі болды.
Зауытта ашық жатқан жентек күкірт (белгімен көрсетілген). Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.
Зауытта ашық жатқан жентек күкірт (белгімен көрсетілген). Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.

«2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған зауыттың «экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» екендігі екі рет ашылғанда да арнайы атап өтілді.

Атыраудағы «Теңізшевройлдан» жеткізілетін жентек күкіртті қышқылға айналдырып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы уран кеніштеріне пайдалануды көздейтін бұл зауыттың іргетасы 2009 жылы тамызда қаланған болатын.

Осы рәсімде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ президенті Владимир Школьник «болашақ ұрпаққа арналған жолдауы бар капсуланы» іргетастың астына салған еді. Алайда зауыттың қауіпсіздігіне алаңдап отырған Жаңақорған ауданының тұрғындары «Бұлар бізді ғана емес ұрпағымызды да алдағысы келетін тәрізді» дейді.

«КҮКІРТТІ ҚОЛМЕН ТҮСІРЕДІ»

Аудан орталығы Жаңақорғаннан бес шақырым жердегі Кейден ауылының тұрғындары зауыт салынар алдында «Қазатомөнеркәсібінің» мамандары үйіп-төгіп уәде беріп, ең әуелі ауыл төңірегіндегі жерлерін алып кеткенін айтады.

- Өтемақы береміз, жылу тартамыз, су кіргіземіз деген еді, соның бірі де жоқ әлі. Зауыт салынғалы құдығымыздағы судың беті қаймақтанып тұратын болды, ауыз су түгілі кір жууға да жарамай қалды. Зауыттан жаман иіс шыққанда далада отыра алмайтын болдық. Иіс желмен көршілес ауылдарға да жетеді. Жақында аспанда тұман секілді бір құбылыс пайда болып, бір күн тұрып тарады. Дем жетпейтіндер, қышымамен ауыратындар көбейіп кетті, - деді Азаттық тілшісімен сөйлескен бір топ ауыл тұрғындары.

Олардың сөздеріне қарағанда ауыл іргесінде тұрған зауыттың жұмысы зиянды болса да, оған жұмысқа тұра алмай жүргендер көп.
Кейден ауылындағы Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың қаржыландыруымен іргетасы қаланған мешіт. 22 тамыз 2012 жыл.
Кейден ауылындағы Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың қаржыландыруымен іргетасы қаланған мешіт. 22 тамыз 2012 жыл.

- Вагондап келіп жатқан күкіртті жұмысшылар 40-45 градус ыстықта күрекпен қолмен түсіреді. Күкірттің иісі тұмсыққаптан да өтіп кетеді. Айлықтары 60-70 мыңнан аспайды. Басқа жұмыс болмаған соң амалсыз істейді, - дейді олар.

Өзін Серік Ахметов деп таныстырған Жаңақорған кентінің тұрғыны күкірт қышқылы зауытында небәрі екі ай ғана жұмыс істеп, шыдай алмай шығып кеткенін айтады.

- Мен көлік айдадым, ал күкіртті күрекпен түсіретіндердің қалай жұмыс істейтініне таңғаламын. Автобуспен бірге қайтқанда, киімдеріндегі иістен кісі тұншығады. Олар сол киіммен үйлеріне барады, - дейді ол.

Тұрғындар зауыт пен ураннан пайда жоқ дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00


«ҚОЛЫНДА БИЛІК ТҰРҒАНДА ОЛ - АЙ»

Кейден ауылында 1993-1995 жылдары Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың қаржыландыруымен іргетасы қаланған мешіт имамы Мәнтай ақсақал капсула салуға келген Владимир Школьникке ел жағдайын айтқалы тұрғанында, аудан әкімінің «Ұят болады, сіз айтпаңыз, біз айтамыз» деп айтқызбай қойғанын еске алды.

- Айналып келгенде бұл - елбасы Назарбаевтың бастамасымен соғылған зауыт. «Ураннан бірінші орынға шығуым керек» деді де бастап кетті. Бұл - 100-150 шақырым құмның ішіне салынатын зауыт. Бірақ темір жол, асфальт салуды қиынсынды да, біздің ауылға сала салды. Ал елбасыға «мұның дұрыс емес» деп қалай айта аламыз? Өлсек те, қырылсақ та соныкі дұрыс болып тұр ғой. «Арыстан айға шауып мерт болыпты», ол қолында әзірге билік тұрғанда – ай. Оған жете алмайды ешкім, - деді ол.
Хасен Оралтай атындағы мешіттің имамы Мәнтай ақсақал. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 22 тамыз 2012 жыл.
Хасен Оралтай атындағы мешіттің имамы Мәнтай ақсақал. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 22 тамыз 2012 жыл.

Мәнтай ақсақал «Сырдарияның жағасынан 18 жерден скважина қазып, зауытқа су айдап жатқанын да» қоса кетті. Ал ауыл имамы :

- Шариғатыңда оның айтқанының бәрін мақұл деуің керек. Оны қолдауың керек. «Патшаны адам сайламайды, патшаны Құдай сайлайды» дейді. Патшаның айтқаны - уәжіп. Орындалуы керек. Сонда біз не қыламыз? Е, мақұл онда, өлсек көрерміз өлген жерде, - деді.

«ЕЛ ІШІНДЕГІ ҚАҢҚУ СӨЗ»

Кейден ауылының іргесіндегі күкірт қышқылы зауытына барған Азаттық тілшісі зауыт операторы «СКЗ-U» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Құралбек Базарбаевпен тілдескен еді. Оның айтуынша, «ел ішіндегі қаңқу сөздерге назар аударудың қажеті шамалы».

- Италия технологиясымен салынған бұл зауыттан қоршаған ортаға қауіп жоқ деуге болады. Италиядағы осындай зауытқа барып келген мамандарымыз зауыттың жанында халық егін егіп, өмір сүріп жатқанын көріп келді. Ал ауыл үйлеріне жылу береміз деп кім уәде бергенін білмеймін. Ондай сөз құжатқа түспеген, - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай зауыт ТМД бойынша екі-ақ елде бар. Жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін бұл кәсіпорын Жаңақорған төңірегіндегі Бәйкенже мен Қызылқұм уран кеніштерін, кейін Созақтағы уран кеніштерін қамтамасыз етеді.

Құралбек Базарбаев Атыраудан келетін жентек күкіртті жұмысшылар вагоннан күрекпен түсіретінін растады.

- Арнайы киім киеді, категорияларына байланысты 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейін жалақы алады, - деді ол.
«СКЗ-U» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Құралбек Базарбаев. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 24 тамыз 2012 жыл.
«СКЗ-U» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Құралбек Базарбаев. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, 24 тамыз 2012 жыл.

Құралбек Базарбаевтың сөзіне қарағанда тәулігіне 1500 тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың ауыл іргесіне салынуына көлік инфрақұрылымы себеп болған. Яғни алысқа салынса, «зауыттың құны қымбаттап кетеді». Оның айтуынша, зауытқа Сырдария жағасындағы ыза судан (өзен жағасынан қазылған скважина суы) жылына 1 миллион тонна су пайдаланылады екен.

Бас директордың орынбасарымен сөйлесіп шығып келе жатқанда Азаттық тілшісі сары түсті жентек күкірттің ашық жерде жатқанына куә болды. Күкірт жанынан өтіп, зауыт аумағынан шыққан үш жұмысшы оның зиян екенін ықыласпен-ақ айта бастаған еді, бірақ диктофонды көргенде тыйылып қалды.

«КҮКІРТ ҚЫШҚЫЛЫ ЖАРТЫЛАЙ ЖЕР АСТЫНДА ҚАЛАДЫ»

- Бұл зауытқа пайдаланылатын су онсыз да су тапшылығын көріп отырған Қызылорда облысын одан әрі тарықтырып, уақыт өте Жаңақорған, Шиелі аудандарын сусыз қалдырады. Ал уран алу үшін жерге құйылатын күкірт қышқылы жартылай жер астында қалатындықтан, жер асты суларын да бүлдіреді, - деді осы саланың аты-жөнін айтпауды сұраған маманы.

Кейденнен «Хорасан-1», «Хорасан-2» уран кеніштеріне күкірт қышқылын тасып жүрген көліктер жол бойында да көзге шалынды. Байкенже ауылы төңірегіндегі «Хорасан-1» кенішінің дербес қалашығына арнайы барған Азаттық тілшісінің сауалдарына жауап беруден кеніш басшылығы бас тартып, ол үшін «Қазатомөнеркәсібі» ұлттық компаниясы жетекшілерінің рұқсаты керек екенін көлденең тартты.

«ЖҰМЫС ТА, ДЕНСАУЛЫҚ ТА ЖОҚ»

Зауытта ашық жатқан жентек күкірт. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.
Зауытта ашық жатқан жентек күкірт. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Кейден ауылы, 24 тамыз 2012 жыл.
Уран кенішінің жанындағы Байкенже ауылының тұрғындары да өздерін «алтын сандықтың үстінде отырған кедейге» теңейді. «Уран өндірісі бойынша дүниежүзінде алғашқы орында тұрмыз дегенді «Хабардан» естиміз, бірақ бізде жұмыс та жоқ, денсаулық та жоқ» дейді олар.

Байкенже ауылының ортасында, аптап ыстық астында құрылыста жұмыс істеп жүрген бір топ адам Азаттық тілшісі барғанда ағаш түбінде дамылдап отыр екен. Аракідік шаң-топырақ көтеріп, аңызақ жел ұйтқи соғып тұрды.

Тұрғындардың бірі былтыр Алматыдан келген бір тілшіге шағымданған соң, ауыл әкімінен «сыбағасын» алғанын айтып бір тоқтады.

- Айналамызда бірнеше уран кеніші мен бұрғылаушы бригадалар бар. Күкірт қышқылы зауыты тағы ашылды. Бірақ тамыр-танысың, көкең болмаса жұмысқа алмайды ешқайсысы. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін кей жігіттер 60-80 мың теңгеге дейін жалақы алады. Біз үшін ол көп ақша. Оған қол жетпеген соң жаздай жалданып жұмыс істейміз. Айына 40-50 мың теңгедей табамыз. Басқа не істейміз? Жұмыс болса, істемейтін адам жоқ. Бала-шаға асырау керек, - дейді Ғалымжан есімді жігіт.
Күкірт қышқылы зауыты тағы ашылды. Бірақ тамыр-танысың, көкең болмаса жұмысқа алмайды ешқайсысы. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін кей жігіттер 60-80 мың теңгеге дейін жалақы алады. Біз үшін ол көп ақша.

Құрылысшылар бәрінен бұрын Байкенже ауылының ауыз судан тарығып, «Қазатомөнеркәсібі» қазып берген скважинаға күні түсіп тұрғанын айтады. Олардың сөзіне қарағанда скважинаның сыздықтап ағып тұрған суы ащы. «Ыдысқа құйған суымыз ертеңіне қарайып кетеді» дейді олар.

Жергілікті тұрғындар үрке қарағанымен, Қазақстан үкіметі мен «Қазатомөнеркәсібі» таратқан ресми деректерге қарағанда Жаңақорған ауданында салынған күкірт қышқылы зауытының «республикаға пайдасы зор». Яғни бұрын шетелдік күкірт қышқылына тәуелді болып келген уран кеніштері бұдан былай отандық зауыттың өнімімен қамтамасыз етілмек.

Ал «Қазатомөнеркәсібі» 2011 жылы әлемдегі барша уранның 20 пайызын өндірген. Дүниежүзіндегі уран қорының үштен бірі Қазақстанның территориясында орналасқан.
XS
SM
MD
LG