Accessibility links

Қазақстанға «заңсыз миграция ұйымдастырған» пәкістандықтың ісі


Қазақстанға «заңсыз миграция ұйымдастырды» деген айып тағылған Пәкістан азаматы Сарфараз Хуссаинді сот залынан полиция қызметкері әкетіп барады. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстанға «заңсыз миграция ұйымдастырды» деген айып тағылған Пәкістан азаматы Сарфараз Хуссаинді сот залынан полиция қызметкері әкетіп барады. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.

Алматыда Қазақстанға «заңсыз миграция ұйымдастырған» Пәкістан азаматының соты жүріп жатыр. Қозғалғанына үш жылдай болған іске халықаралық ұйымдар назар аударып, Қазақстанға ескерту жасай бастады.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйым Amnesty International Қазақстанда турзим саласында жұмыс істеп жүрген жерінен 2012 жылы наурызда ұсталып, ешқайда кетпей туралы қолхатпен босаған, 2013 жылы қарашада қайта тұтқындалып, содан бері абақтыда отырған 48 жастағы Пәкістан азаматы Сарфараз Хуссаинді түрмеде ұстауды заңсыз деп есептейді.

Хуссаиннің өзі де, адвокаты да тағылған айыптармен келіспейді. Хуссаин айыптау қорытындысы урду тіліне аударылмағандықтан және сот отырысында не айтылып жатқанын түсінбейтіндіктен, сотқа қатысудан бас тартып отыр.

«ХУССАИННІҢ АЙЫБЫ»

Айыптау қорытындысы бойынша, «Алматыда туристік фирма ашқан Пәкістан азаматы Сарфараз Хуссаин 2007-2013 жылдар аралығында Қазақстанға Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Қытай сияқты елдерден азаматтарды заңсыз әкеліп, сол үшін ақша алып отырған».

1994 жылдан бері Қазақстанда тұратын бұл азаматтың тұрақты тіркеуі бар. Айыптау қорытындысына қарағанда, ол Қазақстан азаматтарынан «қылмыстық топ құрған», «өзге фирмалар атын жамылып, жалған құжаттар жасаған». Айыптаушылар «Шетел азаматтарының келу мақсаты құжаттағыдай емес екенін біле тұра, материалдық сыйақы үшін мемлекеттік органдарға басқаша құжат өткізіп, жүздеген адамға жұмыс визасын алып берген» дейді.

Қорғау тарапының айтуынша, Хуссаинның үстінен алғаш рет қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің «заңсыз миграция ұйымдастыру» (330-бап) бабымен 2012 жылы наурызда қозғаған.

Пәкістан азаматы Сарфараз Хусаиннің сот процесі. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.

Пәкістан азаматы Сарфараз Хусаиннің сот процесі. Алматы, 23 қаңтар 2015 жыл.

Amnesty International ұйымының былтыр қарашада Қазақстан бас прокуратурасына жолдаған хатында бұл істің «әртүрлі себептермен бірнеше мәрте тоқтатылып, қайта қозғалғаны» жазылған.

Кейіннен іс ҰҚК құзырынан Алматы ішкі істер департаменті қарауына өтеді. 2013 жылы қараша айында Хуссаиннің үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалып (235-бап, «ұйымдасқан қылмыстық топ құру»), кәсіпкер қамауға алынған.

Содан бері Алматыдағы тергеу изоляторында отырған Сарфараз Хуссаиннің ісіне қылмыстық кодекс бойынша «жалған құжаттар жасады» (325-бап, 2-тармақ) және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды» (193-бап) деген тағы екі айып қосылған.

Ал бас прокуратураға Amnesty International жазған хатта (2014 жыл, қараша) «Хуссаинді қамау мерзімі (бір жыл – ред.) өтіп кеткені, бұл халықаралық нормалар бойынша адам құқығын бұзу екені» айтылған.

«БҰЛТАРТПАС АЙҒАҚ ЖОҚ»

Айыпталушының адвокаты Ермұрат Мұқанов Азаттық тілшісіне «Хуссаин сот өндірісі тілі ретінде урду тілін таңдағанмен, оның бұл талабын Алмалы аудандық соты орындамай отырғанын» айтты.

- Осылайша ол қорғалу құқығынан айрылып отыр. Ол орысша тұрмыстық деңгейде ғана біледі. Бірақ тұтастай айыптаудың мәнін түсінуге шамасы жетпейді. Сол себепті ол наурыз айында [істі] урду тіліне аударуды сұрады. Алайда айыптау қорытындысы әлі аударылған жоқ, - дейді ол. Ал сот өкілдері Азаттық тілшісіне «қылмыстық іс 55 том болғандықтан, оны аудару қиын» деді.

Адвокаттың айтуынша, «Хуссаиннің кінәлі екенін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жоқ». Бұған дейін сұралған куәгерлердің ешқайсысы «оның жалған құжат жасап, ақша алғанын көрмеген».

СОТ ОТЫРЫСЫ

Қаңтардың 23-і күні болған сот отырысына Азаттық тілшісі де қатысқан еді. Онда шамамен 20-ға жуық куәгер сұралып, олардың кейбірі алдын ала тергеу хаттамасындағы сөздерін жоққа шығарып жатты. Мәселен, өзін Хуссаин құрған туристік фирманың бұрынғы қызметкері ретінде таныстырған куәгер хаттамаға тіркелген «Хусаиннің біреулерден ақша алғанын көрдім» деген сөзінен бас тартып, «оны біреулерден естігенін» айтып, түзетті.

Ал судья «Сұрағыңыз бар ма?» деген сайын Хуссаин «қылмыстық іс урду тіліне аударылмағандықтан, сот процесіне қатысудан бас тартатынын» қайталап отырды.

Қорғаушының айтуынша, іс ұзаққа созылуы мүмкін. Қазір куәгерлерден жауап алу жалғасып жатыр.

Алматыдағы «заңсыз миграция» ісі соты видеосы:

​Өткен аптада Қазақстандағы Пәкістан елшілігі Хуссаиннің ісіне қатысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота тапсырған еді.

Пәкістан елшілігі Азаттыққа берген жауабында іс барысын өздеріне Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлап тұратынын, Хуссаинға адвокат жалдағандарын, сот аяқталғанша қандай да бір комментарий бере алмайтындарын жазған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық тілшісіне кейінірек хабарласуды өтінді. Бас прокуратурадан да, Алматы ішкі істер департаментінен де іске қатысты жауап алу мүмкін болмай тұр.

Amnesty International Қазақстан бас прокуратурасына «тұлғаның ақылға сыйымды уақытта тергеліп, ол мерзім ішінде айыбы дәлделденбесе, босатылуға құқығы бар» екенін ескертеді. Келесі сот отырысы қаңтардың 29-ы және ақпанның 2-сі күндеріне белгіленген. Істі Алмалы аудандық сотының судьясы Қайынжамал Бухбанова қарап жатыр.

Хуссаиннің отбасы Алматыда тұрады. Аты-жөнін атағысы келмеген жұбайы (Қазақстан азаматы – ред.) Азаттық тілшісіне «кәмелетке толмаған үш баламен ұзақ уақыт бойы асыраушысыз қалғанын, тұрмыс таршылығын көріп жатқандарын» хабарлады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG