Accessibility links

Совет кезеңіндегі қарсылық әндер


Мәскеудің саясатына наразылық білдіріп Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға келе жатқан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

Мәскеудің саясатына наразылық білдіріп Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға келе жатқан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

Совет кезеңінде қарсылық сарынында шыққан әндер – жоқтың қасы. Бұл кезеңдегі әндердің басым бөлігі - лирикалық туындылар.

Дәстүрлі музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай «Қазақтың қарсылық тақырыбында айтылатын классикалық әндері – Мәдидің Қаракесегімен аяқталады. Онан кейін лирикалық әндердің дәуірі туды» дейді. Расында да совет кезіндегі қарсылық сарыны сезілетін екі-үш ән эстрадалық мәнерде шықты.

Совет кезеңінде туған қарсылық әндерде Алашорда кезеңіндегідей ашық күреске шақыру жоқ. Мәселен, Міржақып Дулатұлының «Алаш гимні»:

- Азаматы алаштың,
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды, - деп ұлтты ашық күреске, «атқа мінуге» шақырса, совет кезеңіндегі қарсылық әндерін бірден ұғу, ондағы наразылық сарындарын танудың өзі қиын.

Сталиндік репрессиядан кейін, қоғамда орнаған тоталитарлық жүйенің зорлығынан тырс еткен қарсылық үнін шығару мүмкін емес еді. Осы ретте қазақ ақындары мен әншілері ондай әндерді лирикалық сарынға «жатқызып», цензура ұстап алмайтындай етіп жазды.

«МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ»

Соның бірі - 2006 жылы әнұран болып бекітілген Шәмші Қалдыаяқовтың «Менің Қазақстаным» туындысы. Әннің туу тарихы 1954 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстың біріктіріліп, тың өлкесінің құрылуына байланысты болғаны белгілі.
Ақын Жұмекен Нәжімеденов (сол жақта) композитор Шәмші Қалдаяқовпен бірге, Алматы, 1963 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ақын Жұмекен Нәжімеденов (сол жақта) композитор Шәмші Қалдаяқовпен бірге, Алматы, 1963 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.


Сол кезеңде тың игеруге әкелінген мың сан халықтарды совет үкіметі қазақтың үстіне «төгіп» жатты. Ел арасында «солтүстік облыстар Ресейге қарап кетуі мүмкін» деген суық сөз де тарады. Осыған қарсылық ретінде туған әндегі «менің елім, менің елім» деген тіркес сол кездегі қазақтың жүрегіндегі сөзі болды.

Әннің сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов жазды. Кейіннен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жұмекен Нәжімеденовтің сөздеріне өзгерістер енгізді.

Ән алғаш рет Жамал Омарованың орындауында, шыққанынан бес жыл өткен соң, 1959 жылы радиодан беріліпті.

ҚАҢҒЫП КЕЛГЕН ШҮРЕГЕЙ.....

Совет кезіндегі қарсылық сарындар дегенде, әлбетте, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында пайда болған «Желтоқсан», «Қарабауыр қасқалдақ» әндері еске түседі.
Есенғали Раушанов. Алматы, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Есенғали Раушанов. Алматы, 19 желтоқсан 2011 жыл.


Аталған екі әннің де Совет одағы тарамай тұрып, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына орай туғаны белгілі.

Ақын Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған Лесбек Амановтың:

– Қара бауыр қасқалдақ,
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің
Еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға
«Қамықпа»деп көңіл айт!
Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол – қайғы,
Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды, – деп келетін «Қасқалдақ» әні сол кездегі саяси жағдай туралы нақты ештеңе айтпайтын, аллегориялық образдарға толы ән болса да, барша қазақ оны жанымен түсінді, сүйіп тыңдады. Бұл ән тәуелсіздік ұранына айналды.
Қазақ қызын әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

Қазақ қызын әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.


Лесбек Амановтың өзі Оңтүстік Қазақстан облысында (ОҚО) шығатын «Замана» газетіне 2010 жылы желтоқсан айында берген сұқбатында «Жаңылмасам, «Лениншіл жаста» болуы керек, Есенғали Рауша­новтың өлеңдері жарық көрді, соның ішінен «Қарабауыр қасқал­дағы» маған қатты ұнады. Өлеңді оқып жатқанда-ақ көмейіме бір ерекше мұңды әуен келді» дейді.

Автордың айтуынша, бұл ән тұңғыш рет ел алдында 1989 жылы «Тама­шада» орындалған. Халық әннің мәтіні мен әуені нені меңзеп тұрғанын бірден түсініп, зор қошеметпен қабылдаған. «Халық көздеріне жас алып, көп­ке дейін қол соғып, қошемет көрсеткені әлі есімде» дейді Аманов.

Осы тұста ел ішінде жиі орындалған әндердің тағы бірі Әбирбек Тінәлиевтің «Желтоқсан желі» әні еді.

«ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІНІҢ» ТҰСАУЫ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНДА КЕСІЛДІ

Әннің авторы Әбиірбек Тінәлі бұл әннің тұсауының қалай кесілгені туралы Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деген еді: «Желтоқсан желі» Алматының Мәскеудің саясатына наразылық білдіріп Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

Мәскеудің саясатына наразылық білдіріп Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақ жастары. Желтоқсан, 1986 жыл. Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет.

қақ ортасындағы алаңдағы қанды қырғын болған үш күннің екінші күні, яғни 1986 жылдың желтоқсанның 17-сі күні жазылды. Ол кезде мен Жамбылда тұратын едім, сол себепті алаңда бола алмадым. Бізді Алматыға жібермеді, біз қапалы күйде үйімізде отырдық, сол үшін әлдекімдерге ренжідік...сол кезде туған ән еді бұл, ақын Әбдірахман Асылбеков ағамызды тауып алып, әлгі әнге сөз жазғыздық. Содан кейін Алматыға келіп, әнімізді Қазақ радиосының студиясында жазғыздық, бірақ әуе толқынынан беруге рұқсат етілмеді. Сол жылдарда (1987-1988 жылдарды айтып отыр – ред.) «Желтоқсан желі» әні ең алғаш Азаттық радиосы арқылы халыққа жетіп еді. Қазақ радиосы Колбин «көкеміз» кеткенше бұл әнді эфирге шығарған жоқ, ал Азаттық радиосы бұл әннің тұсауын кесіп, тыңдарманға ұсынған болатын».

Бұл әнге бейнебаян түсірілген. Клип туралы автор «Сол 86-дағы оқиғаның көріністері, тарихи құжаттар, сонымен бірге қызғалдағы құлпырған дала, сол далада еркін ойнап жүрген жас балалар..., осындай кадрлары алмасып келіп отыратын бір дүние болып шықты. Қанды оқиға болған соң, уақыты да қаһарлы қыс кезі болғандықтан, үйлесімді болсын деп, өмірдің жалғасы ретінде балалар мен гүлге оранған даланы, құлпырған көктемді әдейі қостым» дейді.

«Желтоқсан желі» әніне түсірілген клиптің Youtube желісінен алынған нұсқасын мына жерден көре аласыз:


ҚАРСЫЛЫҚ ӘНДЕР ТУМАСА ДА ЕСКІ ӘНДЕР ОРЫНДАЛЫП ЖҮРДІ

Советтік кезеңде бірыңғай махаббат тақырыбындағы лирикалық әндердің жазылғанын айтқан Қажытай Ілияс былай деді:

– Өткен ғасырдың 30 жылдары қазақтың дәстүрлі 300 әнінің айтылуына тиым салды. Әндердің барлығы бақылауда тұрды, қуғынға ұшырады. Мазмұны мен тақырыптары өзгертіліп, авторлары ауызға алынбады. Тіпті алпысыншы жылдары «Қанатталды» әні үшін «совет үкіметінің қанаты талды деп тұрсың» деп қудаланған әншілер де болған. Міне бұндай кезеңде қарсылық әндердің болуы да мүмкін емес, - деген пікірін білдірді.
Ақын Қажытай Ілияс. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы, 26 мамыр 2012 жыл.

Ақын Қажытай Ілияс. Алматы облысы, Ұзынағаш ауылы, 26 мамыр 2012 жыл.


Қажытай Ілиястың айтуынша бұл кезеңде қарсылық әндер тумаса да бұрыннан бар әндер жиі орындалыпты.

Басында Баянауыл балалы құр,
Бір сөз айтам қалқатай, мойныңды бұр.
Ауылыңның сыртынан ән салғанда,
Ақбоз үйге сүйен де, қара да тұр, - деген мәтінді «Бұл болмайды, бұл деген байшылдық, оданша «тракторға сүйен де, қара да тұр» деп айтқызған үкімет қарсылық сарындағы әндерді бәрібір де айтқызбайтын еді, - деді ақын.

Айтуынша, совет кезінде еркіндік аңсаған ел Мәдидің «Қаракесегі» мен «Үшқарасын», Біржанның «Адасқағын» айтып жүрген.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG