Accessibility links

Алашорда кезеңінің қарсылық әндері


"Алаш" қозғалысы мен Алашорда ұлттық территориялық автономиясының жетекшілері (оңнан солға қарай) Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлы.

"Алаш" қозғалысы мен Алашорда ұлттық территориялық автономиясының жетекшілері (оңнан солға қарай) Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлы.

Қазақ дәстүрлі ән өнерінде алаш зиялыларының шығарған әндер шоғыры - бір төбе. Олардың ерекшелігі - саяси қарсылық жасауға шақырғандары айқын көрініп тұратыны.

«Алаш кезеңі» деп Қарқаралы петициясы жазылған 1905 жыл мен алаш зиялылары жаппай атылған 1937-38 жылдардың аралығын алып отырмыз.

ХХ ғасырдың басындағы алаш арыстарының әндері дегенде алдымен еске Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Шәкерім Құдайбердіұлы оралады.

«КЕЗ БОЛҒАН КЕР ЗАМАН БІЗДІҢ БАҚҚА»

Алаш арыстары шығарған әндер көшінің басында Міржақып Дулатұлының «Алаш гимні» тұр.

– Кез болған кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа, заман-ай.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа, заман-ай!
Азаматы алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды, - деп басталатын бұл ән 1916 жылғы патшалық Ресейдің маусым жарлығына орай шыққан еді.
20-ғасыр басындағы қазақ зиялылары. Ортада отырған - "Қазақ" газетінің өкілетті өкілі Міржақып Дулатұлы. Ташкенттегі фотостудиялардың бірінде түсірілген сурет. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан.

20-ғасыр басындағы қазақ зиялылары. Ортада отырған - "Қазақ" газетінің өкілетті өкілі Міржақып Дулатұлы. Ташкенттегі фотостудиялардың бірінде түсірілген сурет. Сұлтан Хан Аққұлының жинағынан.


Музыка зерттеушісі Ілия Жақанов «Кез болған кер заман біздің баққа» атты мақаласында «Міржақыптың осы әні он алтыншы жылдың қаралы зобалаңының шырағы болып, ұраны боп, жеңімпаз маршы боп он жетінші жылдың қазан төңкерісінің сұрапыл өртіне араласты да кетті. Бірақ Алаш көсемдері бұл құтсыз төңкерісті күткен жоқ-ты. Міржақып осы қым-қуат дүрбелең үстінде:
– Көк майса бетегелі жерің қайда?,
Күмістей толқынданған көлің қайда?.
Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен,
Жөңкіліп, көшіп-қонған елің қайда?
Көтерген ақ киізге ханың қайда?
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда?
Түнерген сыртқы айбынды іргең бүтін,
Бір кезде басқа қонған бағың қайда? – дейтін реквиемінен айнымады, - деп жазады.

«ЖАУҒА ОЙРАН САЛАМЫЗ»

1918 жылы «Абай» журналының жетінші санында Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі – Алаш ұранына айналған «Ғаскер өлеңі» жарық көрді. Осы жылы әні де шығып, айтыла бастаған.

– Арғы атам - ер түрік,
Біз - қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа - жеріміз.
Сай сайлап, мал айдап
Сайрандап, ен жайлап,
Ерке өскен Арқаның
Еркесі, серіміз, - деп басталатын рухты жырда ақынның жаңа орнай бастаған қоғамға деген қарсылығы айқын сезіледі.
Ілия Жақанов, қазақ композиторы. Жазушылар Одағы вебсайтынан алынды

Ілия Жақанов, қазақ композиторы. Жазушылар Одағы вебсайтынан алынды


Әнші Жоламан Құжимановтың орындауында айтылып жүрген «Бұл әннің әуені Міржақып Дулатовтікі» дейді музыка зерттеушісі Ілия Жақанов өзінің «Үзілген ән» атты кітабында.

– Бұғаудан босаған,
Біз - долы арыстан.
Долданса болмайтын,
Жаңа дәу періміз!, - деп келетін ұзақ толғау-жырдың соңы алаштың ордасын сақтау үшін жаңа қоғамға - совет үкіметіне қарсы тұруға үгіттейді.

– Жасаған жар болып,
Қазақтың еліне
Жасатсын, сақтасын
Алаштың ордасын!
Жауға ойран саламыз!

«ӨКІМЕТ, ӨР ЗОРЛЫҚҚА НЕ БАР ШАРАҢ»

Ал Ахмет Байтұрсыновтың «Анаға хат» атты өлеңі автордың түрмедегі азапты күндерін суреттейді.

– Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам, - деп келетін ақынның өлеңі - Семей түрмесінде отырғанда жазғаны. Онда ақын анасына арнап былай дейді:
"Алаш" партиясының жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынов.

"Алаш" партиясының жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсынов.


– Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!

Алаш қайраткері Байтұрсынов 1909, 1913, 1929, 1937 жылдары түрмеде отырып, 1938 жылы "халық жауы" ретінде атылып кетті.

Ахмет Байтұрсыновтың бұдан басқа «Аққұм» және «Кәмшат бөрік» атты әндері бар.

«ҚҰЛДАНАР СЕНІ КҮШТІ ҮКІМЕТ»

Алаш кезеңінде артында өлеңдерімен бірге көптеген ән қалдырған адам – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрім әндерінің ішіндегі қарсылық тақырыбында жазылған ән «Анадан алғаш туғанда» және «Сұраған жанға сәлем айт».
Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы.


– Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дауыстап?
Кiндiктi кесiп, қиғанында,
Анамнан кеттiм алыстап, - деп басталатын ұзақ өлеңнің соңы ақынның өзекті өртеген өкінішімен аяқталады.

– Құлданар сенi күштi өкiмет,
Ноқтасыз еркiн ел таппай.
Қорлықта жылап, зарла да өт,
Бостандық болар жер таппай.
Үкiмет өшсе, залымдар көп,
Арлыға өмiр сүргiзбес.
Қарулы қасқыр құдайың боп,
Азаттық жолмен жүргiзбес.
Әдiлет, мейiрiм, ар мен нысап,
Аты бар, олар елде жоқ.
Сүйгенiн iстеп, өзiң ұнап,
Сүретiн өмiр сенде жоқ, - деп азаттығынан айрылған елдің мұңын өз атынан сөз етеді.

Алашорда үкіметі құрылған жылдары (1917 жылдың желтоқсанының 12-сі күні құрылды - ред.) Семейде осы үкіметтің бас қазысы болған Шәкәрім өз заманындағы қоғамдық өмірден жеріп, 1925 жылдан ары қарай иендегі саят қорасына барып тұрады. Ақынның бұл әрекетін де қарсылық ретінде бағалауға болады. Ал сол саят Шәкәрімнің саят қорасының қалдығы. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 3 қазан 2011 жыл.

Шәкәрімнің саят қорасының қалдығы. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, 3 қазан 2011 жыл.

қорадан жазған «Сұраған жанға сәлем айт» әнінде Шәкәрім «мұз бен қарға» айналған заманды суреттейді:

– Өзімді сөкті достарым,
Айтасың деп жалған.
Көзі бар, миы бостарым,
Нұр алмады Жардан.
Сүйтсем олар - керең, соқыр,
Көз дегені - қара су.
Құлағы тас - ұқпай отыр,
Жүрегі мұз, қардан.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG