Accessibility links

Жарнамаға түсу жаңа кәсіпке айналды


Нұрсұлу Сұлтанова актерлік шеберлігін көрсетіп тұр. Алматы, 15 желтоқсан 2013 жыл.

Нұрсұлу Сұлтанова актерлік шеберлігін көрсетіп тұр. Алматы, 15 желтоқсан 2013 жыл.

Алматыдағы актерлер мен кастинг-директорларды даярлайтын тұңғыш кастинг-агенттік бизнесін кеңейтіп жатыр. Әуесқой актерлер жарнамалық роликтерге түсуді мәртебе санайды.

Азаттық тілшісі «Нәзік тауықтан жасалған тағамның сиқырлы құдыреті» («Магия на второе для южной курицы») деген жарнамалық роликтің стажер-ассистенті Нұрсұлу Сұлтанованы түсірілім алаңынан жолықтырды. Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының 36 жастағы түлегі Нұрсұлу жарнамаға түскенді жақсы көреді. Алғашқы кастингке құрбысының кеңесімен қатысыпты.

– 2011 жылы кастингтен сәтті өткен соң «Халық банкі» зейнетақы қорының жарнамасына түсуге шақырып, онда маған үлкен отбасындағы әйелдің рөлін берді, - дейді Нұрсұлу Сұлтанова Азаттық тілшісіне.

Жарты күн жарнамаға түскен келіншек 13 мың теңге (100 долларға жуық) алған. Жарты жылдан кейін оны «Арзан» супермаркетінің фотосессиясына шақырып, бизнес-леди рөліне түскен. Ол фотосуреттер супермаркет филиалдарында әлі ілініп тұр. Фотосессияға түскені үшін Нұрсұлу 20 мың теңге (160 доллардай) алған.

– Жарнамаға түсу қатты ұнады. Сөйтіп «Аврора» кастинг-агенттігінің директоры Сәуле Ахмединаға жолығып, көмектесуін сұрадым, - деп еске алады Нұрсұлу Сұлтанова.

Нұрсұлуды кастингтерге қатысу машықтарын жетілдіргісі келетіндерге арналған курсқа шақырады. Бұл сабақтар Нұрсұлуға бірнеше басты рөлді алуына көмектескен.

АРМАН ЖӘНЕ «АВРОРА»

Алматыдағы тұңғыш «Аврора» кастинг-агенттігі 2001 жылы Mark II Productions продакшн-студиясы базасында ашылған. Ал 2013 жылы сол құраммен «Аврора» жеке меншік кастинг-агенттігі ретінде жұмыс істей бастаған. Мұнда кішкентай балалардан бастап қарт адамдарға дейін жас-кәрісі аралас актерлер мен сән модельдері бар. Бұрын Қазақстанда мұндай актерлық база болмаған. Оқытушылары – Қазақстан киносы мен театрының танымал актерлері.

Кино өнеріндегі еңбек жолын режиссердің көмекшісі болып бастаған агенттік директоры Сәуле Ахмедина «Құс», «Отырардың күйреуі», «Тығырыққа саяхат» (« Путешествие в никуда») фильмдерін түсіруге қатысқан.

Кейін Mark II Productions студиясы жанындағы актер бөлімінің ұйымдастырушысы ретінде жарнама саласына ауысып, алғашқы актерлер тобын ұйымдастырған.

«Аврора» кастинг-агенттігі директоры Сәуле Ахмедина. 10 желтоқсан 2013 жыл.

«Аврора» кастинг-агенттігі директоры Сәуле Ахмедина. 10 желтоқсан 2013 жыл.

Агенттік директорының айтуынша, қазір киноға түскісі келетін адамдар көбейіп, Қазақстанда киноиндустрия саласы дами бастады.

– Сәл демеу ғана жетіспей тұрған адамдар бар. Актер болмағанымен, кейбірінің бітім-келбеті, қабілеті әлдебір рөлдерге түсіп көруге мүмкіндік береді. Бірақ бойындағы талантын танытуға көбінің білімі жетпей жатады. Осындай адамдарға арнап актерлік тренингтер, кинокурстар ұйымдастырсақ деген ой келді. Болашақта актер мамандығын жетілдіру саласына біржолата көшеміз деп жоспарлап отырмын, - дейді Сәуле Ахмедина.

Қазір агенттік кастинг-директорлар курсын өткізіп жатыр, ал келешекте екінші режиссер курсын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сәуленің айтуынша, «Қазақстанда кастинг-директорлар мен екінші режиссерлерді даярлайтын институт, орталықтар немесе осы мамандықты үйрететін оқу бағдарламалары мен кітаптар жоқ. Бірақ олар кино түсіру ісінде ең маңызды рөл атқаратын адамдардың бірі. Ал біліктілігі жоқ адамдар түскен дүниеден арзанқол дүние шығады».

Сәуле Ахмедина Алматы мен Астанада институт көп емес, бірақ агенттіктің тренингтерінен өткен кәсіби емес адамдардың рөл алу мүмкіндігі артады деп санайды.

Агенттік актерлері жарнама жобаларына да, қазақстандық сериалдарға да түсіп жүр. Тренингтің бір сабағы екі жарым-үш мың теңге тұрады. Бір тренингке 15 адамға дейін қатысады.

«РӨЛДІ ОРЫНДАУШЫ АКТРИСА ЕМЕС»

Райхан Айтқожанова – актриса, Жүргенов атындағы өнер академиясы сахна қимыл-қозғалысы кафедрасының меңгерушісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі.

Ал 2014 жылдан бастап «Аврора» кастинг-агенттігінде сабақ өткізеді. Райхан Айтқожанова тренингке қатысушыларға дене қимылдары, образға ену әдістері, ой мен дене үйлесімділігін қалыптастыр сияқты сахна өнерінің қыр-сырын үйретпек.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қазіргі актерлердің кәсіби деңгейіне көңілі толмайтынын айтқан актриса «қазір кәсіби актерлерді аз түсіреді, режиссерлер актерлерді көшеден алады» дейді.

– Көшеден келген адамды титрге «басты рөлді сомдаған актриса» деп жазып қояды. Кәсіби біліктілігі жоқ адам қалай актриса болады? Актрисаның тәжірибесі мол болуы тиіс. Ал біреулер рөлді ғана орындап шығады. Екеуін шатастырмауды сұраймын! – дейді өнер қайраткері Азаттық тілшісіне.

Райхан Айтқожанова кәсіби біліктілігі жоқ актерлердің мардымсыз қаламақыға да жұмыс істеуге келісетінін мойындайды. Оның айтуынша, бірақ кәсіби актерлердің де жарытымды жалақы алатындары аз. Алматыда бір ай күні бойы түсірілім алаңынан шықпай жұмыс істеген актерлерге екі мың доллар төлейді. Актриса «егер төлеген ақшасын азырқанып, бірдеңе десең, болмашы ақша төлеп, кәсіби біліктілігі жоқ жандарды шақыра салады» деп қынжылады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG