Accessibility links

Путин емес, Жириновскийге тарихты "түсіндіру"


Владимир Жириновский, ресейлік саясаткер

Владимир Жириновский, ресейлік саясаткер

Қазақстандық үш саясаткер Ресей газетінде Владимир Жириновскийге жазған хатын жариялады. Олар қазақ мемлекеттілігі туралы тақырыпқа қатысты комментарий берген.

Ресейдің «Новая газета» басылымында жарияланған «Владимир Вольфовичке ашық хатқа» қазақстандық үш саясаткер - Ғалым Әбілсейітов, Балташ Тұрсынбаев және Петр Своик қол қойған. Хат авторлары Ресей мемлекеттік думасының депутаты, әрі ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновскийге жолдауында оның Қазақстан жерін даулауға қатысты мәлімдемелер жасағанын ескертеді.

Хат авторлары «Орманды жайлаған славян тайпаларын варягтар Рюрик, Синеус және Трувор билеген заманнан, ал кейін ұлы даланы моңғол Шыңғысхан өзіне қаратқан кезден бастап Ресей мен Қазақстанның тарихы ортақ, бір-бірінен ажырамайтын біртұтас тарих екенін есіңізге салғымыз келеді» деп жазады.

Хат авторларының бірі – оппозициялық саясаткер Петр Своиктің айтуынша, негізгі екі ойды жалпы жұртқа жеткізу үшін олар хатты Жириновскийдің атына жолдаған.

«Біріншіден, орыс, қазақ мемлекеттілігінің екеуінің де тарихи негізі Орда заманынан бастау алады. Мұнда бөліске салып, таласатындай ештеңе жоқ. Екіншіден, қазіргі Қазақстан жерінің шекарасы кешелі-бүгін сызылған жоқ немесе қазіргі саяси қайраткерлер белгілеп берген жоқ. Қазақстан шекарасы 18 және әсіресе 19-ғасырда белгіленген» дейді Петр Своик Азаттық тілшісіне.

Петр Своик, қазақстандық саясаткер

Петр Своик, қазақстандық саясаткер

Бұл жайында«Ашық хатта» былай делінген: Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы шекараны тарихтың өзі белгілеп берген. «Үш ел арасындағы шекара талай мәрте ары-бері жылжып, нақтыланғаны рас, бірақ Ресейдің де, Совет Одағының да әкімшілігі демографиялық, шаруашылық, мәдени және әскери-саяси, яғни мемлекеттік тұрғыдан қалыптасқан шекараны басшылыққа алған»деп жазады Ғалым Әбілсейітов, Балташ Тұрсынбаев және Петр Своик.

Жириновскийге арналған «Ашық хат» иелері авторитарлық үш президент құрғанын мойындағанымен, Еуразия экономикалық одағын қолдайды. Бірақ олар Еуропаның мәдени, саяси және экономикалық құндылықтарынан өнеге алуға шақырады.

Орманды жайлаған славян тайпаларын варягтар Рюрик, Синеус және Трувор билеген заманнан, ал кейін ұлы даланы моңғол Шыңғысхан өзіне қаратқан кезден бастап Ресей мен Қазақстанның тарихы ортақ.

Қазақстанда туған Ресей саясаткері Владимир Жириновский нон грата тұлға ретінде жарияланған, жұрт оны жауапқа тартуға шақырып, петицияға қол жиған, тіпті Мәскеуге дипломатиялық нота да жолданған. Соңғы рет ресми Астана қыркүйекте оның «Эхо Москвы» радиостанциясына берген сұхбатында Қазақстанға қатысты айтқан мысқыл сөздеріне шамданған.

Азаттық тілшісіне комментарийінде Петр Своик «қазақ мемлекеті болмаған» деп жалғыз Жириновский ғана айтпағанына назар аударады.

«Жириновскийден бөлек, Ресей президенті Путиннің Селигердегі сөзі тағы бар. Ол Назарбаевтың «қазақ мемлекеттілігі деген құбылыс бұрын болмаған, бұған дейін ондай ештеңе болмаған» деген сөзін қайталады» дейді Петр Своик.

Биыл тамыздың 29-ы күні Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумында Нұрсұлтан Назарбаев «ешқашан мемлекет болмаған территорияда мемлекет құрып берді» деген болатын. Қазақстанда Путиннің мәлімдемесі Жириновскийдің мәлімдемесі сияқты ашық айыпталмағанымен, әлеуметтік желі форумдары мен кейбір саясаткерлер арасында қызу реакция тудырған.

Қазақстанды басқарғанына ширек ғасырдай болған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де осындай мәлімдеме жасаған. 2011 жылдың шілдесінде ол «еш уақытта қазақ мемлекеті де, мемлекеттік шекарасы да болған жоқ. Қазақ ешқашан өз таңдауымен астана салған жоқ» деп мәлімдеген болатын.

Жуырда Қазақстанда 2015 жылы тойланатын Қазақ хандығының 550 жылдығына әзірлік басталды. Қазанның 22-сі күні «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады» деп мәлімдеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерекеге дайындықты бастауға бұйрық етті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG