Accessibility links

Ресейлік компания бензин сатуды шектеп отыр


АИ-92 маркалы бензиннің жоқ екені жазылған ескерту. Алматы, «Газпромнефть» жанармай бекеті, 18 шілде 2014 жыл.

АИ-92 маркалы бензиннің жоқ екені жазылған ескерту. Алматы, «Газпромнефть» жанармай бекеті, 18 шілде 2014 жыл.

Қазақстандағы «Газпромнефть» компаниясы жанармай бекеттері АИ-92 маркалы бензинге шектеу қойып, бір көлікке 20 литрден артық сатпай отыр. Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті өкілі оны «заңсыз» дейді.

Ресейлік «Газпромнефть» компаниясының Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінде бір аптадан бері «АИ 92» маркалы бензин тапшылығы сезіліп отыр. Автокөлік жүргізушілері әсіресе кешке қарай бензин мүлде болмай қалатындықтан, кейде басқа жанармай станцияларынан жанармай іздеуге, немесе сапасы төмен АИ-80 маркалы бензин құюға мәжбүр болатындарын айтады.

«Газпромнефть» компаниясының Алматы облысы Іле ауданы орталығы Өтеген батыр кентінде орналасқан екі бірдей жанармай құю бекетінде кешкі мезгілде бензин болмай қалатындығына Азаттық тілшісі де бірнеше рет куә болды. Оның себебін аты-жөнін айтпауды өтінген бекет қызметкерлерінің бірі «бізге жоғары жақтан күніне 10 тонна ғана бензин сату туралы бұйрық келген» деп түсіндірді.

Оның айтуынша, жанармай бекетіне тәулігіне бір рет бензин әкелінеді екен.

«Түнгі сағат он екіде 10 тонна ғана бензин жеткізіледі. Ол ертеңіне түске дейін ғана жетеді» дейді ол.

БІР КӨЛІККЕ 20 ЛИТР

Азаттық тілшісі «Газпромнефть» компаниясының Алматы қаласында орналасқан бірнеше жанармай құю бекетінде болды. Бекет қызметкерлері «бензин бар, беріп жатырмыз» деумен ғана шектелді.

Бірақ осы жанармай құю бекетіне келіп тоқтаған көлік жүргізушілері жағдайдың басқаша екенін айтады.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

«Бір аптадан бері осы. Күніне тек 20 литр бензин берумен шектеліп жатыр. Естуімізше, жақын арада бензин бағасы өседі-мыс. Соған байланысты бермей жатқан сияқты» деді өзін Мақсат деп таныстырған көлік иесі. Ол «қордағы бензиннің азаюына байланысты шектеу қойылған ғой» деген жорамалын айтты.

Азаттық тілшісі «Газпромнефть» компаниясының Алматыдағы бас кеңсесіне хабарласқан еді. Өзін Асқар деп таныстырған компания өкілі бензинге қойылған шектеу жайлы сұрағымызға «ештеңе айта алмаймын» деп жауап қатты.

КОМПАНИЯҒА ЕСКЕРТУ ЖАСАЛҒАН

Қазақстан Мұнай және газ министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуандық Сағындықұлы Азаттыққа берген түсініктемесінде «Газпромнефть» компаниясына «заңсыз әрекеті» туралы ескерту жасалғанын айтты.

Ол «Біз оларға тұтынушыға шектеу қойып, заң бұзуға болмайтынын ескерткенбіз. Олар шектеуді алып тастайтындарын айтқан» деді.

Мұнай және газ министрлігінің шілденің 15-і күнгі ақпараты бойынша Қазақстанда 2014 жылғы қаңтар-маусым айларында 1 миллион 486 мың тонна бензин өндірілген, бұл 2013 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 17,4 пайыз артық. Осы кезең арасында елде 2 миллион 377 мың тонна дизель отыны өндірілген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG