Accessibility links

ЖСДП сайлау комиссиясындағы орнын сот арқылы даулады


Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматы қалалық мәслихаты үстінен түсірген арызын қараған сот. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматы қалалық мәслихаты үстінен түсірген арызын қараған сот. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.

Сәуірдің 14-і күні Алматы қаласы Бостандық ауданы сотында Жармахан Тұяқбай жетекшілік ететін Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Алматы қалалық мәслихаты үстінен түсірген арызы қанағаттандырылмады.

Судья Жұмахан Омаровтың рұқсатынан кейін баспасөз өкілдері де сот залына жіберілді. Бірақ ол жерде баспасөз өкілдерінен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) өз газетінің тілшісі мен Азаттық радиосының журналисі ғана болды.

«ПАРТИЯ МЕН БІРЛЕСТІК ТУРАЛЫ ДАУ»

Алматы қаласы аумағына Талғар және Қарасай аудандарының кей аумақтары қосылуына байланысты қалалық мәслихат биыл наурыздың 31-і күні қосымша учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларын құру үшін сайлау өткізген. Сол күні сайланған 43 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелігіне билікті қолдаушы «Бірлік», «Ақжол», «Нұр Отан», «Ауыл», Патриоттар және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы – алты саяси ұйымның өкілдері өткен. Ал ЖСДП осы жаңадан құрылған учаскелік сайлау комиссияларының 23-іне өкіл ұсынып, [мәслихат депутаттарына таратылған] сайлау бюллетеніне партия атауы енгенімен, оларға мүше болудан «толық шеттетілген».

ЖСДП адвокаты Сергей Уткин сот басталғанда осы мәселені алға тартып, талап арызын қысқаша түсіндірді. Оның айтуынша, «Сайлау туралы заңның 10-бабы бойынша сайлау комиссиялары саяси партиялардан ғана құралуы тиіс. Қазір Қазақстанда тіркелген жеті партия бар. Сайлау комиссиялары да жеті мүшеден құралады. Олай болса, жаңадан құрылған сайлау комиссиясына ЖСДП өкілдері не себептен сайланбағаны түсініксіз».

Адвокат Сергей Уткин Бостандық ауданы сотында сөйлеп тұр. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.
Адвокат Сергей Уткин Бостандық ауданы сотында сөйлеп тұр. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.

Сергей Уткиннің сөзіне қарағанда, «Алматы қалалық мәслихат ЖСДП-ның орнына басқа бір қоғамдық бірлестік өкілдерін сайлаған. Ал заңды түрде тіркеліп, арнайы өкіл ұсынып отырған партия тұрғанда қоғамдық бірлестіктер өкілдерін сайлау комиссиясының құрамына өткізу заңға қайшы».

Алайда сотқа жауапкер ретінде келген Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Алматы қаласында сайлау комиссияларын құру бойынша жұмыс істеген уақытша комиссия төрағасы Виктор Бөлекбаев пен мәслихат атынан қатысқан адвокат Владимир Голфаст «ЖСДП-ның талап-арызы жалаң сөздерге ғана құрылғанын, шын мәнінде сайлау әділ өткенін» айтты.

Депутат Виктор Бөлекбаевтың сөзіне қарағанда, «ЖСДП жаңадан құрылатын сайлау комиссияларына қажетті 43 өкілді ұсына алмаған, тек 23 орынға адам ұсынған. Осыдан кейін Алматы қалалық мәслихаты қоғамдық бірлестіктерді де мәслихаттағы сайлау бюллетеніне қосу жөнінде шешім қабылдаған».

Виктор Бөлекбаев мұны «мәслихат депутаттарына шын мәнінде таңдау жасауға мүмкіндік беру, бәсекелестік орнату үшін қабылданған шешім» деп түсіндіріп, қалалық мәслихат хатшысы қол қойған қаулыны көрсетті.

Ал адвокат Сергей Уткиннің пікірінше, «Партиялардан ұсыныс бола тұра, қоғамдық бірлестік өкілдерін сайлау бюллетеніне тіркеудің өзі заңсыз. Сол себептен жеті орынға жетінші болып ЖСДП сайлануы тиіс». Осыны айтқан ЖСДП өз өкілдері өтпей қалған «23 сайлау комиссиясының сайлауын заңсыз деп тануды» сұрады.

ЖСДП соты
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

«ПАРТИЯНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕН АЙЫРМАСЫ ЖОҚ»

Сот кезінде Виктор Бөлекбаев ЖСДП өкілдеріне ара-тұра қарсы пікір айтып отырды. Оның сөзінше «сайлау бюллетеніне қоғамдық бірлестіктер қосылмаса, ондай сайлау шартты түрде ғана өткен болып шығады». Бөлекбаев сотқа қатысып отырған ЖСДП өкілдеріне:

- Сайлаушылар (мәслихат депутаттары – ред.) алдында қандай да бір таңдау болуы үшін солай жасадық. ЖСДП ұсынған өкілдер құпия дауыс беруге салынды. Сондықтан ЖСДП-ның талап арызының ешбір негізі жоқ. Заңда мәслихат тағайындамайды, тек сайлайтыны айтылған. Бұл - сайлау. Сайлауда жеңіп шығу үшін үгіт-насихат жүргізілуі керек. Онсыз жеңіп шығу мүмкін емес. Сіздер мысалы [мәслихат] депутаттарын білесіздер ме, олармен сөйлестіңіздер ме? Сөйлескен жоқсыздар, көрген жоқсыздар,- деді.

ЖСДП Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы Тазабек Сәмбетбайдың Азаттық тілшісіне айтуынша, «қалалық мәслихат депутаттарымен кездесу өте қиын, олар ЖСДП өкілдерімен тек ресми хат арқылы сөйлескенді жөн көреді». Оның сөзіне қарағанда, «қалалық мәслихаттың бұл уәжі орынсыз, сын көтермейді».

Азаттық тілшісі сот үзілісі кезінде Виктор Бөлекбаевпен сөйлесіп, «сайлау комиссияларына партиялардың өкілдерін сайлау орнына не себептен қоғамдық бірлестік өкілдері сайланғанын» сұраған еді. Бірақ ол «партия мен қоғамдық бірлестіктер арасында айырмашылық жоқ» деп жауап берді.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты Виктор Бөлекбаев. Алматы, Бостандық ауданы соты, 14 сәуір 2015 жыл.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты Виктор Бөлекбаев. Алматы, Бостандық ауданы соты, 14 сәуір 2015 жыл.

Бұл істің ешбір саяси астары жоқ. Егер ЖСДП қосымша сайланатын 43 сайлау участогына толығымен өкілдерін ұсынғанда мұндай мәселе тумас еді. Оның үстіне 23 сайлау комиссиясына ЖСДП ұсынған өкілдер бюллетеньге тіркеліп, құпия дауысқа салынды. Депутаттар сайлады. Ал ЖСДП-ны неге сайламағанын ЖСДП-ның өзінен сұрау керек, - дейді ол.

Сәуірдің 14-і күні өткен сот отырысы бірнеше үзілістен кейін кешкі сағат 18:30-да қайта жалғасып, судья Омаров сот шешімін оқыды. Сот шешімі бойынша ЖСДП-ның талап-арызы қанағаттандырылмады. Тазабек Сәмбетбайдың Азаттық тілшісіне айтуынша, «ЖСДП сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіруі мүмкін».

«Сайлау туралы» заңға сәйкес, мәслихаттар сайлау комиссияларын саяси партиялар ұсынған кандидаттардан құрып, олар бес жылға сайланады. Осы заңда «саяси партиялардың ұсыныстары болмаған жағдайда, мәслихаттар сайлау комиссиясын өзге қоғамдық бiрлестiктердiң және жоғары тұрған сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша сайлайтыны» жазылған.

Қазақстанда былтыр, 2014 жылы сәуір айында бекітілген сайлау комиссиялары 2019 жылға дейін жұмыс істейді. Жаңадан жасақталған аудандарда мұндай сайлау биыл өткізілген.

XS
SM
MD
LG