Accessibility links

Бикен апаның Әйгерімі – Күнсұлу инициалын үйде ұмытып кетеді


Актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы. Алматы

Актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызы. Алматы

Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Күнсұлу Тұрғынбекқызымен жаңа жылдық сұхбат

-Күнсұлу, Азаттықтың өтінішіне орай жаңа жылдық сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет, алдымен өзіңіз жайлы, отбасыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.

Жалпы негізі қазақ деген - керім халық қой. Тегі - мықты, қаны - қою, анасының сүті – шәрбәт.Сондықтан қай қазақтың баласын алсаңыз да тамсануға болатындай-ақ текті халық. Жалпы сол текті халықтың бір тұяғы Қызылжар дейді, «Аққайыңдар әлемінің аппақ қызымын» деп еркеліп жүріп айтып қоямын, еліміздің бас қаласы - Астанасы қонған ауыл, іргесінде ағып жатқан ерке Есілдің кәусәр суына шомылып өскен қазақтың бір қызымын.
Күнсұлу театр сахнасында. Алматы, ТЮЗ


Қызылжар, өкінішке қарай әлі күнге дейін Петропавл деп айдарлатып орысша айтып жүрміз. Бірақ дегенмен де «мен қазақпын» деген бала оны Қызылжар деп атайды. Сондықтанда мен өзімді Қызылжардың қызыл сөзді қызымын деп айтамын. Сол облыс орталығындағы нөмері 2-ші жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға арналған қазақ мектеп-интернаты болды. Көзімді ашқаннан сол жерге беріпті, қанатымды қомдап, қатаюыма сол интернат көп септігін тигізді. Ананың жылуын да сол жерден көрдім, көптеген ер мұғалімдердің көздерінен әкемнің көздерін көрдім. Бауырмал болып өсуге маған сол жер үлкен септігін тигізді. Өнерпаз болуыма да, қолымнан іс келуіне де.

Отбасымызда 12 бала болдық, сол 12 баланың ең кенжесі болып өстім. Әкеміз дүниеден ерте кетті, есімі – Тұрғынбек болатын. Сондықтан 12 баланың барлығын өсіріп жеткізу менің анама сәл ауырлығын тигізді. Сондықтан мен интернатта өстім, оған мен өкінбеймін. Өмірдегі қазір аздаған жетістіктерім болса, соның барлығы сол интернаттың тәбиесінен деп ойлаймын. Көпшіл қылды, бауырмал қылды, үлкен ортада «қасқыр» қылды.

-Ал жалпы мамандық таңдау барысында өзіңізге кім ықпал етті?


Жастайымнан өнерге бір табан жақын болып өстім. Бала кезімнен әнге әуес болдым, домбыраны тартып үйрендім. Сөйтіп облыс орталығында жалғыз қазақ тілін жетік меңгерген оқушы болғандықтан, байқаулардың бәріне қатысатынмын, әйтеуір жасымды ұлғайтып та жібереді, кішірейтіп те жібереді. Түрлі байқаулардың шарттарына ыңғайлап, барлығына мені жіберетін. Солардан әрдайым бас жүлдені алып келетінмін, «Көркем сөз оқу шебері», «Әнші балапан», қазақ тілі мен әдебиеттен республикалық олимпиадалар бар, «Сиқырлы қазан» сынды көптеген байқаулар. Сөйтіп облысымыздың мәртебесін көтеріп біраз жүрдік. Бірақ өкінішке қарай менің өнер жолыма келуіме көптеген кедергілер болды. Біріншіден анам алысқа баруыма қимады. Бір шетінен алыста жүріп оқысаң қалай бағып- қағамын деп уайымдады.
Күнсұлу сахнаны әнімен де тербетеді.


Интернатта оқып жүргенде Күнсұлу ең алғашқы республикалық қыз сыны «Парасатты Әйгерім» байқауына қатысыпты. Сол кездегі дайындықты Күнсұлу әлі күнге дейін тебірене еске алады:

-Мен ішіне кішкене көрпешелер жинап барлық жабдықтары өрнектелген киіз үй жасадым. Күбісіне дейін, сандығына дейін, түскиіздеріне шейін барлығын өзім жасадым. Киімдерді тігіп үлгермей, қызу дайындық үстінде болдық. Уақыт аз қалған болатын. Себебі менің баратын- бармайтыным белгісіз болды. Байқауға республикадан 18 жасқа толған қыздар жиналу керек болатын. Ал менің жасым 14-те ғана еді. Сол себепті маған кәсіптік техникалық училещенің студенті деген жалған құжат дайындады. Мен аң-таң. Студент деген кім, училещеде не үйретеді деп ұстаздарымнан сұраймын. Бар ойым өтірігім шығып қалмасын деймін де.

Сол кездегі қазылар алқасына белгілі актриса, Қазақстанның халық артисі болған Бикен Римова төрелік етіп, 18 жасар бөйжеткендердің арасында жүрген кішкентай Күнсұлудың құпиясын біліп қояды.

- Байқау үш күнге созылды. Бірінші күні Бикен апам ұстап алды да «Нешедесің?»-деп сұрады. «Он сегіздемін!» деп қоямын. Баланың көңілі бәрібір білініп тұрады ғой. Сосын «Айналайын, өзіңнің жіберген облысыңның, достарыңның, сен оқып жатқан жердің абыройын төкпейін деп өзіңше тырысып бағып тұрсың. Шыныңды айта қойшы, жасың нешеде?» деді. Жылап жібердім. «Апай, маған жалған құжат берді ғой, бірақ өтірігіңді білдіртпе деді. Олар маған барған соң ұрысады. Апа, сіз білдірмеңізші!» деп қиыла сұрап тұрмын. «Ой құлыншағым –ау сол, актриса болатын бала екенсің. Мен ешнәрсені білдіртпейін. Мен саған сәттілік тілеймін.Бұйыртса жақсылық болар, жақсы көріп қалдым өзіңді» деп, батасын беріп, «Бара ғой, әй, Әйгерім сол » деп тамсанып тұрып айтты.
Күнсұлу Тұрғынбекқызы ТЮЗ театрының актрисасы.


Күнсұлу сол байқауда бас жүлдені жеңіп алады. Одан кейін біраз уақыт өткен кезде Бикен апаймен бір сахнада кездеседі. Кұнсұлу «сол қойылым Бикен апамның соңғы, ал менің алғашқы қойылымым болды» деп еске алады.

- Мен студент болып жүрген кезде Мұхтар Әуезов театрында «Естайдың Қорланы» деген спектаклге ән айтатын немересінің роліне қыз іздеп жатты. Мен сынақтан өтіп, алғаш рет Болат Атабаевтың спектаклінде ойнап, Әуезов театрында тұсауым кесілді. Сол спектаклде Бикен апаммен бірге ойнадым. Апам мені танып, «айтым ғой, айттым сен актриса болатын қызсың, менің Әйгерімім сол» деп, құшағына қысып, еміреніп, еркелетті. Сол менің алғашқы рет сахнаға шыққан спектаклім болса, ол ол кісінің соңғы көрерменімен қоштасатын спектаклі болды. Бұл да болса тағдыр деп ойлаймын.

Бүгінде Күнсұлу көпшілікке танымал актриса, жуырда жарық көрген «Жетімдер» фильміне де түсіп үлгерді. Қазіргі таңда Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Күнсұлу үлкен рөлдерге «шөлдеп» жүрген жайым бар дейді.

- Қазіргі күнде режиссер Талғат Теменовтың «Көгілдір такси» спектаклінде ойнап келемін. Бұл қазіргі таңда көпшіліктің сүйіп тамашалайтын қойылымдарының бірі. Менің әзірге өкінішке қарай үлкен рольдерді сомдауға шөлдеп жүрген жайым бар. Аздаған өкпем де бар.

Алайда Күнсұлу мен өмірде талай құлап, қайта тұрған адаммын, сондықтан оңай берілетін жан емеспін дейді. Бүгінгі нарық заманында Күнсұлу киноға түсіп, театрдағы рольдерін ойнап, дубляж жасап, түрлі ойын-сауық кештерін де жүргізіп жүрген жайы бар. Осылайша жүгіріп жүрген кезде, ара-тұра қызықты оқиғалардың да болатындығын еске алады:

- Бірде үлкен қызметте отырған ағамен, той мәселесін ақылдасуға кездесуге баратын болдым. Мемлекеттік қызметте отырған соң жұтаң бармайын, сықиып киініп алайын дедім де, қымбат дүкендердің біріне барып, бастан- аяқ су жаңа киім алып, киініп алдым. Сықиғанымды қайтейін, үстімдегі кофтада 3 этикетка, юбкада бірнеше этикеткаларды салбыратып барыппын, Қожанасырлығым ғой. Сөйтіп мейрамханада сөйлесіп тұрмын, қасымдағы адамдар біртүрлі қысылып, ары - бері жүреді. Қызу әңгіме жүріп жатыр. Бір уақытта, барлығы тұрып – тұрып кетіп қалған кезде, әлгі ағамыз «Ей айналайын, мына кофтаңды қаншаға алдың?» деп сұрап қалғаны бар емес пе? Мен қысылғанымнан «Аға тимеңіз, мен театрда «құдалық» деген қойылымға дайындалып жатырмын. Менің партнерім этикеткамен жүреді де, мен сонда қандай әсерде болуым керек екендігін білмеймін. Сол сәтті дұрыс шығара алмай жатырмын. Сондықтан да сіздің алдыңызға осы этикеткаларды жапсырып алып келдім»,- дедім. Содан кейін «Аға, ана сіздің жаныңыздағыларға айтыңызшы мен туралы жаман ойлап қалмасын» деп айтып қоямын. Содан әлгі ағамыз барлығына мән- жайды түсіндірген болды. Сөйтіп «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, сол жағдайдан ұялмай шығып кеткен кезім болған.

Сөз соңында Күнсұлу Азаттықтың оқырмандарына жаңа жылдық тілегін де жеткізді:

- Адамзат баласы бір- біріне мейірімді болса екен деп тілеймін. Жаңа жыл құтты-қуанышты болсын деймін, шағырақтарыңызға шаттық, бастарыңызға бақыт. Азаттық радиосының барша тыңдармандарын, Алла Тағала бақытты жолдың жолаушысы етсін демекпін.

Енді Күнсұлудың инициалын үйде қалай ұмытып кеткені туралы әңгімесін өз аузынан естиік:


-Бірде ұялы телефон сатып алуға сауда орталығына барып едім, адам көп екен, кезекте тұрдым, бір кезде сатушы қыз маған: Девушка, ваши инициалы?" деп сұрады. Бұл менен не сұрап тұр деп, түсінбедім де, неде болса құжаттардың бірі шығар деп, естімеген кісі құсап тұра бердім. Ол екінші қайтара сұрады, мен тағы да басқа жаққа қарап, әндетіп тұрмын. Ол үшінші рет ашуланып, "Девушка, сколько можно говорит, ваши инициалы,-" деп ақырды. Мен әлі де түсінбеген соң, оған жақындап, құлағына ақырын ғана "Девушка, извините я их дома забыла,-" дедім, керек бір қағазды сұрап тұрған шығар деген оймен. Аңтарылып қалған әлгі қыз: "Fамилия, имя есть у вас,-" деді.
"Конечно, у кого не бывает, тем более у казахов, у нас фамилия, отчество и даже ру есть,-" дедім. Содан ол қыз күлген қалпы мені таңданыспен шығарып салған еді.

-Күнсұлу, әңгімеңізге көп-көп рахмет. Келіп жеткен Жаңа жыл бақыт пен береке, шығармашылық табыстар әкелсін.


  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG