Accessibility links

«Бұрғылау» жұмысшылары кәсіподақ төрағасын «өздері сайлағанын» мәлімдеді


Ереуілде отырған «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, 29 шілде 2016 жыл.

Ереуілде отырған «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы, 29 шілде 2016 жыл.

Өткен апта бойы жұмысты тоқтатқан «Бұрғылау» ЖШС-інің мыңнан аса жұмысшысы кәсіподақ төрағасын «өздері сайлағанын» мәдімдеді. Жұмыс сағаты қысқарып, жалақы азайғанына наразы жұмысшыларға мекеме басшысы еңбек сағатының тамыздан бастап қалпына келетінін айтты.

Жаңаөзендегі бес күнге жалғасқан мұнайшы саласы жұмысшылары ереуілі жұма - шілденің 29-ы күні кешке қарай кәсіподақ ұйымын сайлаған жиналыспен аяқталды. Олар бұрынғы кәсіподақ төрағасын «құқығымызды қорғамайды», «жұмыс берушіні жақтайды» деп айыптаған еді.

ЖҰМЫСШЫЛАР ТАЛАБЫ

«Бұрғылау» ЖШС автобекетіне жиналған жұмысшылардың сөзіне қарағанда, «жұмыс көлемі бола тұра еңбек сағаты қысқарып, жалақы да азайған, жұмыстан заңсыз шығару жиілеген». Жұмысшылар осы жағдайға айыпты «мекеме басшысы Асхат Сариевтің орнынан кетуін», жалақы дұрыс төленіп, еңбек жағдайын жақсартуды, кәсіподақ төрағасын өздері сайлауды талап етті.

Оқи отырыңыз: «Бұрғылау» жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты

Мәселен Азаттық тілшісіне «Бұрғылау» жүргізушілері «бұзылған көлікті өз ақшамызға жөндейміз, жөндемесек жалақымыз кесіледі» деген шағым айтты. Наурыз Боранқұлов есімді жүргізуші:

- Көлігім бұзылып бір жарым ай тұрдым. Сайманға ақша бермейді, өз көлігімізбен Әнуар Алакөзов (әріптесін айтады - ред.) екеуміз Атырауға бардық. Ол жерден табылмаған сайманды өз ақшамызға Ресейден алдырдық. Нәтижесінде маған тек 24 мың теңге жалақы шықты, - дейді.

Оның сөзінше, «мойнындағы 150 мың теңге несиесін туыстары көмегімен өтеген». Наурыз Боранқұлов «бұдан ары қалай өмір сүретінін білмейтінін, соған уайымдайтынын» айтады. Ал мекеме автобекетінде бесінші күн ереуілге шыққан бұрғышы, шебер, лаборант пен жүргізушілердің кейбірі үйінен кілем әкеліп төсеп, «талабымыз орындалмай ешқайда тапжылмаймыз» деп айқайлап жатты.

ВИДЕО: «Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының талабы (28 шілде)

ДАЛАДАҒЫ САЙЛАУ

Осы кезде автобекетке жұмысшылар белсендісі Сәдуақас Бекқалиев пен «Бұрғылау» кәсіподағы төрағасы Төлеген Досниязов келді. Жұмысшылар Төлеген Досниязовтан «кәсіподақ төрағасы қызметінен өз еркімен бас тарту туралы қолхат жазып беруді» талап етті. Олардың айтуынша, «Төлеген Досниязов барлық жұмысшылардың толық келісімінсіз сайланған». Ал Сәдуақас Бекқалиев кәсіподақтың жаңа төрағасын сайлауды ұсынды.

- Дәл қазір әр цехтан, бригададан кәсіподаққа кандидаттар ұсынылып, 51 пайыз дауыспен төраға сайлауымыз керек. Мына қағаздарға әр топ бөлініп, өз делегаттарын ұсынып, хаттама дайындап, қол қойып берсін, - деді ол.

ВИДЕО: «Бұрғылау» кәсіподағы төрағасын сайлау жиыны (29 шілде)

Жұмысшылар сұраған «өз еркімен кету туралы қолхатты» жазып берген Төлеген Досниязов «кәсіподақ жетекшісі қызметін адал атқарғанын» айтты.

- Жұмысшыларға жылдық есебімді тұрақты өткізіп келемін. Кәсіподақ мүшелерінің жалақысы, кімге қандай материалдық көмек көрсетілгені, жолдамалар қалай бөлінгені туралы есебімді мекеме кеңсесі қабырғасын іліп қоямын, - дейді ол.

Мұнан соң жұмысшылар автобекет алдында күн ыстығына қарамастан жиналыстарын бастап кетті. Әуелгі мәселе кәсіподақ төрағасын сайлауға кворум тола ма, жоқ па – осыны анықтау болды. Оның мән-жайын жұмысшылар белсендісінің бірі Бауыржан Қуанышев «кәсіподаққа 2017 адам мүше, соның 51 пайызы жиналса кворум толады» деп түсіндірді.

Түс қайта жұмысшы белсенділер «жиналған адам саны 1027 адам» екенін жариялап, «әр цех пен бригададан 44 адам делегат ретінде тағайындалғанын», сайлау нәтижесінде кәсіподақтың жаңа төрағасы Сәдуақас Бекқалиев болғанын мәлімдеді.

- Біз оны бұрыннан сайлап қойғанбыз. Осы жиналысты өткізуге рұқсат сұрап жүгіргенімізге екі ай болды,- деді жұмысшы белсендінің бірі Төребек Жолдыбаев.

ВИДЕО: Кәсіподақ сайлауы өткеннен кейінгі Сәдуақас Бекқалиевтің сөзі

Жұмысшылар сенім білдірген Сәдуақас Бекқалиев маусым айында «себепсіз жұмыста болмағаны үшін» жұмыстан шығарылған. Ол «Бұрғылау» мекемесінде 1992 жылдан бері мұнайшы болып еңбек еткен. 2009 жылы «Бұрғылау» ЖШС-інде еңбек жағдайының нашарлығына байланысты болған наразылық кезінде ереуілшілер комитеті мүшесі, сол жылдан 2012 жылға дейін кәсіподақ төрағасы болған. Ол жұмысшылар құқығына қатысты мәселені өткір көтеретіні үшін мекеме басшыларына жақпайтынын айтады.

- Кейін жұмысшылар маған да сенімсіздік танытып, орнымнан кеттім. Бірақ сол жұмысшылар міне енді қайта сайлап отыр, - деді ол жиналғандарды көрсетіп.

«БӘРІ ЖАҚСЫ»

Жұмысшылар кәсіподақ сайлауын өткізіп жатқанда олардың арасына (түске қарай) Жаңаөзен қаласы прокуратурасы мен әкімдік өкілдері, компания директоры Асхат Сариев келді. «Бұрғылау» ЖШС директоры Асхат Сариев Азаттық тілшісіне «жұмысшылардың кәсіподақтың жаңа төрағасын сайлағаны туралы хаттамасы қолына тигенде ғана сайлау нәтижесін мойындайтынын» айтты. «Хаттамаларын әкелсін. Қазір ештеме айта алмаймын» деген ол Төлеген Досниязовты кәсіподақ міндеттерін толық орындаған «жақсы адам» деп сипаттады.

- Ол жұмысшылар наразылық білдіріп жатқанда демалыста болды. Оны кәсіподақ ақшасын жеді деп жалған айыптап отыр, - дейді мекеме басшысы.

Асхат Сариев жұмысшылардың өзіне қатысты талабына да тоқталып, «ереуілге шыққан еңбекшілердің өзіне бетпе-бет келіп, орнынан кету туралы талап қоймағанын» айтты.

- Менің көзімше маған кет деген жоқ. Мені олар тағайындаған жоқ, мен өзім - жалдамалы адаммын, - деді ол.

Ол «жұмысқа шықпағандарды актілеп жатқанын, қандай шара қолданылатыны жайлы әлі шешім қабылданбағанын» айтты. Мекеме басшысының сөзіне қарағанда, «жұмыс сағаты жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қысқартылған».

- Тамыздан бастап жұмыс сағаты бұрынғы қалпына келеді. Қосымша бұрғылайтын ұңғымалар көбейді, - дейді Асхат Сариев.

ВИДЕО: Асхат Сариевтің жұмыстан шығарылған адамдар туралы сөзі

Ол жүргізушілердің сайманды өз қаражаттарына алып жүргенін білмегенін мәлімдеді.

- Бірінші рет естіп тұрмын. Арыз жазсын, айналысамыз. Жалпы еңбек жағдайымыздың «Өзенмұнайгаздан» айырмашылығы жоқ, тамақ та, киім де жақсы - дейді мекеме басшысы.

Бұл екі мыңнан астам жұмысшысы бар «Бұрғылау» ЖШС еңбекшілерінің алғашқы наразылығы емес. Мекеме жұмысшылары 2009 жылы көктемде жалақының аздығы мен еңбек жағдайының нашарлығына қарсы ереуілге шыққан. Компания негізінен «Өзенмұнайгаз» компаниясына бұрғылау, ұңғымаларды жөндеу қызметін көрсетеді.

Бейсенбі, шілденің 28-і күні ереуілге шыққан жұмысшыларға Жаңаөзен әкімі орынбасары Исахан Сағымбаев, Маңғыстау облыстық кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Миржан Тұманов мен кәсіподақ федерациясы өкілі Қалбай Ахатов келіп кездескен еді. Кәсіподақ федерациясы өкілдері наразы жұмысшыларға кәсіподақ сайлауын «әр цехтан екі адам кандидат шығарып, 51 пайыз кворум жинап, заңды жолмен өткізуді» ұсынған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG