Accessibility links

Билікшіл БАҚ айыпталушылардың «мойындағанын» баса айтты


Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Солдан оңға қарай: айыпталушылар Ақжанат Әминов, Серік Сапарғали. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл. Сурет Twitter желісіне Lada.kz жүктеген жерден алынды.

Алайда әлеуметтік желілерде Сапарғалидың өзіне тағылған айыпты мойындағанына күмән келтірушілер көп.

Өткен аптада Ақтау қаласында Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовке қатысты сот процесі басталды. Жаңаөзен оқиғасына қатысты істерді «көзден таса қылмай келе жатқан» мемлекеттік «Қазақстан», «Хабар» арналары бұл сотқа қатысты ешқандай жаңалық таратпады.

«Егемен Қазақстан» газетіне де бұл сот жайлы ақпарат шықпады. «Айқын», «Алаш айнасы» газеттері де бұл саяси оқиғаны назардан тыс қалдырды.

Есесіне билікті қолдайтын интернет-сайттар соттың барысы туралы қысқа да құрғақ ақпарат беріп отырды.

САПАРҒАЛИ МЕН ӘМИНОВ

Егер оппозициялық ақпарат құралдары «судьяны ауыстыру туралы өтініштің орындалмауы, аударманың сапасыздығы, ашық деп жарияланған сотты камераға түсіруге тыйым салынуы» сияқты мәселелерді көбірек айтса, мемлекеттік сайттар «Сапарғали мен Әминовтің кінәсін мойындағаны» туралы ақпаратқа баса көңіл аударды.
Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминовтің сотындағы прокурорлар. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.


Мысалы bnews.kz агенттігі тамыздың 16-сы күні «Серік Сапарғали бір бап бойынша өзіне тағылған айыпты мойындады. Жергілікті мұнайшылар ереуілінің белсендісі Ақжанат Әминов те кінәсін мойындады» деп жазды.

Агенттік Сапарғалидың «2011 жылы Шетпе мен Жаңаөзенде болған оқиғада менің де кінәм бар. Осы тұрғыда тағылған айыпты мойындаймын. Екінші бапқа қатысты жауабымды сот барысында айтамын» деген сөзінен үзінді келтіреді.

Ал сотқа қатысып, Twitter арқылы тікелей трансляция жүргізген Азаттық тілшісі бұл жайында Сапарғалидің «Жаңаөзен оқиғасында бәріміз кінәліміз» деп айтқанын, ал адвокатының «Сапарғали кінәсін жартылай мойындады» дегенін жазды.

Мемлекеттік сайттарда шыққан «Сапарғали кінәсін мойындады» деген ақпаратты жергілікті арналар да таратып әкетті. КТК телеарнасы жұма күні куәгер, «Өзенмұнайгаз» компаниясының бұрынғы басшысы Киікбай Ешмановтың сотта берген жауабының мазмұнын баяндап, «Козловтың жұмысшыларды арандату ісімен шұғылданғанын, ал Әминовтің кінәсін мойындағанын» айтты.

«Айыпталушыларға «мұнайшыларды кәсіпорын жұмысын істемеуге, заңсыз пикеттер мен наразылық акцияларын ұйымдастыруға, полицейлерге шабуыл жасау және жұмыс берушілерге шантаж жасауға мақсатты түрде баулыды» деген айып тағылып отыр. Тергеу деректері бойынша, осының барлығын қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязов қаржыландырған» деп хабарлады бұл телеарна.

Мемлекеттік БАҚ-та соттың екі апта ішінде қаралып бітетіні туралы да жазылды. Ал іс 62 томнан тұрады.

САПАРҒАЛИ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАДЫ МА?

Соттың алғашқы күндері әлеуметтік желіде «Сапарғали шын мәнінде кінәсін мойындады ма?» деген сұрақ қызу талқыланып жатты.

Сапарғалидің айыпты мойындағаны туралы түрлі интернет-ресрустарда қайшылықты ақпарат тарады. Бір жерлерде Жаңаөзен оқиғасына «бәріміз кінәліміз» дегені айтылса, енді бір ақпарат құралдары «мойындады» деп хабарлап жатты.
Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.

Серік Сапарғали мен Владимир Козлов сотта отыр. Ақтау, 16 тамыз 2012 жыл.


Бұл қайшылықты ақпараттар интернет-қолданушылар арасында да түрлі пікір қайшылығын тудырды. Мысалы, интернет-қолданушы Валентина Махотина Facebook желісінде: «Владимир сияқты өз көзқарасына берік болып қала алмағандары - өкінішті. Әминов пен Сапарғали биліктің жетегінде кетті» деп жазды.

Бұл пікірмен келіспейтінін айтқан интернет-қолданушы әрі азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева «Бәріміз де кінәліміз» және «тағылған айыпты мойындаймын» - екеуі екі бөлек нәрсе екені анық» деген уәж келтірген. Ол сотта аударманың дұрыс жасалмағанын да ескерткен.

Ал Канат Мунаев есімді қолданушы: «Шынымен де бұл [сөз] әртүрлі мағына беруі мүмкін, бірақ журналистер (мүмкін, прокурорлар да) Ақордаға қалай ыңғайлы, солай түсіндіріп жатыр» деп жазады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG