Accessibility links

"Еңлік -Кебекті" сахналаған қызылжарлық театр көрермен қошеметіне бөленді


Шолпан Айтыбаева мен Дәурен Тойбазаров Еңлік пен Кебек рольдерінде.Петропавл, қараша, 2008 жыл.
Шолпан Айтыбаева мен Дәурен Тойбазаров Еңлік пен Кебек рольдерінде.Петропавл, қараша, 2008 жыл.

Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыка драма театрының сахнагерлері көрермендеріне тағы бір классикалық туындыны ұсынды.

Бұл Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» шығармасы негізінде жазылған Мұхтар Әуезовтің трагедиясы.
Айта кету керек, театр ұжымы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіре салысымен, осы өнер шаңырағының есігін Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзімен» ашқан болатын. Сол кезде көрермен де «жүректерінің түгі бар екен» деп бас шайқап, жас театр табалдырығын сынай аттаған-ды.

Содан бері сегіз жыл өтті. Балапан қанат қатайғанын көрсетті, дегенмен, актерлардың айтуларынша, мына қойылымның жүгі ауыр. Кебектің рөлін сомдаған Дәурен Тойбазаров үшін бұл алғашқы басты роль екен: «Әр спектакль – театр ұжымы үшін үлкен сын. Оның үстіне ұлы Мұқаңның «Еңлік-Кебегі» болса ше? Әрине, қобалжып тұрмыз» деді спектакль басталмай тұрып бізге берген сұхбатында.

Сахна шымылдығы ашылуын көрермен тағатсыздана күтті. Қараңғы сахна төрінде ай сәулесіндей төгіліп Нысан абыз тұр. Қасында ақыл-кеңес сұрап жүрген адамдар. Қойылым осылай басталады. Жалпы, оқиғаның желісі – мәңгілік тақырып, махаббат жайлы.
Ерте кездері қазақтың берекесін кетірген рушылдық пен бітіспейтін даулар көптеген ғашықтардың жолында кездесетін кедергілердің бірі еді. Дәл осы кедергі Еңлік пен Кебектің махаббат жолында да кесек тастай болып жатып алды.

Оқиға былай өрбіді: еліктей еркелеген Еңлік пен Жапал тау-тастың арасында ән айтып жүреді. Кенеттен аң қуып бара жатқан жігіттің даусын естіп, Еңлік оның олжасын атып түсіреді. Кебек пен Еңлік осылай кезігіп, бір-біріне ғашық болады. Сол кезде Еңлікке деген көңілін Матай руының батыры Есен де білдіріп жүреді. Бірақ оның махаббаты жауапсыз қала береді. Күндердің күнінде Еңлік Кебекпен қашып кетеді. Сөйтіп, араздыққа сылтау табылып, бірнеше ай өткеннен кейін Есен Еңлікті даулап Тобықты руына барады. Өзінің көздегеніне жетпей қоймайтын қара ниетті Есен батыр сұраған кешірімге қарамастан, соңына руластарын ертіп Еңлік пен Кебек тығылған үңгірді табады. «Бұл қылығымыз бүкіл ұрпағымызға жуылмас дақ болып қалады ғой» деген Нысан абыздың сөзіне де құлақ қоймайды. Адамдардың тағдырын адамгершілік емес, ашудың таразысына салып өлшеген халық екі ру арасындағы дауды қос ғашықтың қанымен жуады. Жансыз екі дененнің қасында шырылдаған сәбиді құшақтап Жапал қала береді...
Жапал бейнесінде жас актер Асылхан Рәзиев, Петропавл, қараша, 2008 жыл.


Ерекше безендіріліген сахна көрермендерге оқиғаның ортасында отырғандай әсер етті. Бұл жолы рольдерді театр әртістері ғана емес, өнер колледжінің оқушылары да сомдады. Көрермен көңілін баурап алған жас сахнагерлердің бірі – Жапал ролін ойнаған оқушы Асылхан Рәзиев. Бұл жас әртістің алғашқы қадамдарының бірі. Еңлікті сомдаған Шолпан Айтыбаеваның бұл алғашқы басты ролі екен. «Қатты қобалжыдым. Ең бастысы, көрерменнің көңілінен шығуды ғана ойладым» дейді ол. Қойылымның қоюшы режиссері – тетар әртісі Батырбек Шамбетов.

Сахнагерлердің ойлағандары орындалғандай. Көрермен Роза Қаріпова: «Қазақ театрында жаңа қойылым болғалы жатыр дегенді естігеннен бастап оның сахнаға шыққанын асыға күтіп жүремін және біріншілер қатарында билет сатып аламын. Бұл жолғы қойылым жүрегімді елжіретіп, көзімнен жас домалатты» деді.
Тағы бір көрермен Болат Батыров: «Маған қойылым өте ұнады, керемет үлкен әсер алдым» деді.
Үлкен туындыны сахнаға шығарып, жерлестерінің қошеметіне бөленген тетар ұжымы Ақтау қаласында өтіп жатқан республикалық театрлар фестивалінде Александр Володиннің «Қос жебе» спектаклін сын тезіне салмақшы.

XS
SM
MD
LG