Accessibility links

Алматыда жастар театры «Көшкін» спектаклін қойды


"Көшкін" қойылымынан көрініс. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.
"Көшкін" қойылымынан көрініс. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

Алматыда «Жас сахна» театры «Көшкін» спектаклін қойды. Қойылым - қоғамдағы үрей туралы. Алматыға туынды авторы, түрік драматургі Төнжер Жүженоғлының өзі келді. Спектальді қойған тәжікстандық режиссер «бұл - елімдегі үрей сепкен билікке қарсы жанайқайым» десе, әсерімен бөліскен қазақ көрермені «Қазақстанда еркін ойлы азаматтар көбейіп келеді» дейді.

2016 жылы қазанның 27-сі кешке Алматыдағы «Жас сахна» театрының шағын залы көрерменге лық толды. Мұнда осы күні «Түріктің Чеховы» атанып кеткен Төнжер Жүженоғлының «Көшкін» қойылымы көрсетілді. Қойылымға шығарма авторы, драматург Төнжер Жүженоғлының өзі келді.

ЖАЛҒАН ҮРЕЙ

«Көшкін» қойылымы - жұртқа төнген апат туралы ғана емес, адам санасындағы үрейден арылу қажеттігін көрсететін пьеса.

Қойылымда тау баурайында тұратын ауылдың үрейлі өмірі суреттеледі. Бұл ауылда тұратын адамдар жойқын қар көшкіні болып кетпеуі үшін жылына тоғыз ай бойы бір-бірімен сыбырлап сөйлесуге, тыныштық сақтауға мәжбүр. Ауыл адамдары тек үш ай ғана емен-жарқын араласып, той жасап, дабырласа алады. Ал қалған тоғыз айда қатты дыбыс шыға қалса, қар көшкіні жолындағы бұл ауылды жайпап өтуі мүмкін.

"Көшкін" қойылымынан көрініс. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.
"Көшкін" қойылымынан көрініс. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

Осындай үрей астында өмір кешетін ауылдың үлкен ақсақалдары тіпті мұндағы әйелдердің босанатын уақытын да қатаң қадағалайды. Дүниеге келген нәрестенің шар етіп жылайтыны белгілі. Сол сәтте-ақ ауылды көшкін күреп өтуі ықтимал. Сондықтан бұл ауылдың адамдары әйелдер қауіпті кезеңде босанып қалмауы үшін барлық амалдарды жасайды.

Спектальдің осындай ерекшелігіне қарай сахнадағы әртістер де сыбырлап сөйледі. Залда отырған көрермен де ауылдың тыныштық баққан пұшайман халіне енеді. Алайда спектальдің бас жағында осы ауылда тұратын бір жас келіншектің толғағы мерзімінен ерте келеді. Толғақ уақыты алдын ала есептелгенімен, нәресте тоғыз айға толмай, шала туады. Қойылым оқиғасы да толғақ қарсаңында ширыға түседі.

Әуелі екі жас толғақтың ерте келгенін ауыл-аймаққа сездіргісі келмейді. Бірақ ауыл төрағасы біліп қойып, толғақ қысқан келіншекті даусын шығармай, тірідей көміп тастауға үкім етеді.

"Көшкін" қойылымнан көрініс. Толғағы келген келіншек өзіне қатысты үкімді естіген сәті. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.
"Көшкін" қойылымнан көрініс. Толғағы келген келіншек өзіне қатысты үкімді естіген сәті. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

Әйелі мен жарық дүниеге келе жатқан баласын қимаған жас жігіт үкімді өзгертуді сұрайды, ақсақалдарға жалбарынады. Бірақ «бір әйел үшін тұтас ауылды құрбан етуге болмайды» деген заң бар екенін» ескерткен төраға райынан қайтпайды. Амалы таусылған жігітке оның атасы көмекке келеді.

Өмір бойы сыбырлаудан шаршаған, бүкіл ауылды меңдеген үрейден жалыққан қарт мылтық алып шығып, атамын деп қорқытып, шыдамай бір кезде бар даусымен айқайлап жібереді. Бүкіл ауыл жолындағысын жайпап өтетін көшкінді түршіге күтіп, сілтідей тынады. Бірақ көшкін жоқ! Сәлден кейін елдің ондай қауіптің мүлде жоқ екеніне, болмағанына көзі жетеді.

ВИДЕО: «Көшкін» қойылымынан үзінді

«Көшкін» қойылымы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Қуанғандары немесе талай жылға үрейдің әдеті сүйекке сіңгені соншалық, айқайлайын десе дауыстары шықпайды. Ауыл жұрты неше жылдар бойы жалған үрейге тұншығып өмір сүргендерін түсінеді.

«АЙҚАЙЛАҒЫМ КЕЛДІ»

Қойылым режиссері тәжікстандық режиссер Барзу Абдураззаков бұл спектакльді «айқайлағым келгендіктен» қойдым дейді.

"Көшкін" спектаклінің режиссері тәжікстандық Барзу Абдураззаков. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.
"Көшкін" спектаклінің режиссері тәжікстандық Барзу Абдураззаков. Алматы, 27 қазан 2016 жыл.

- Мен, менің көптеген достарым түрмеге қамалып, кейбірі шетел асып кетуге мәжбүр болды, сондай елде тұрамыз. Тәжікстанда көптеген мәдениет өкілдері өмір бойына сотталған. Сондықтан мұны менің даусым, жанайқайым деп біліңіздер, - дейді Барзу Абдураззаков.

Оның сөзінше, Тәжікстан мен соңғы бір жылға жуық уақыт тұрып жатқан Қазақстан мемлекеттері – «кеңес үкіметінің жағымсыз мұрасын әлі арқалап келеді».

Ал Түрік драматургы Төнжер Жүженоғлы «Көшкін» шығармасын 2001 жылы жазғанын айтады. 2004 жылдан бері қойылым 40-тан аса елде сахналанып, көптеген елдерде әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. «Бүгінгі қойылым көңілінен шыққанын» айтқан Төнжер Жүженоғлы:

- Себебі әр елдің өз үрейі, өз «көшкіні» бар. Мәселен, бүгінгі түрік қоғамының үрейі – террор, - деді.

Түрік драматургы Төнжер Жүженоғлы. Алматы, 27 қазан 2016 жылы.
Түрік драматургы Төнжер Жүженоғлы. Алматы, 27 қазан 2016 жылы.

Негізінен әйелдердің ауыр тұрмысы, олардың отбасындағы тауқыметі мен зорлық-зомбылық жайлы жазатын Төнжер Жүженоғлы, «Көшкінде» де басты ауыртпашылық әйелдерге түсетінін атап өтті.

Ал қойылымды көруге келген режиссер Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбектің пікірінше, «бұл шығарма өзектілігін жоғалтпайды».

- Пендешілік, жеке басты ойлау – үрейге әкеледі. Сонау 1930-жылдары барлығы бірін-бірі сатты. Неге? Өз жанын аман алып қалу үшін. Бүгінде де ондайлар бар. Бірақ өз еркіндігін ешкімге бермейтін, тек тілімен ғана емес жаны-тәнімен еркін азаматтар қоғамда олардан көп, - деді режиссер.

«Көшкін» спектаклі Қазақстанда бірінші рет қойылып тұрған жоқ. Төнжер Жүженоғлының бұл қойылымын Қазақстанда танымал еткен театр режиссері Болат Атабаев пен «Ақсарай» театры болатын. «Ақсарай» театры бұл спектакльді 2012 жылы жаңаша интерпретациямен бірнеше рет қойып, түскен қаражатты жаңаөзендіктерге көмек ретінде аударатынын мәлімдеген. Атабаев спектакльді қою себебін «бүгінгі Қазақстан қоғамы «Көшкіндегідей» үрейден арылуы тиіс. Үрей арқылы билік халық санасын билеп отыр» деп түсіндірген. Билік абақтыға қамап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға талпынған Болат Атабаев кейінгі жылдары Германияға кетіп қалған.

Алматыдағы жас әртістердің «Жас сахна» театрын 2006 жылы режиссер Байтен Омаров құрған. Шағын театр труппасында 15-ке жуық адам бар. Кейінгі тоғыз айда «Жас сахнаға» тәжік режиссеры Барзу Абдураззаков шақыртылып, ол осымен үшінші спектаклін қойып отыр.

XS
SM
MD
LG