Accessibility links

Үш тілде оқытудың дауы кезінде «ұлтты жою» да сөз болды


Орта мектептерге үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

Орта мектептерге үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

Мектептерге үш тілде оқыту жүйесін енгізуді талқылауға арналған жиын дауға ұласты. Қарсы тараптар ақыры мәмілеге келе алмай тарасты.

Маусымның 28-і күні Алматыда «Жас Алаш» газеті мен Болатхан Тайжан атындағы қордың ұйымдастыруымен орта мектептерге үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беру жүйесін енгізу жоспары жайлы жиын өтті.

Жиынға келгендердің бір бөлігі биліктің бұл бастамасын қолдамайтын адамдар болды. Ақын-жазушылар Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Мереке Құлкенов, тарихшылар Бейбіт Қойшыбаев, Талас Омарбеков, саясаткерлер Әміржан Қосанов, Айдос Сарым, Расул Жұмалы осы ауанда сөйледі.

Мектептерге үш тілде білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

Мектептерге үш тілде білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысушылар. Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

Оларға қарсы уәж айтқан жұрттың қатарында білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер отырды. Олардың арасында осы министрліктің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымының президенті Гүлнар Шамшидинова, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының басшылары, кейбір жоғары оқу орындарының ректорлары болды.

«КӨРІНБЕЙТІН ИНСТИТУТТЫҢ ҚАУПІ»

Жиын басында ақын Мұхтар Шаханов сөзін «Білім және ғылым министрлігі ұлтты жоюдың өте жақсы жоспарын жасапты» деп бастады.

- Мемлекеттік тіл мәселесі бойынша қаншама күрес жүргізілсе де, әлі күнге қауіп сейілмеген, – дейді ол.

Ал жазушы Дулат Исабеков «Қазақстан халқы билік қандай тәжірибе жасаса да көніп келе жатқанын» айта келе:

- Ұлтқа қастандық ойлап жатқан көрінбейтін бір институт бар сияқты Қазақстанда, – деді.

Орта мектептерге үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысып отырған академик Асқар Жұмаділдаев.

Орта мектептерге үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беру жүйесін енгізу жоспарын талқылаған жиынға қатысып отырған академик Асқар Жұмаділдаев.

Мектеп оқушыларына үш тілде білім беру жоспарымен келіспейтіндердің қатарында математик-ғалым Асқар Жұмаділдаев та болды.

- Менің ойымша, қазақ тілі табиғи жолмен дамып келе жатыр. Министрлік көмектеспей-ақ қойсын, кедергі жасамасын. Үш тілділікті дамытқымыз келсе, қазақ-түрік лицейлерін неге көбейтпейміз? Жұрт үш тұғырлы тілді түсінбейді. Ағылшын тілі керек, бірақ қазақ тілінің есебінен оқытылғаны дұрыс емес, - деді ол.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БІР САҒАТЫ ДА ҚЫСҚАРМАЙДЫ»

Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның айтуынша, мектепте үш тілде оқыту жүйесін енгізуден қазақ тілі жапа шекпейді.

- Қазақ тіліне қанша сағат берілсе, соның бір сағаты да қысқармайды. Бастауыш сыныптарда пәндер басқа тілде өтеді деген жоспар болмаған, – дейді ол.

Министрлік өкілінің сөзінше, көпшілік алаңдап отырған жайт 2016-2019 жылға арналған мемлекеттік оқу бағдарламасынан туған.

Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Видеодан алынған скриншот.

Талғар ауданындағы үш тілді мектептегі ағылшын тілінде өтіп жатқан математика сабағы. Алматы облысы, 16 наурыз 2016 жыл. Видеодан алынған скриншот.

- Жаңартылған білім беру жүйесі бағдарламасы 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныптан бастап енеді. 2015-2016 оқу жылында 30 мектепте осы бағдарлама тәжірибеден өтті. Нәтиже жаман емес. Бағдарламада 2017-18 жылдары 2-5-сыныптарға, 2018-2019 жылдары 3, 6, 10 және 11-сыныптарға кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту көзделген, – дейді Жаңыл Жонтаева.

Оның сөзінше 2019 жылы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан тарихын мектеп тіліне қарамастан қазақ тілінде оқыту, ал дүниежүзі тарихын 2019 жылы 1 қыркүйегінен бастап 7-сыныпқа орыс тілінде оқыту ұсынылған.

- 10-11 сыныпта барлық пәндер мектеп қай тілде болса, сол тілде жалғасады. Физика, химия, биология, информатика пәндерін 10-11-сыныптарға ағылшын тілінде оқыту ұсынылды. Бұлар жұмыс тобында талқыланып жатыр. Бәрі де – 2019 жылдың 1 қыркүйегіне жасалып жатқан ұсыныстар, – деді білім және ғылым министрлігінің өкілі Жаңыл Жонтаева.

«БАҒДАРЛАМАМЕН МҰҚИЯТ ТАНЫСҚАНДЫ КӨРЕ АЛМАДЫҚ»»

Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясы үш тілде білім беру орталығының директоры Ләйла Сырымбетова жобаланған реформаның дені 2013 жылы 1-сыныптан бастап ағылшын тілін оқи бастаған сыныптарға ғана қатысты екенін айтады.

Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының президенті Жамбыл Жылбаев (оң жақта) пен үш тілді оқыту орталығының директоры Ләйлә Сырымбетова (оң жақтан екінші). Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының президенті Жамбыл Жылбаев (оң жақта) пен үш тілді оқыту орталығының директоры Ләйлә Сырымбетова (оң жақтан екінші). Алматы, 28 маусым 2016 жыл.

- 2013 жылы 1-сыныптан ағылшын тілін оқыған оқушылар 2019 жылы 7-сыныпқа келгенде химия, биология, физика, информатика пәндері басталады. Осы кезде терминдерді ағылшын тілінде қосымша үйретеді де, 2022-2023 жылдары 10-11-сыныпқа келгенде бұл пәндерді ағылшын тілінде оқиды, – дейді ол.

Оқушылардың 10-11-сыныптарда екі бөлек бағытта – жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағытта кәсіп таңдайтындарын айтқан Ләйла Сырымбетова «жаратылыстану бағытына кеткен оқушылар екі пәнді ғана ағылшын тілінде өтеді, онда да бұл жүйеге мүмкіндігі бар мектептер ғана көшеді» дейді.

Жиынға білім беру мекемелері жағынан келгендер үш тілде оқытудың мән-жайын таратып түсіндірмек болғанымен, тыңдармандар наразылық білдіріп, олардың сөздерін жиі бөле берді.

Отырыс білім беру реформасын насихаттаушылар мен оған қарсылардың бір-бірін айыптауымен аяқталды. Білім және ғылым министрлігі өкілдері «үш тілде оқытуға қарсылар ақпаратты толық білмей отыр, министрлік сайтында жарияланған бағдарламамен мұқият танысқандарды көре алмадық» деп ренжіді. Оларға қарсы пікір айтушылар «үш тілде оқытудың бір астары бар» деп сенімсіздік білдіріп тарасты.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG