Accessibility links

Қытай қазағының көбі Қазақстанға көшуді ойлайды


Ботагөз Рақышева, "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының құрылтайшысы әрі басшысы, әлеуметтанушы. Астана, 12 маусым 2015 жыл

Ботагөз Рақышева, "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының құрылтайшысы әрі басшысы, әлеуметтанушы. Астана, 12 маусым 2015 жыл

Қазақстандық зерттеу тобы жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша, қытай қазақтары өз отанын Қытай деп біледі. Сөйте тұра, олардың басым көпшілігі Қазақстанда тұрғысы келеді.

«Қоғамдық пікір» зерттеу институты «Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайына» қатысты жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысын маусымның 11-і күні Астанадағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты ғимаратында жергілікті сарапшыларға таныстырды. Институттың құрылтайшысы әрі басшысы, әлеуметтанушы Ботагөз Рақышева 2010-2014 жылдар аралығында Қытай қазақтарын зерттеу үшін төрт мәрте әлеуметтік экспедиция ұйымдастырғанын айтады. Экспедиция барысында Үрімші қаласы мен оның аймағындағы 7 ауыл, Алтай қаласы мен оның қасындағы 2 ауылдан жалпы саны 450 респондент әлеуметтік сауалнамаға қатысқан, 90 интервью алынған, сұраққа жауап бергендердің видеосы, суреттері жинақталған.

Сауалнамаға қатысқандардың 92,5 пайызы қазақ тілінде, 7,5 пайызы қытай тілінде білім алғанын айтқан. Қазақ тілінің болашағына "қатты алаңдаушылардың" қатары 61,5 пайыз, "аздап алаңдайтындардың" үлесі 32,7 пайызды көрсеткен. Жас балаларға қазақ тілін оқытуда айтарлықтай қиындық көріп отырғандардың үлесі 58,3 пайызды құраған. Дегенмен, Ботагөз Рақышеваның сөзінше, тіл ахуалына қатысты бұл көрсеткіштер қазір тіпті нашарлап кетуі мүмкін. Себебі соңғы үш жылда қазақтар тұратын өңірде қос тілділік науқаны басталған. Қытай тілін білмейтін адамға қалада жұмыс табу қиындаған.

"БОЛАШАҚТАРЫНА АЛАҢДАЙДЫ"

Ал ұлттық салт-дәстүрді сақтау, оны жастарға үйрету, жеті ата шежіресін білуге қатысты сұрақтарға жауап қатқандардың 80 пайызға жуығы «иә, білеміз» деген. «Қандай ұлыспен некелестіңіз» сауалына 83,2 пайыз - "қазақпен", 7,3 пайыз - "ұйғырмен", 3,8 пайыз - "қытаймен", 2,9 пайыз - татармен, 1,9 пайыз - "дүнгенмен" деп жауап берген.

Сауалнамаға қатысқандардың 88,8 пайызы Қазақстанда тұрғысы, 90,5 пайызы жұмыс істегісі, 81,5 пайызы білім алғысы, 77,7 отбасын құрғысы келеді.

Респонденттердің 56,7 пайызы төртінші немесе одан да арғы ата-бабасынан бері сол жерде тұратындарын көрсетсе, 43,3 пайызы қазіргі қоныстарын ата-бабасының "түпкілікті атажұрты" деп білген. Ал отанға қатысты сұраққа 88,4 пайызы Қытайды, 10,6 пайызы Қазақстанды "өз отаным" деп таныған. Осыған қарамастан сауалнамаға қатысқандардың 88,8 пайызы Қазақстанда (өздері немесе балалары - ред.) тұрғысы, 90,5 пайызы жұмыс істегісі, 81,5 пайызы білім алғысы, 77,7 отбасын құрғысы келетінін көрсетіпті.

Әлеуметтанушы Ботагөз Рақышева Азаттық тілшісіне Қытай қазақтарының 88,4 пайызы «өз отанын Қытай» деп белетіні, сөйте тұра Қазақстанға жаппай көшкісі келетіндерінде таң қаларлық ештеңе жоқ дейді.

– Әрине, олар Қытай мемлекетінде туып өсті. Екіншіден, олар тұрып жатқан жерін ата-жұртым деп біледі. Ал ол жер бүгінде Қытай мемлекетінің иелігінде. Сондықтан, Қытайды отаным деп санайды. Ал, Қазақстанға көшкісі келетіні түсінікті. Болашақтарына алаңдайды, – дейді Ботагөз Рақышева.

Әлеуметтік сауалнаманың таныстырылымына қатысқан тарихшы Жарас Ермекбай Азаттыққа бұл зерттеуден «ешқандай жаңалық естімегенін» айтты.

"ЭКСТРЕМАЛДЫҚ ӘЛЕУМЕТТАНУ"

– Ешқандай жаңалық естігем жоқ. Сосын Қытайда мұндай жұмыс жүргізуге [әлеуметтік сауалнама жүргізуге] рұқсат бермейді. Ол жақ ашық емес. [Бұл зерттеу тобы] өздерінше өз жолдарымен барып келген. Көп жаңалығы жоқ. Бұрыннан айтылып, жазылып жүрген мәселе. [Сауалнаманы] қалай жүргізгені түсініксіз, – дейді Жарас Ермекбай.

Әлеуметтанушы Ботагөз Рақышева Қытайда әлеуметтік сауалнама жүргізудің қиын екенін растайды және өздерінің жұмысын «экстремалдық әлеуметтануға» теңейді. Экспедицияларының төрт жылға созылу себебін жұмыстың қиындығы мен күрделі екенінен көреді.

Әділ Кәукенов, cаясаттанушы. Астана, 11 маусым 2015 жыл.

Әділ Кәукенов, cаясаттанушы. Астана, 11 маусым 2015 жыл.

– Біз анкета ұстап көшеде жүрген жоқпыз. Көп жағдайда адамдармен сөйлесіп, олардың айтқанын жазып алып немесе еске сақтап, қонақүйде өзіміз толтырдық. Өзге құпияларымыз да жеткілікті. Оларды ашып айтпаймын. Зерттеуші ретінде жолымның болғаны Қазақстандағы Қытай елшілігімен қарым-қатынасым жақсы, [Қытайға] оңай барып келуге, сондағы ғалымдармен байланыс орнатуға оның да септігі тиді, – дейді Ботагөз Рақышева.

Он жылдан бері шетелдегі қазақтардың жағдайын зерттеп жүрген әлеуметтанушы Қытай қазақтары сауалнамасының нәтижесі өзі күткендей шыққанын айтады.

Ал саясаттанушы Әділ Кәукенов әлеуметтік сауалнамадан пайдалы деректер тауыпты:

– Қытай қазақтарының жағдайын жекелеген адамдардан емес, осындай мамандардың еңбектерінен білу пайдалы болды. Көп нәрсеге көзім жетті. Бүгінгі талқылау өте тартысты өтті. Оның себебі әлі де тереңдеп зерттейтін тақырыптардың көптігі. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалмаса деймін, - деді саясаттанушы.

Қытай қазақтарының жағдайын жекелеген адамдардан емес, осындай мамандардың еңбектерінен білу пайдалы болды.

«Қоғамдық пікір» зерттеу институтының басшысы Ботагөз Рақышева Қытай қазақтары туралы докторлық диссертация қорғаған. 2010 жылы оған Қытайда әлеуметтік сауалнама жүргізуге Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырма берген. Рақышева Азаттыққа Қытай қазақтарының бүгінгі жағдайына қаттысты зерттеу қортындысын министрлікке тапсырғанын айтты.

2010 жылы өткен Қытай халық санағының ресми дерегі бойынша, бұл елде 1 557 457 қазақ тұрады. Қазақ көп шоғырланған жердің бірі – Шыңжаң өлкесіне қарасты Іле қазақ автономиялық округі. Ондағы қазақ саны – 1 223 252. Қазақстан үкіметінің ресми статистикасына сәйкес 1991 - 2014 жылдар аралығында 136 мыңнан астам Қытай қазағы Қазақстанға "оралман" мәртебесін алып көшіп келген. Осы жылдары тарихи атажұртына қайтқан жалпы оралман саны бір миллионға таяйды. Олардың басым көпшілігі - Өзбекстаннан келгендер. Ал оралман квотасын алмай, өз күшімен тарихи атажұртына оралған Қытай қазақтары туралы анық дерек жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG