Accessibility links

Жансая Әбдімәлік әлемдегі ең жас гроссмейстер атануға шақ тұр


Әлемдегі ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәлік. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

Әлемдегі ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәлік. Алматы, 27 маусым 2012 жыл.

2011 жылы Жансая Әбдімәлік Азаттыққа «Арманым – әлемдегі ең жас гроссмейстер атану» деген еді. 12 жастағы шахматшы сол арманына жету үшін тиісті үш норманы осы маусым айында орындап бітіріпті.

Бұл үш норманың мәнін бізге әжесі Анар Әшірова айтып берді. Яғни ең жас гроссмейстер атанудың шарты – белгіленген норманы орындау. Ал Жансая Индонезия, Мәскеу және Украинадағы жарыстарды ұтып, үш норманы 12 жас 5 айында орындап берген.

Ең жас гроссмейстерлердің белгіленген нормасын орындағанмен Жансаяның жетістігіне байланысты әзірге халықаралық шахмат қауымдастығынан ресми жауап алынған жоқ.

Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Еркін Исраиловтың айтуынша, осы аптада Жансаяның сертификаттары халықаралық шахмат қауымдастығына жіберіледі.

- Бізде федерацияда атқарушы комитет бар. Біз қағаздардың бәрін дайындап жатырмыз. Осы бір аптаның ішінде қағаздардың барлығы ресми түрде жіберіледі. Олар әр гроссмейстердің балына «иә, қабылданды» деп қағаз береді. Сондай жауап жіберуі тиіс, - дейді Еркін Исраилов.

ЕНДІГІ АРМАН

Жас шахматшының ендігі арманы - әйелдер арасындағы рекордты жаңарту. Ол қазір алдағы жарыстарға дайындалып жатыр.

- Осы жолғы жарыс Афинада өтеді. 20 жасқа дейінгі шахматшылардың әлемдік чемпионатына барамын. Тамыздың 1-і күні өтеді, - дейді ол.
Жыл соңына дейінгі мақсат - әлемдегі ең мықты 100 шахматшының құрамына кіру.

Маусымның 27-сі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Жансаяның әкесі Данияр Әшіров «жыл соңына дейін Жансаяның алдына әлемдегі ең мықты 100 шахматшының құрамына кіру мақсаты қойылып отыр» деді.

Жансая Азаттыққа былтыр берген сұқбатында екі рекордты бағындырғысы келетінін айтқан.

- Біріншіден, Катя Лагноның рекордын бағындырғым келеді. Ол 12 жас 5 айында гроссмейстер атанған. Мен одан ертерек бұл титулға қол жеткізгім келеді. Екіншіден, Хоу Юфань рекордын бағындырғым келеді. Ол 16 жасында әйелдер арасында әлем чемпионы атанған. Ал мен 13 немесе 14 жасымда осы белесті бағындырғым келеді, - деген еді жас шахматшы.

ЖАНСАЯ ВИРТУАЛДЫ ТҮРДЕ «САБАҚҚА БАРАДЫ»

Жансая Әбдімәлік қазір Сингапурдағы шахмат академиясында оқып жатқанын да айтты. Оқуы жайында сұрағанымызда:
Әлемдегі ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәлік шахмат ойнап отыр. Алматы, 19 маусым 2011 жыл.

Әлемдегі ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәлік шахмат ойнап отыр. Алматы, 19 маусым 2011 жыл.


- Маған ол жақ ұнайды. Физикалық жаттығулармен айналысамын, суға жүземін, - деді әлемдегі ең жас гроссмейстер.

Жансаяны Александр Никитин есімді маман жаттықтырады. Ресейлік Никитин сабақты Skype арқылы интернетпен өткізеді екен.

Туыстарының айтуынша, Жансая мектеп бағдарламасын да жақсы игеріп келеді. Ол виртуалды түрде «сабаққа барады».

- Маған сабақ тапсырмалары интернет арқылы келеді. Мен жауаптарын жазып жіберемін. Бәріне де үлгеріп жатырмын, - дейді ол.

Бұған дейін Қазақ-Британ техникалық университеті шахматшы қызға тегін грант ұсынған.

Жас шахматшы Бразилияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, төрт дүркін әлем чемпионы атанған.

Шахматшы Жансая (2011 жылы түсірілген видео).
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG