Accessibility links

Қабырғасы жарылған жаңа үйлерге тұрғындар риза емес

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Николай Нестеренко жаңа үйінің қасында отыр. Алматы облысы, Қызылағаш ауылы, 10 қазан 2012 жыл.

Николай Нестеренко жаңа үйінің қасында отыр. Алматы облысы, Қызылағаш ауылы, 10 қазан 2012 жыл.

Су тасқынынан қирап, қайта тұрғызылған Қызылағаш ауылының тұрғындары жаңа үйлердің сапасыз салынғанына шағым айтты. Ал билік өкілдері шағымдардың кезінде қаралғанын, шара қолданылғанын хабарлады.

Талдықорған қаласының тұрғыны Николай Нестеренко су тасқыны кезінде Қызылағашта тұрған әке-шешесінен айырылды. Апат әкесінің үйі мен қора-қопсысын айналып өтіпті. Алайда үйді қора-қопсысымен бірге күреп тастап, орнына салынған жаңа типті үйі әне-міне құлайын деп тұр. Үйдің іргетасы қисайып, қабырғалары қақырап кеткен.

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫ СОТҚА БЕРМЕК

- Құрылыс компаниясының 2010 жылы салып берген үйінің сиқы мынау, көз алдымызда қирап жатыр: іргетасы құлап, қабырғалары қақырап барады. Төзімім таусылуға шақ тұр. Құрылыс компаниясын сотқа бермекпін. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының сметасын әзірлеп қойдым, сот бір шешім шығарар деп үміттенемін, - дейді Николай Нестеренко.

Николайдың айтуына қарағанда, осы уақытқа дейін түрлі мемлекеттік органдарға үйді сараптамадан өткізу туралы талай өтініш жазыпты. «Алайда бірде-бір мекеме өтінішімді орындамады» дейді ол. Енді сот шешімі бойынша сараптама жасатудан үмтті. Николай «үйді салғанда құрылыс нормалары ескерілмеген» деп ойлайды.
Жаңа үйдің қабырғасындағы жарықтар. Қызылағаш ауылы, 10 қазан 2012 жыл.

Жаңа үйдің қабырғасындағы жарықтар. Қызылағаш ауылы, 10 қазан 2012 жыл.


- Үйді керамзит кірпіштен қалаған да, арасына арматура салмаған. Соның кесірінен қабырғалары сөгіліп барады, - дейді Николай Нестеренко.

Николай Азаттық тілшісіне қайғылы оқиғаға айыптылардың бірі ретінде сотталып, кейін рақымшылыққа ілініп, еркіндік алған Қызылағаштың бұрынғы әкімінің үйі деп бір үйді көрсетті.

- Міне, қараңыз, мынау - бұрынғы әкімнің үйі. Құрылысшылар оның үйін бұзбай-ақ, тап-тұйнақтай етіп жөндеп берді. Ал менің әке-шешемнің мықты үйін және әкемнің өз қолымен салған моншасын бұзып тастады. Берік етіп салынғаны сондай, оларға тіпті тасқын да ештеңе істей алмапты. Бірақ құрылысшылар бұзып тастап, орнына мына итарқаны салып кетті, - дейді Николай Нестеренко.

Су пайдаланушылардың «Қызылағаш» кооперативі басқармасының төрағасы Қуаныш Бекеев, осы кооперативтің атқарушы директоры Мұхит Жүнісов, Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісов қайғылы апатқа кінәлі деп танылып, сот оларды бес жылға түрмеге кескен еді. Ол азаматтардың екеуі Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты жарияланған жаппай рақымшылыққа ілініп, еркіндікке шықты.

«ӘЛІ ОТЫРУЫ МҮМКІН»

Жаңа үйінің сапасыз салынғанына Қытайдан келген оралман әйел Нұрбақыт Оразхан да шағым айтты. Іргесі сөгілген үйін көрсетпекке тілшіні шақырған әйел «үйдің астына іргеден су кетіп жатыр» дейді. Нұрбақыт ылғалдан үй қабырғалары құлап кете ме деп қауіптенеді.

- Өзіміз Қытайдан келгенбіз, күйеуім екеуміз де жұмыссызбыз, ақшамыз жоқ. Өз күшімізбен жөндеп алуға шамамыз жетпейді. Іргетасы қисайып кеткенін көріп тұрсыз ғой, қыс келе жатыр, үй құлап қалуы мүмкін, - дейді ол.

Алматы облысы әкімінің оранбасары Амандық Баталов. Талдықорған, 10 қазан 2012 жыл.

Алматы облысы әкімінің оранбасары Амандық Баталов. Талдықорған, 10 қазан 2012 жыл.

Алматы облысы әкімінің орынбасары, 2010 жылы құрылыс жұмыстарының барысын қадағалаған Амандық Баталов «жаңа үйлерді салуға берілген мерзім аз болды» дейді. Шенеуніктің айтуынша, құрылыс барысында кеткен кем-кетіктер баяғыда түзетілген, ал үйінің аздаған сызаттарын жөндеумен тұрғындардың өздері айналысуы тиіс.

- Мен, мысалы, маман ретінде былай деп ойлаймын: мерзімі шектеулі болғанымен, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілді. Бірақ кез келген зат уақыт өте отырады ғой. Немесе кейбір тұста құрылыс технологиясы сақталмаған болар. Бір жерлерде құрылыс жұмыстары шапшаң жүрді, сондықтан ондай-ондай сызаттар болады, - дейді Амандық Баталов.

2010 жылдың наурызындағы апатты тасқыннан соң Қызылағаш ауылы тез арада қайтадан тұрғызылды. Апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған су қоймасының қирауы салдарынан болған тасқын 45 адамның өмірін қиды. Қызылағаш ауылы қирады. Үш ай ішінде мұнда 465 үй салынып, 30 үй жөндеуден өтті. Сегіз мың көшет отырғызылған саябақ салынды. Кентті қалпына келтіруге 8 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды. Бюджет қаражатынан бөлек, ауылға бүкіл Қазақстаннан қайырымдылық көмек көрсетілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG