Accessibility links

Теміртаудағы «мектеп дауы» қыза түсті


Юрий Жулин, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары. Теміртау, 8 шілде 2011 жыл
Юрий Жулин, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары. Теміртау, 8 шілде 2011 жыл

Теміртауда орыс тілінде білім беретін екі мектепті қайта құруға қатысты сот өтіп жатыр. Жүздеген орыстілді оқушының берген арызына қатысты билік өкілдері қазақтілді оқушылардың саны күрт өскенін уәж қылады.


Жұма, шілденің 8-і күнгі сотта екі жақ: арызданушы – оқушылар атынан олардың ата-аналары мен жауап беруші - қалалық білім басқармасының уәждері тыңдалды. Алғашқылары өздерінің «құқықтары аяқ асты болып жатқандығын» айтса, ендігілері «істерінің тек заң аясында» екендігін дәлелдемек болды.

ӨЗГЕ МЕКТЕПТЕРГЕ КӨШІРУ ЖАСЫРЫН ЖҮРІП ЖАТЫР

Теміртаудағы бұл дау – жергілікті биліктің орыс тілінде білім беретін №9 мектеп-лицейі мен №16 орта мектептерін қазақ тілді ету туралы шешімінен кейін шықты. Осының негізінде аталған мектептердегі 1200-ге жуық оқушы жаңа оқу жылына дейін өзге аудандардағы мектепке ауысуы тиіс.

Алайда көптеген ата-ана мен мұғалім мұнымен келіспей, қазіргі таңда шамамен 250-ге жуық оқушының атынан қалалық сотқа арыз түсті. Олардың адвокаты Нұрхан Жұмабековтың сөзінше, «тағы 150-ге жуық арыз канцелярияға жіберілген» екен.

Шілденің 8-і күні сотта сөз алған Нұрхан Жұмабеков, қазіргі таңда №9 мектеп-лицей оқушыларының құжаттарын автоматты түрде 14-ші мектепке көшіру процесі жүріп жатқандығын айтты.

- Бұл іс ата-аналардың рұқсатынсыз, тіпті жасырын жүріп жатыр. Сондықтан сот аяқталғанша бұл процесті тоқтатуды сұраймын, - деді адвокат.

Алайда, бұл талап әзірге қанағаттанбады. Сотта сөз алған СЭС мамандары, қаладағы қазақ тілді мектептердің талапқа сай еместігін, соған сәйкес өздерінің бір емес бірнеше рет білім басқармасына нұсқау жібергендіктерін айтты.

- Талап бойынша мектептердегі оқышулардың тығыздығы 2,5 шаршы метрге бір оқушыдан келуі тиіс. Дегенмен, қазақ тілді мектептерде оқушы көптігінен бұл талап орындалмай келеді. Біз осыған сәйкес нұсқауды жыл сайын білім басқармасына жібереміз, - деді шілденің 8-і күні СЭС өкілі Әйгерім Балапанова

Алайда бой бермеген ата-аналардың бірі өздерін көшірейін деп отырған 14-ші мектеп 9-шы мектептің барлық оқушысын қабылдай алмайтындығын айтты.
- Сіздердің айтуларыңызша 14-ші мектепке 1280 оқушы сияды. Қазір ол жерде 640 оқушы бар. Біздің мектепте 800 оқушы бар. Біз барлығымыз ол мектепке қалай сиямыз!? - деді ата-аналардың бірі Наталья Штумпф.

Алайда, білім басқармасындағылар 9-шы мектептегі барлық балалар бір ғана 14-ші мектепке көшуі міндетті емес, ата-аналар балаларын қалаған мектептеріне алып баруына болатындығын айтты.

ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ОРЫН АЗ, ОҚУШЫ КӨП

Мәселеге қатысты осыдан біраз бұрын Теміртау қаласының әлеуметтік мәселелері жөніндегі әкімнің орынбасары Юрий Жулин Азаттық радиосына түсініктеме берген-тін. Ол орыс мектептерінің қазақ метебіне айналуының бірнеше себебінің бар екендігін айтқан еді.

- Біз жасаған сараптама негізінде соңғы бес жылда қазақ тілді оқушылардың саны 1 мыңға артқанын анықтадық. Соңғы бес жылда олардың тұрақты өсімі байқалады. Бұл әрине алда да өсе бермек, - дейді әкімнің орынбасары.

Оның сөзінше, қазіргі таңда қалада 31 орта білім ордасы бар. Теміртауда 31 жалпы білім беретін мектеп бар, олардың үшеуі – қазақ тілді, 12 мектеп – аралас, яғни қазақ және орыс тілдерінде, 16-сы – таза орыс мектептері.

- Мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде екі мыңнан аса оқушы оқиды. Ал орыс және аралс мектептеріндегі балалар саны 2900. Өзіңіз байқап отырғандай тепе-теңдік мүлдем сақталмай отыр. Мәселен, біздегі кей орыс мектептері 1 мың оқушыға арналған. Ал онда бар жоғы 500 бала білім алады. Ал шамамен 500-600 оқушыға арналған қазақ мектептеріндегі оқушылар екі ауысымда оқиды. Бір сыныпта 30-35 баладан. Кей кезде кабинет жетпегендіктен кей пәндерді балалар дәлізде отырып оқыған кездер болды. Бұл соңғы бірнеше жылда болып отырған жайт, - дейді Юрий Жулин.

Ал қазақ тілді мектеп етуде неге дәл 9-шы және 16-шы мектептер таңдалып алынды деген сұрағымызға әкімнің орынбасары, тағы да сараптаманың негізінде жауап берді.

- Біздегі үш қазақ мектебі қаланың шығысы мен оңтүстік аудандарында орналасқан. Сараптаманың нәтижесінде, қазақ тілді білім алып жатқан балалардың басым көпшілігі қаланың орталығында тұратын болып шықты. Олар осыған дейін амал жоқ - орталықтан қаланың шетіне барып-келіп оқып жүрді. Сондықтан біз қаланың орталығы мен батысында да мектептер болғаны жөн деп шештік, - дейді Теміртау қаласының әлеуметтік мәселелері жөніндегі әкімнің орынбасары Юрий Жулин.

Оның айтуынша аталған екі мектептің оқушылары да, ұстаздары да мектепсіз қалмайды. Осы мақсатта «біз әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесеміз» дейді қала әкімшілігінің өкілі.

Ал қазір жүріп жатқан сотқа куәгер ретінде қатысқан Юрий Жулин, «біз құқықтық елде тұрып жатқандықтан, ата-аналардың сотқа беруге құқылы» екендігін айтады.

Қазір қала әкімшілігінің мектептерді қазақ тілді ету туралы бұйрықты жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Ал ендігі сот отырысы шілденің 12-сіне белгіленіп отыр.

Шағымданушылар бұйрықты жоюдан бөлек жауапкерден – қалалық білім беру бөлімінен – арыз беру кезінде төленген мемлекеттік баж салығы көлеміндегі ақшаны (шамамен 7 мың доллар) өндіріп алуды талап етеді.
XS
SM
MD
LG